Қытай университеттерінде жасанды интеллект мамандығына сұраныс артты

623

Сарапшылар бұл мамандарға деген сұраныс ұсыныстан асып түсуі мүмкін деп болжайды.  

Қытай университеттерінде жасанды интеллект мамандығына сұраныс артты Фото: timeshighereducation.com

2026 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша Қытайдағы 600-ден астам жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша бакалавриат бағдарламаларын іске қосты. 2018 жылы мұндай бағдарламалар 35 университетте ғана болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жасанды интеллектіге арналған білім беру бағдарламаларының көбеюі Қытайдың ұлттық стратегиясы мен еңбек нарығындағы жоғары сұранысқа байланысты. Сәуір айында Қытайдың Білім министрлігі өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп мамандар даярлауды күшейтуге, инновацияларды дамытуға, инфрақұрылымды жетілдіруге және жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді жоспарды бекітті. Оған сәйкес, жасанды интеллект Қытайдағы барлық жоғары оқу орындарында міндетті базалық курсқа айналады. Бакалавриат мамандықтарының жаңартылған тізіміне 38 жаңа бағыт енгізілді. Олардың қатарында "Бизнеске арналған жасанды интеллект" сияқты мамандық бар.

Университеттер тек жаңа кафедралар ашумен шектелмей, оқу бағдарламаларын жасанды интеллект технологияларына бейімдеп қайта құрып жатыр. MyCOS зерттеу институтының мәліметінше, жоғары оқу орындары информатика, үлкен деректер және автоматтандыру салаларындағы қолданыстағы бағыттарды біріктіріп, жасанды интеллектіге негізделген жаңа мамандықтар әзірлеу үстінде.

Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары бұл саладағы мамандарға деген сұраныс ұсыныстан асып түсуі мүмкін. McKinsey & Company компаниясының бағалауынша, 2030 жылға қарай Қытайда жасанды интеллект саласындағы мамандар тапшылығы 4 миллион адамға жетуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу