Қытайдың қарызынан бас тарттық – Алтай Көлгінов

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8273

LRT құрылысына Халық банк көмектесетін болды.

Қытайдың қарызынан бас тарттық – Алтай Көлгінов Фото: sputniknews.kz

Бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы жеңіл рельсті көліктің (LRT) құрылысына қатысты пікір білдірді.

"Бұған дейін айтылғандай, біз қытайлық қарыздан бас тартып, 800 млн АҚШ долларын үнемдедік. Жобаны жүзеге асыру үшіг Халық банктен 3 пайызбен 500 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз алатын болып келістік. Сондай-ақ "Бәйтерек" холдингінен 100 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат алатын болдық. Бұл қаражат жұмысты бастауға жеткілікті", – деді Алтай Көлгінов.

Еске сала кетейік, кезінде Астанада LRT-ны салу үшін мемлекеттің кепілдігімен Қытайдың Мемлекеттік даму банкінен 1,5 млрд доллар көлемінде қарыз алынған болатын. Оның 344 млн доллары құрылысқа жұмсалып кеткен. Қытайлар қазақтарға қарыздың бестен бір бөлігін ғана жолдап үлгерген.

Оның үстіне Қытайдан алынған қарыздың бір бөлігі қазір жұмысын тоқтатқан "Астана банкінде" қалып қойғаны анықталды. Елорда әкімдігі құрған жеңіл рельсті көлік жобасына жауапты "Астана LRT" ЖШС Қытайдан келген кредиттің 89 млрд теңгесін "Астана банкінің" депозитіне орналастырған. Биылғы мамыр айында "Проблемалы кредиттер қоры" оның тек 3,4 млрд теңгесін қайтарып алды. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың пікірінше, 90 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың ең көп дегенде үштен бір бөлігі ғана қайтарылуы мүмкін. Демек, қалған миллиардтаған қаражатты мемлекет шығынға жатқызуға мәжбүр болмақ.

Рельсі жеңіл болғанымен, жолы ауыр LRT құрылысын жалғастыру және аяқтау үшін мемлекет құнды қағаздар шығарып, оларды биржада саудаламақ. Сол арқылы кезекті рет қарыз тартылады деп күтіліп отыр. Егер "LRT Астана" облигацияларына инвесторлар қызығушылық танытса, 1,5 млрд доллардай қаражат тартылуы қажет. Оның 344 млн доллары Қытай алдындағы берешекті жабуға жұмсалады. Қалған 1,2 млрд доллар құрылысқа бағытталмақ.

Осылайша, бас қаладағы шағын "пойыздар" 2020 жылдың маусым айында-ақ жүйтки бастайды деген жоспар бар.

Көлік жобасы 18 стансадан, 19 жылжымалы құрамнан және астананың халықаралық әуежайы жанындағы деподан тұратыны мәлім болды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу