Шың елінің ғалымдары генетикалық инженерияны пайдалана отырып, балықтың жаңа түрін – сүйектері жоққа тән сазан (тұқы) балығын ойлап тапты.
Әуесқой балықшы Сергей Коновалов сазан балығы базардағы ең танымал тауардың бірі екенін әңгімеледі. Оның түсіндіруінше, тұқы кірпияз-талғампаз емес және әртүрлі тұщы су айдындарында өмір сүре алады.
"Қолайлы су температурасында тез көбейеді және өте өнімді болып келеді. Тұщы су балықтарының ішіндегі ең өсімталы: дүркін-дүркін уылдырық шаша алатын балықтардың бірі. Аналықтары 1,5 миллионға дейін уылдырық-жұмыртқа сала алады. Әрі жеткілікті азық болса, өте тез семіреді, жылдам салмақ қосады. Сондықтан балықшылар бұл балықты аулауға әуес келеді. Мен балықты сүйсіне жеймін. Ал, әйелім ұнатпайды. Қылтаны көп дейді, бір рет тамағына кептеліп қалып, ісініп, жедел жәрдем шақыруға тура келген. Содан бері үрей пайда болса керек", – дейді Сергей.
Бұл проблеманы шығыс көршінің ғалымдары шешкенге ұқсайды. Тиісті ғылыми ашылым туралы South China Morning Post (SCMP) қытайлық газеті жария етті. Оның видеорепортажында көрсетілгендей, қытайлық ғалымдар асқа тұтыну кезінде кедергі келтіретін ұнамсыз ұсақ қылтанақтарды генетикалық инженерияның көмегімен алып тастаған көрінеді.
SCMP ҚХР-да да сазан балығы жеңсік ас, деликатес саналатынына назар аудартты. Алайда қоғамдық тамақтандыру орындары, әсіресе, мейрамханалар оған жоламауға тырысады екен.
Өйткені адамзат атаулы асыққан, алға ұмтылған қазіргі апұл-ғұпыл заманда клиенттер "көзге көріне бермейтін, бірақ жұтқыншаққа, жұмырыққа найзадай қадалатын нәзік қылтандары өте көп" деп, тұқы балығына тапсырыс бере бермейді. Қазіргі қытай ғылымы негізінен тұтынуға қызмет ететіні белгілі.
"Сол себепті қытайлық ғалымдар сүйегі жоққа тән балықтың жаңа түрін жасап шықты. Олар бұған сүйектердің қалыптасуына жауап беретін генді бұғаттап, алып тастау, генін редакциялау арқылы қол жеткізді", – делінген видеорепортажда.
Жергілікті ғалым Гуй Цзяньфанның мәлімдеуінше, сазандардың жаңа түрін жасау жобасы ақырғы кезеңіне шығып, тәмамдалуға таяды. Қазіргі кезде ғалымдар гендік модификацияланған тұқыны коммерцияландыру мүмкіндігін талқылауда.
"Алғашқысын жарып, тексеріп, жеп көрдік. Дегенімізге жеткендейміз. Басты жетістігіміз – балықты асқа қолдану кезінде жағымсыз жайттарға соқтыратын ең ұсақ қылтанақтарды жоюымыз болды", – дейді Гуй Цзяньфан.
Әрине, егер барлық сүйектерін алып тастаса, су жануары орнынан қозғала алмас, тіпті бір күн өмір сүре алмас еді. Балықтар – омыртқалы жануарлар.
"Өсімдік, балық және ара шаруашылығы өнімдерін ветеринариялық-санитариялық сараптау" атты отандық оқу әдістемелік құралында жазылғандай, сазанның қаңқасы омыртқа жотасынан, бас сүйектен, жүзбеқанат сүйектерінен, құйрық бөліктерінен тұрады. Сондықтан ғалымдар балықтың омыртқасы, қабырғалары сияқты негізгі ірі сүйектерінің бәрін сақтады.
"Тек бұлшықет арасындағы барлық ұсақ қылтанақтар жоғалды. Негізгі сүйектерді жоюға болмайды. Егер біз олардан да арылтсақ, онда балық аман қала алмайды", – деп түсіндірді Гуй Цзяньфань.
Қытайлық инноваторлардың дерегінше, балық табиғаттағыдан да әлдеқайда тез өніп-өсуі үшін де тұқының жаңа түрі гендік модификациялаудан өткізілді. Олар болашақта уылдырықтан балыққа дейін бірнеше күнде өсіріп шығуға қол жеткізуге ниетті.
Балықтың гендік "түзетілген" сортының адам геніне қалай әсер ететіні, адам ағзасына қауіпсіздігі белгісіз. ҚХР ғалымдары бұған қатысты зерттеу жүргізбеген. Табиғи болмағандықтан қауіп-қатерінің болуы да ғажап емес.
Оның орнына қытайлық ақпарат құралдары жаңа ғылыми ашылымды "аквамәдениеттегі ірі ілгерілеу", "азық-түліктік қауіпсіздікті күшейтудің бір тәсілі", "балық өндірісі мен тұтынысы үшін жаңа мүмкіндік" деп дәріптеп жатыр, деп жазады вьетнамдық Báo Dân trí газеті.
Өз кезегінде басылым қытайлық CGTN агенттігіне сілтеме жасап, қытайлық ғалымдардың "Гибелио мөңкесінің" ("Карась Гибельский", Carassius gibelio) сүйексіз түрін жасағанын хабарлады. Қытай ғылым академиясының "Нақты жобалау және селекция" бағдарламасы аясында жүргізілген қарқынды зерттеу 6 жылға созылған.
Оның қорытындысында алынған мөңке балығының жаңа сорты "Чжункэ №6" деген атауға ие болды. Мөңке балығы жағымды дәмі, жұмсақ және сіңімді еті үшін Азияда жоғары бағаланады. Алайда ол да қылтанақты болып келеді: оның бойында Y тәрізді 80-нен аса ұсақ қылтанақ бар. Олар бұлшықет талшықтарының арасында "жасырылған".
Оларды алып тастау үшін Қытай ғылым академиясының зерттеу тобы алдымен мөңке балығының геномының күрделі картасын дешифрлеп, құпиясын ашқан. Нәтижесінде, дене-тұрқының қаңқа жүйесін қалыптастырудың бағыттарын анықтайтын "сәулетші-архитектор" генді – runx2b генін тапты.
Содан кейін мамандар арасында "молекулярлы қайшы" аталып кеткен CRISPR-Cas9 технологиясын пайдалана отырып, ханзулық ғалымдар бұл балық түрінің ұрық-эмбрионалды даму сатысында аталған генді алып тастады.
Осылайша, ұсақ сүйектердің дамуын айқындайтын "бағыттауыш" ген толығымен жойылды, ал, балықтың негізгі қаңқа жүйесі қалыпты түрде дами берді. Сондықтан "Чжунке №6" балығы өзінің берік сүйек құрылымын сақтапты, бірақ жеген кезде адамдарға проблема тудыруы мүмкін ұсақ сүйектерсіз қалған.
"Чжунке №6 тұқымы тамақты талғап жемейді, қарапайым, көнбіс. Оны азықтандыру оңай, аз жеп, көп салмақ жинайды. Бұған қоса, ол өнімді, ауруға төзімді. Бұл балық түрі тұқымдастарымен қысыла-қымтырыла тұратын шағын тоғандарда да жақсы өседі, азықты аз қажет етеді, бірақ ақуыздың жоғары мөлшерін қамтамасыз етеді. Зерттеушілер Чжунке №6 Қытайда негізгі өнеркәсіптік балық тұқымдарының біріне айналады деп күтуде. Бұл қытай аквамәдениетінің өндіріс тиімділігін арттыруға және шығындарды азайтуға ықпал етеді", – деп мәлім етті CGTN агенттігі.
Адам денсаулығына қауіпті-қауіпсіздігі белгісіз болғандықтан бұған қуана қол соғу қиын.