Қытайда биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 3,28 млн неке тіркелді. Былтырғы көрсеткіш – 3,54 млн. Тиісті ақпаратты Азаматтық істер министрлігі жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жергілікті басылымның жазуынша, биыл алғашқы алты айда 1,38 млн неке бұзылған. Былтыр дәл осы кезеңде тиісті көрсеткіш 1,33 млн болған. Яғни, ажырасу саны 52 мыңға артқан.
Некеге тұру көрсеткішінің төмендеуі 2025 жылдың мамырында енгізілген өзгеріске қарамастан байқалып отыр. Жаңашылдық бойынша ерлі-зайыптыларға тұрғылықты жеріне қатысты шектеулер алынып тасталып, елдегі кез келген азаматтық істер бөлімінде некені тіркеуге мүмкіндік берілді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қытайда жыл сайын тіркелетін некелер саны 2013 жылғы ең жоғары көрсеткіштен (13,47 млн) кейін төмендей бастаған. 2019 жылы көрсеткіш 10 млн-нан төмендеді. 2021 жылы 8 млн-нан, ал 2022 жылы 7 млн-нан төмендеп, 6,84 млн-ға дейін түсті. 2023 жылы бұл көрсеткіш қайта өсіп, 7,68 млн-ға жеткен.