Қытай жасанды интеллект арқылы тайфундар мен дауылдарды алдын ала анықтамақ

157

Бұл мамандарға тайфундарды бақылау мен олардың қозғалысын болжауға көмектеседі.

Қытай жасанды интеллект арқылы тайфундар мен дауылдарды алдын ала анықтамақ Фото: ЖИ

Қытай бейсенбі күні Хунань провинциясының әкімшілік орталығы Чанша қаласында өткен спутниктік деректерді пайдаланушылар конференциясында "Фэнъюнь" метеорологиялық спутниктерінен алынған мәліметтер негізінде ауа райының экстремалды құбылыстарын болжауға арналған жасанды интеллект модельдерінің алғашқы топтамасын таныстырды.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Қытай метеорологиялық басқармасының мәліметінше, ұсынылған модельдер қатарында тайфундардың бұлттық кескіндерін интеллектуалды талдау жүйесі және күшті конвективті құбылыстарды аса қысқа мерзімде болжау моделі бар. Жаңа технологиялар "Фэнъюнь" спутниктерінің тайфундар мен жойқын конвекция сияқты қауіпті метеорологиялық құбылыстарды бақылау және олар туралы алдын ала ескерту мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.

Аса қысқа мерзімді болжам – метеорологияда ауа райының алдағы бірнеше сағаттағы өзгерістерін алдын ала анықтау үшін қолданылатын әдіс.

Таныстырылған тайфундардың бұлттық кескіндерін талдау моделі олардың орналасқан жерін, құрылымын, қарқындылығы мен қозғалыс динамикасын автоматты түрде анықтайды. Сонымен қатар жүйе талдау нәтижелерін стандартталған мәтін түрінде ұсынып, көрнекі материалдар қалыптастырады. Бұл мамандарға тайфундарды бақылау мен олардың қозғалысын болжауға көмектеседі.

Қазіргі уақытта модель тайфундардың жеті түрлі сипаттамасын анықтай алады. Талдау әр 15 минут сайын жүргізіліп, нәтижесі бар болғаны 27 секундта дайын болады.

Ал күшті конвективті құбылыстарды аса қысқа мерзімде болжауға арналған модель "Фэнъюнь-4" метеорологиялық спутнигінің соңғы екі сағаттағы үздіксіз бақылау деректерін пайдаланады. Жүйе бұлт жамылғысының алдағы өзгерістерін талдап, күшті конвекция болуы ықтимал аймақтарды анықтайды. Соның нәтижесінде қауіпті ауа райы құбылыстары басталмай тұрып, төрт сағат бұрын ескерту жасауға мүмкіндік туады.

"Фэнъюнь" сериялы метеорологиялық спутниктер Қытайдың кешенді метеорологиялық бақылау жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуына байланысты спутниктерден алынатын ауқымды деректерді жедел өңдеу және ауа райының өзгеруіне қатысты маңызды ақпаратты анықтау метеорологиядағы басым бағыттардың біріне айналып отыр.

Қытай метеорологиялық басқармасының хабарлауынша, бүгінде Қытайдың "Фэнъюнь" сериялы 10 метеорологиялық спутнигі орбитада жұмыс істеп тұр. Олардың деректерін әлемнің 141 елі мен аймағы пайдалана алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу