Қытайда демографиялық дағдарыс қылаң берді

4325

Елде туу көрсеткіштері төмендеп, жұмысшылар азайып, қоғам қартайып, экономикалық өсімнің болашағына қауіп төніп тұр.   

Қытайда демографиялық дағдарыс қылаң берді

Қытайда халық санының өсу көрсеткіші 1950 жылдардан бергі ең төменгі деңгейге түсіп,  Бейжіңнің болашақта экономиканың қарқынын әрі қарай ұстап тұра алатынына күмән туғызып отыр. Өйткені, бұл мемлекет те Жапония сияқты дамыған елдерге әсер еткен қартаю тенденцияларына душар бола бастады.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының аяғында "бір бала" саясаты енгізілгеннен бері Қытайда өсім баяулады. Ал, сейсенбіде елдің онжылдықта бір мәрте жүргізілетін санағының нәтижелері жарияланды. Оларға жүгінсек, Қытайдың материктегі тұрғындарының саны 5,38 пайызға өсіп, 1,41 миллиардқа жеткен. Бұл - 1953 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Жаңа деректерге сай, Жапония мен Италия тәрізді қартайған қоғамдардағыдай Қытайда да тек 2020 жылдың өзінде бір әйелге шаққанда 1,3 бала туу коэффициенті байқалған. Осы жерде Қытай саясаткерлерін алаңдататын бір жайт сол - әлемнің екінші  экономикасы ел тұрмысын G7 мемлекеттеріндегідей дәрежеге әлі жеткізбеген шақта  халық саны қайтымсыз қысқарып бара жатыр.

Қытай 2016 жылы өзінің туу коэффициентін 1,8-ге жуық етіп, 2020 жылға қарай халқының санын 1,42 миллиардқа дейін ұлғайтуды жоспарлаған еді. Соңғы статистика бұл мақсаттың орындалмағанын көрсетіп берді. 2016 жылы Қытай "бір бала" саясатынан бас тартып, екі балалы болуға жол ашты.

Демографияның күрт нашарлауы ерлі-зайыптылардың көбірек балалы болуына жағдай жасау жайлы қысымды күшейтеді деген болжам бар.  -

"Халықтың соңғы жылдардағы даму тенденциясын ескеретін болсақ, болашақта ел тұрғындары санының өсуі баяулайды", - дейді ҚХР Ұлттық статистика бюросының басшысы Нинь Цзычэ санақ нәтижелері шыққаннан кейін сөйлеген сөзінде.

"Қытай халқының саны өзінің шарықтау шегіне болашақта  жетеді, бірақ оның нақты уақыты әлі белгісіз", - деді тағы бір мәлімдемесінде Нинь.

Шыңға 2030-да жете ме?

Соңғы айларда Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары алдағы бірнеше жылда халық саны қысқаратыны туралы болжамдар айтып жүр. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының пайымдауынша, материктік Қытайда өмір сүретіндердің саны 2030 жылы өз шыңына жетіп, кейіннен бірте-бірте азая бастайды.

Бірақ, сәуірдің соңында Financial Times газеті белгісіз адамдарға сілтеме жасап, Қытайда халық саны іс жүзінде арғы жылмен салыстырғанда былтыр қысқарғанын хабарлады.

Бұл жолғы санақ Қытайда жастардың күтпеген жерден көбейгенін анықтап берді: 2020 жылы 14-ке толғандар мен олардан кішілердің халық арасындағы үлесі 17,95 пайызға жеткен. Ал, 2010 жылы бұл көрсеткіш 16,6 пайыз ғана еді.

2016-2019 жылдары Қытайда туу коэффициенті төмендеді. Ал, өткен жылы мұнда 12 миллион бала дүниеге келіпті. Салыстырып көрсек, 2019 жылы Қытайда 14,65 миллион бала туған.

"Қытайда туудың жаппай төмендеуін анықтау үшін жарияланған санақ мәліметтері қажет те емес. 2020 жылы бұл ел халқы азаймаса да, оның кему тенденциясына  2021 немесе 2022 жылдары бәрібір куә болып қаламыз", - дейді Бейжіңде орналасқан "Қытай және жаһандану" орталығының демографиялық сарапшысы Хуан Вэнчжэн.

Тағы бір айта кететін жайт, жаңа санақ Қытайды ең көп қоныстанған ел ретінде 2025 жылға дейін Үндістанның басып озатынына сенімді нығайтып отыр. Бұған қоса, былтыр БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті Үндістан тұрғындарының саны 1,38 миллиардқа жеткенін және үнділердің 2025 жылға дейін жыл сайын 0,9 пайызға көбейетіні жайындағы болжамын жария етті.

Қымбатшылық

Қалалық ерлі-зайыптылар, әсіресе, 1990 жылдан кейін туғандар, өздерінің тәуелсіздіктері мен қызметін отбасын құрудан жоғары қояды. Ата-аналары балалы болуға мәжбүрлеп жатса да, олар үйленуге асығар емес.  

Сонымен қатар, Қытайдың үлкен қалаларында өмір сүру шығындарының көбеюі де жас жұбайларды перзент сүюден бас тартуға мәжбүрлеп отыр.

Мемлекеттік сараптама орталығының 2005 жылғы есебіне сәйкес, Қытайдағы қарапайым отбасыға бір бала өсіру үшін 490 000 юань (74 838 доллар) қажет болған. Ал, жергілікті БАҚ-тың дерегінше, 2020 жылға қарай бұл шығындар 1,99 миллион юаньға дейін немесе 2005 жылғыдан төрт есеге артқан.

"Балалы болу - менің жасымдағы әйелдердің қызметте өсуіне ауыр соққы. Екіншіден, бала өсірудің құны шектен тыс жоғары. Босанғаннан кейін бірден бостандықпен қоштасуға тура келеді", - дейді Шанхайда тұратын 26 жастағы сақтандыру маманы Энни Чжан Reuters агенттігіне берген сұқбатында.

Қытайда жұмыс істейтін ересектердің азаюы еңбекке қабілетті халыққа қысымды күшейтіп және өндірістік өнімділікті төмендетіп қана қоймай, үкіметтің қартайған елге қамқорлық жасау қабілетін де тексерістен өткізейін деп отыр. 

Соңғы мәліметке қарағанда, Қытайда 65-ке толғандар мен одан үлкендер 2020 жылы халықтың 13,5 пайызын құраған. Ал, 2010 жылы мұндай жастағылардың саны 8,87 пайызға -ға әрең жеткен еді.

Ер адамдар 33 миллионға көп

Жапония, Германия және басқа да бай елдерде жұмыс күші азайып, қоғам қартайып барады. Бірақ, олар зауыттарға, технологияларға және шетелдік активтерге инвестиция тарта алады. Керісінше, Қытай – ауылшаруашылығына сүйенген және өндірісі көп еңбекті қажет ететін орташа табысты ел.

"Еңбекке қабілетті халықтың азаюы Қытайдың потенциалдық экономикалық өсімін шектейді", - дейді Economist Intelligence Unit компаниясының өкілі Юе Су өз баяндамасында.

Алайда, Қытайдың Оңтүстік Кореядағы, Таиландтағы және Азияның басқа экономикаларындағы тенденцияларға сәйкес туу коэффициенті "бір бала" саясатынан бұрын-ақ құлдырай бастаған. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, Қытайда бір анаға шаққандағы балалардың орташа саны 1960 жылдары алтыдан жоғары болса, 1980 жылға қарай үштен төмендеп кеткен.

Қытайда ұлдарға деген ықылас ата-аналарды нәресте қыздарды өлтіруге мәжбүр етіп, миллиондаған ер адамды әйел таба алмау қаупіне душар етті. Мәселен, бейсенбіде жарық көрген деректерге жүгінсек, Қытайда ер адамдардың саны әйелдерден 33 миллионға асып кеткен.

Дегенмен, биліктегі партияның есебінше, тууды шектеу нәтижесінде 400 миллиондай адам өмірге келмей, Қытай азық-түлік пен су тапшылығы дағдарысынан аман қалды. Бірақ, кейбір демографтардың пікірінше, Қытайда туу бақылауға алынбаса да халық саны бірнеше миллионға ғана өсер еді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу