Қытайға бет алған мыңдаған тонна жемазық босқа шірігелі жатыр

17879

Жем-шөп экспортына тыйым салынса, инвесторларға қиын тимек. 

Қытайға бет алған мыңдаған тонна жемазық босқа шірігелі жатыр

Еліміздегі бірнеше өңірде төрт түлік малдың тіске басар азық таппай, жаппай қырылуы Үкіметті тосын шараға итермеледі. Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстаннан жемазық атаулыны шетелге экспортқа шығаруға тыйым салу мәселесін пысықтауда. Бұл онсыз да пандемия шектеулерінен қажыған отандық кәсіпкерлердің еңсе тіктеуіне қосымша тоспа болуы мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz.

Осы мәселеге алаңдаған ауыл кәсіпкерлері Үкімет мүшелеріне шағым жазуда. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында қызметін жүргізетін "Kazmeal" ЖШС еліміздегі сусымалы құрама жем, қоспа жем шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. Пандемияға дейінгі "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" кезеңде зауыт дәуірлеп тұрды. Ол жылына 360 мың тоннаға дейін жемазық өндіріп, толығымен дерлік шетелге сататын.

Алайда былтырғы наурызда елде төтенше жағдай енгізілгенде, көптеген кәсіпорын дағдарды. Солардың қатарында "Kazmeal" ЖШС да карантиндік шектеу шараларына ұшырап, 2020 жылғы көктемнен күзге дейін жұмыссыз қаңтарылып тұрды. Мұндай аса қатаң күйзеліске жолығатындарын бизнесмендердің ешқайсысы болжап білмеген.

"Біздің компанияның штатында өнім өндірісімен айналысатын 120 жұмысшымыз бар. Өткен жылы мемлекет шектеу шараларын енгізіп, күзге дейін жұмысымызды тоқтатқанына қарамастан, біз жалақыны, барлық салық түрін төлеу, әлеуметтік жарналарды аудару бойынша міндеттемелерімізді толық орындадық. Кәсіпорын ауыр қаржылық жағдайға душар болды. Осы алып зауыттың құрылысына 2,5 млрд доллар көлемінде қаражат инвестицияланған болатын. Шетелден жаңа әрі аса қымбат құрал-жабдықтар, қондырғылар сатып алдық. Мемлекет сол үшін заң бойынша қарастырылған субсидияларды да бермеді", – деп қапаланады "Kazmeal" ЖШС басшысы Дәулет Мұратұлы.

Кәсіпкерлер өткенге өкініш білдіріп, қол қусырып қарап отырған жоқ. Бизнесіне қайта жан бітіруге күш салуда.

"Қытай компаниясымен 20 мың тонна көлемінде өнім жеткізу туралы келісімге қол қойдық. Біз өнімнің осы бүкіл көлемін 1 ай ішінде өндіруге және жеткізуге дайын едік. Алайда тағы да түйткілдер туындады, ҚХР теміржолдары Қазақстан тарапынан вагондарды уақытылы қабылдамай, өткізбей қойды. Салдарынан, тауарды жеткізу 10 айға ұзады. Осы мерзімде теміржол көлігімен жалпы саны 400 вагон толы өнімді жөнелттік", – деп әңгімелейді бизнесмен.

Дегенмен, қазіргі кезде қытай жағындағы клиентке 400 вагонның тек 252-сі жетіп, өнімі түсірілген екен.

"Бүгінде тапсырыс берушіге барар жолда дайын өнім тиелген 148 вагонымыз қараусыз, иесіз тасталған. Содан кәсіпорнымыз осы факті кесірінен алапат шығын шегуде. Бұған қоса, "Казмилге" экспедиторлық компания да өз айыппұл санкцияларын салды. Компанияда берешек жиналып отыр", – дейді Дәулет Мұратұлы.

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, Ауыл шаруашылығы министрлігі мал азығын, жем-шөпті елімізден шетелге экспорттауға шектеу шараларын әзірлеп жатқан көрінеді. Ол енгізілсе, осы солтүстікқазақстандық кәсіпорын сияқты бизнес нысандары банкрот болуы ғажап емес.

"Kazmeal" 100% экспорттық компания болып табылады, өйткені оның бірегей құрамы бар өніміне Қазақстанның ішкі нарығында сұраныс аз. Оның үстіне бұл өнімге мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Бізге сондай-ақ инвестициялық субсидия, жеңілдікті несие, өзге де артықшылық-привилегиялар берілмейді. Арзандатылған шикізат жеткізілмейді. Осы жағдайда кәсіпорын өз міндеттемелерін орындау үшін табысын табысына әзер жалғап келеді. Ал егер экспортқа шектеу енгізілсе, зауыт жұмысын тоқтатады. Компанияның қызметі дағдарысқа ұшырайды. Онда қызметкерлерді жұмыстан шығаруға мәжбүр боламыз. Сондықтан биліктен бизнес үшін қиын шақта экспортты шектеу шараларына жиі жүгіне бермеуді сұрар едік", – дейді кәсіпкер.  

Ол Үкімет осындай мәселелерді жабық есік жағдайында қарамай, сала бизнесмендерін, кәсіпорын басшыларын кең тартып, талқылауы қажет деген пікірде.

Шынында, қазіргі кезде Қазақстанда бизнес жүргізу саласы тәуекелге тұнып тұр. Өніммен шекараны кесіп өтуге қатысты проблемалар да титықтатуда. Мысалы, Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдайды үнемі қадағалап отырған "Golden Bridge Partners" халықаралық көлік-логистикалық компаниясы сарапшыларының болжамынша, кедендегі, шекара өтпелеріндегі вагондардың кідіруіне, кешігуіне қатысты жағдай биылғы жылғы тамыз айында да жалғасуы мүмкін.

"Қытайдың ішкі станцияларынан Қазақстанға және ТМД елдеріне бағытталған жүк тасымалдаушы теміржол контейнерлер де кешігіп жатыр. Бұған бірнеше фактор түрткі болуда. Мысалы, Еуропаға бет алған рейстер артқан, тиісінше, Қытайдың ТМД және Азия елдеріне арналған рейстерінің саны қысқартылды. Бұдан бөлек, ҚХР-дың оңтүстігінде, Шэньчжэнь және Гуанчжоу провинцияларында COVID-19 індетінің қайта өршуі де жүк жеткізу ахуалына тікелей әрі кері әсер етуде. Жүк көліктерінің жүргізушілерінен теріс нәтижесі бар өзекті ПТР-тест талап етеді. Шекаралық станциялар мен жөнелту станцияларында жүк контейнерлерін тексеру шаралары күшейтілді", – дейді халықаралық логистикалық компаниясының басшысы Болатбек Дәлелханұлы.

Оның байламынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы автомобиль тасымалының ішінара қайта жанданғанына қарамастан, бәрібір теміржол тасымалына түсетін жүктеме өсуде. Жөнелтуші, тораптық және шекаралық станцияларда карантиндік режимнің екі жылдан бері күшейтілген күйде қалуы жағдайды күрделендіруде. Өйткені өтпелерде іске тартылған станциялық және кедендік қызметшілер саны мейлінше қысқартылған.

Жалпы жағдай ауырлай түспесе, әзір жеңілдейтін сыңай байқатпайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу