Қытайдың тірлігі Ертіс өзенінде апатты ахуал қалыптастырды ма?

3609

Ресейлік мамандар дабыл қағып жатыр. Біздің шенеуніктер мен экологтар жайбарақат отыр. 

Қытайдың тірлігі Ертіс өзенінде апатты ахуал қалыптастырды ма? Фото: egemen.kz

Ертісте бүгінде аса қауіпті жағдай қалыптасты. Қытайдан бастау алып, қазақ елі арқылы РФ аумағына жететін алып дария қатты таязданып кеткен. "Вести Омск" телеарнасының хабарлауынша, Омбыда өзен суы деңгейінің қатты құлдырағаны сонша, оның бойымен жүк және жолаушылар тасыған кемелерге қайраңдап қалу қатері төнді. Ертісті еміп, мол табыс табатын ресейлік балық шаруашылығы кәсіпорындары да банкрот болуы мүмкін.

Сондықтан көршінің сарапшылары алаңдаушылығын білдіріп, ақпарат құралдарына шықты. Олардың айтуынша, Ертіс суының осынша азаюы соңғы ширек ғасырда болмапты.

Ертіспен жүзетін кемелер қайраңға түсіп, қаңтарылып тұрып қалмауы үшін таситын жүгін күрт төмендетіп, жеңіл-желпі күйде қатынауға мәжбүр. Өйткені су деңгейі кеме қатынасы үшін төтенше төмен межеге дейін түсті.

"Баржалар 2 830 тоннаға дейін жүк көтере алады. Бүгінде оларды әрі кетсе 2 мың тоннаға ғана жүктей аламыз. Тиісінше, тапсырыс берушілер 800 тонна жүгін уақытылы ала алмайды. Біз де қомақты табысымыздан айрылудамыз. Сондықтан логистиканы қайта құруға, қосымша рейстер жасауға тура келуде", – деді Омбы өзен портының бас директорының жүк және коммерциялық жұмыс жөніндегі орынбасары Константин Кочанов.

Егер дария одан әрі құлдырай берсе, кеме-баржалар мүлдем тоқтап қалмақ.

Фото: Ақмаржан Әділбек

Бұған қоса, "Обь-Ертіс қоршаған ортаны мониторингтеу және гидрометеорология басқармасы" федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесінің мамандары өзендегі ахуал нашарлауы мүмкін деп ескертіп отыр. Аталған басқарма бастығы Наталья Криворучко 27 шілдеден бастап, Омбы облысындағы Черлак кенті ауданында су деңгейі "қауіпті құбылыс межесіне" жеткенін хабарлады. Одан төмен түсіп кетсе, кеме қозғалысын доғаруға тура келмек. Ертіс деңгейінің Ресейде рекордтық құлдырауы 1982 жылы тіркеліпті. Сонда судың тереңдігі 1,5 метр ғана болды. Қазіргі уақытта 2 метрден шамалы жоғары.

Жалпы, Ертістің Қазақстанда да қатты таязданып қалғанын білу үшін ғалым болудың қажеті жоқ. Ол көзге ұрып тұр: су жағадан көп кері шегініп кетті.

 Фото: Зоология институтының архиві

Солтүстік көршінің Омбыдағы, Түмендегі, Свердловтағы және басқа облыстарындағы жергілікті биліктері шұғыл шаралар қабылдауда: барлық кеме-баржалар минимум бойынша тиелуге міндеттелген. Сондай-ақ арнайы техника жұмылдырылып, өзеннің түбін, арналарды тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түмен облысындағы ахуал тіпті күрделі: онда Ертіс бассейніне жататын Түре (Тура) өзені құрғап қалудың қарсаңында тұр. Өзенде жүк артылған алып баржалар қайраңға отырып қалды. Сонымен қатар жолаушылар таситын теплоходтар тоқтады. Осыған байланысты онда төтенше жағдай жарияланды.

Гидрометеорологтардың түсіндіруінше, Ертіс өзенінің құрғауының бірнеше себебі бар. Бастысы – жер шарының қызуының көтерілуі, аномальды аптаптың орнауы. Екіншіден, Ертіс өзенінің бастауында отырған Қытай оның бойына қаптатып бөгендер салып алды. Оның бәрі өзенді буып, суды бізге қарай шым-шымдап жіберіп отыр. Шың еліне тісі батпайтын Ресей пропагандасы Ертістің таяздануына Қазақстанды айыптап жатыр.  

"Қазақстан суды аз жіберуде. Салдарынан Ертіс қана емес, оның бассейніндегі Тобылдың, Сібір өзендерінің деңгейі төмендеп барады", – дейді олар.  

Бұл жерде Қазақстанның өзі "құрбан" болғалы тұр. Мысалы, Шығыс Қазақстанда Ертіс қатты таяздануда. Шемонаиха ауданында жағалаулар жалаңаштанып қалуда. Өскеменде де жаз бойы жағалауды жағалап, тынығатын қалалықтар өзеннің аянышты халінен шошынды.

Первомай ауылдық округі маңында Ертістің сағасы құрғап қалуға таяған. Оның ортасында шағын аралдар пайда болды. Ертістің кәусарымен күн көріп келген ауылдықтар ауызсусыз қалды. Сорғылар жұмыс істемейді. Коммуналдық қызметтердің де қылар қайраны жоқ.

Ауылдардың тұрғындары жаз бойы бақша егіп, кәсіпкерлері егін салып, қысқы азығын, азын-аулақ табысын қамдайтын. Енді кір жуып, жуынуға да су таппай қиналуда. Тұрғындар судың мұнша азаюы бұрыннан болмағанын айтады. 

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, биыл Бұқтырма су қоймасы да тартылып барады. Су жағалаудан бірнеше метр қашты. Үлбі өзеніне құрғау қаупі төнді.

Фото: birds.kz

Ертістің қазақстандық бөлігінде де кеме қозғалысында қиындықтар басталды.

Отандық мамандар болса, мұны "циклмен", табиғи құбылыспен түсіндіріп, жұртшылық пен сарапшыларды сабырландыруға тырысты. Қазіргі күрделі жағдайды Ертістің тарихта дүркін-дүркін таязданып, соңынан толысып отырғанымен түсіндіргісі келеді. Бірақ тарихта қытайдың қаптаған плотиналары дарияны "қылғындырмағанын" ескермейді.

"2020 жылдан бері судың тартылу циклы басталды. Соның салдарынан барлық су объектілерінде су аз. Тіпті Қазақстандағы ең көп сумен қамтылған шығыс өңірлерде шағын өзендер, бұлақтар, су қоймалары кеуіп қалды. Мысалы, біздегі Жарма ауданын сумен жабдықтап келген көлемді көл болатын. Ол да былтыр толығымен құрғап қалды. Су кемитін циклдағы жылдарда осындай жағдай қалыптасады", – деді Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Ернар Мәдиев.

Оның түсіндіруінше, ең құрығанда Ертістегі Бұқтырма су қоймасында су деңгейін сақтап қалуға күш салынуда, алайда оған құйылатын өзен сағаларының таяздануы немесе мүлдем кеуіп қалуы салдарынан оны жасау қолдан келмей тұр. 

Содан өңірдегі қалаларды сусыз қалдырмау үшін үнемдеу шаралары енгізілген. Гидроэлектр станциясының каскадтары минималды режимдерде жұмыс істеп жатыр.

Маманның пікірінше, Ертістің суының қайтуының бір себебі – соңғы жылдары Қытай мен Қазақстанды жайлаған қуаңшылық, қыста қардың аз жаууы.

Қалай болғанда, Ертіс және басқа да өзендеріміздегі су деңгейінің алапат төмендеуі қашан тоқтайтынын ешкім білмейді. Тоқтайтынына, мүлдем сарқылмайтынына да еш кепіл жоқ.

География және су қауіпсіздігі институтының дерегінше, 1895–1960 жылдар кезеңімен салыстырғанда қазіргі кезде Қазақстан аумағындағы өзен ағысы 12,5 текше шақырымға азайды. Мұның қаншалықты апат екенін мына салыстырудан түсінуге болады: республикадағы бүкіл бассейндердің жалпы көлемі небары 54,4 текше шақырым ғана.

Бұл кемудегі Ертістің үлесі үлкен: егер өткен ғасырларда оның Қазақстандағы көлемі 28,5 текше шақырым болса, бүгінде 26,5 текше шақырымы ғана қалды. Институт оның суының сапасы төмендеп бара жатқанына назар аудартады. Демек, Үкімет су сапасын жақсарту шараларын да қолға алғаны жөн.

Сарапшылар Шығыс Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Қазақстанның, соның ішінде Астананың да өнеркәсіптік және шаруашылық-ауыз су қажеттіліктері Ертіс өзеніне тәуелді екеніне назар аудартады. Ол осы аумақтағы өзен-көлдерді нәрлендіретін донор болып табылады. Ертіс құрғаса, осы аумақтың бәрі Африканың Сахарасына айналып шыға келуі мүмкін. Бұл аумақтағы Нұра-Сарысу өзенінің су шаруашылығы бассейніне ауыр жүктеме түсіп тұр. Ертіс сарқылса, ол оның орнын баса алмайды, соның кебін құшуы ықтимал.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті де ахуалдың күрделі екенін жасырмады. Өйткені географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның 8 су шаруашылығы бассейнінің 7-еуі трансшекаралық болып табылады. Соның салдарынан Қазақстан негізінен көрші елдердің: Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы саясатына қатты тәуелді болады.

"Соңғы онжылдықта көрші елдер жіберетін өзендер суларының ағыны 17,2 текше шақырымға дейін қысқарып, 51,5 текше шақырымы ғана қалды. Отандық су балансындағы ең шиеленісті су шаруашылығы саналатын Арал-Сырдария бассейнінде Өзбекстан тарапынан жіберілетін су бірден 38%-ға (10,2 км3), Шу-Талас бассейнінде Қырғызстан тарапынан – 32%-ға (1,3 км3) кеміді. Ресей Федерациясы тарапынан Жайық-Каспий бассейнінде – 15%-ға (1,3 км3) кеміді. Қытай тарапы Ертіс бассейні бойынша ағынды 21,5%-ға (2,1 км3) құлдыратты. Сондай-ақ ҚХР тарапы Балқаш-Алакөл бассейні арқылы беретін су ағынын 15,3%-ға (2,3 км3) азайтты. Мұның бәріне Қытай аумағындағы антропогендік қызметтердің кесірі тиіп отыр", – деп түсіндірді Су ресурстары комитетінің мамандары.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұған Қытайдың қаптаған бөген тұрғызып, суын бұрып, бізге келетін өзендерді сұйылтуы себепкер.

Комитет пен отандық ғалымдардың таяу болашаққа қатысты байламдары төбе шашты тік тұрғызады: "Болжамдар бойынша 2029 жылға қарай Қазақстан аумағындағы трансшекаралық ағындар тағы 5 текше шақырымға қысқарады".

"Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады" дегендей, Қытайдың тірлігіне көз жұма қараған Мәскеу болашақта "қазақтар бізге су бермей отыр" дегенді қақтығысқа сылтау етпесе, болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу