banner

Қытайға Ресей не үшін қажет?

2718

Америкалық барлаушылардың жетекшісі бұл сауалға Сенат комитетінің алдында жауап берді.

Қытайға Ресей не үшін қажет? Фото: www.cnbc.com

Қытай-Ресей "махаббаты"

Қытай Американың ықпалын әлсіретіп-ақ өзін Азиядағы ең айбынды, ал жаһанда ең ірі державаға айналдыра алатынына барған сайын сенімді болып отыр. Мұны АҚШ барлау қызметі мәлімдеді.

Оның қауіп-қатер жөніндегі жыл сайынғы баяндамасы сәрсенбі күні жарық көрді. Бұл есепке жүгінсек, АҚШ-тың күші мен ықпалын әлсірету мақсатында Қытай қазір Ресеймен серіктестікті тереңдетіп жатыр.

АҚШ Ұлттық барлау агенттігінің директоры Аврил Д.Хейнс осы баяндамамен Сенат комитетіне барып, сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қытай  Американың күші мен ықпалын шектеп, өз аймағында үстемдік етуден, ал дүниежүзінде салмағын арттырудан үмітті.

"Сондықтан, бүкіл әлемде Америка Құрама Штаттарына экономикалық, технологиялық, саяси, әскери тұрғыдан барған сайын қауіп төндіріп отырған Қытай Халық Республикасы біздің басты назарымызда болады", - дейді Хейнс ханым.

Сонымен қатар, баяндамада Мәскеудің Украинаға әскер кіргізуі  халықаралық қауымдастық тарапынан қатаң айыпталып жатса да, Қытай АҚШ-ты тежеу үшін Ресеймен ынтымақтастықты сақтайтыны айтылған.

АҚШ әкімшілігінің болжамынша, Қытай Украинадағы соғыста Ресейге жәрдемдесу үшін Мәскеуге оқ-дәрі мен ажал қаруын жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатыр және де америкалықтардың дерегінше, Қытай Вашингтонның Украинаны қаруландыруын әрі қарай сынау мақсатында Ресейге артиллериялық снарядтарды жасырын жеткізуді көздеп отыр. Мұны ресми Бейжің мойындамады. Ал, Құрама Штаттар бұл мәлімет шындыққа жанасатын болса, Қытайды экономикалық санкцияға алуға әзір.

Қазір АҚШ пен Қытай жаһандық аренада ықпал ету үшін құрлықта, экономикада және киберкеңістікте үстем түсуге маневрлар жасап жатыр.

Сәрсенбі күні Сенаттың Барлау комитетінде өткен тыңдалымда Мэн штатынан сайланған тәуелсіз сенатор Ангус Кинг Хейнске Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынас "уақытша неке ме, әлде ұзақмерзімдік махаббат па?" деген сауал қойды.

Хейнс бұның жай ғана уақытша серіктестік еместігін, бірақ оның "кейбір шектеулері" бар екенін атап өтті.

"Біз бен НАТО-ның арасындағыдай одақтастықты көріп тұрған жоқпыз", - дейді Хейнс Қытай-Ресей қатынастарына баға бере отырып.

АҚШ пен басқа елдер қанша сынап жатса да Қытай Ресейді маңызды стратегиялық держава ретінде қарастыруды жалғастырады, делінген баяндаманың өзге бір тұсында.

АҚШ бастаған әлемдік тәртіпке қауіп

2020 жылғы сайлау науқанынан бері Байден мырза Ресейді ортамерзімдік сынақ деп қарастырып келеді. Ал, Қытай, оның ойынша, Америка Құрама Штаттарының ұзақмерзімдік қарсыласы және АҚШ жетекшілік ететін әлемдік тәртіпті өзгертуге күші мен ресурстары жететін жалғыз ғана мемлекет.

Аврил Хейнс, сонымен қатар, Қытайдың тыңшылық мәселесіне тоқталып, Бейжіңнің амбициялары мен қарым-қабілеті оны "барлау саласында АҚШ-тың ең салмақты бәсекелесі" ететінін атап өтті.

Дүйсенбіде мемлекеттік БАҚ таратқан мәліметтерге жүгінсек, осы аптаның басында Қытай президенті Си Цзиньпин Америка Құрама Штаттарына өзіндік сын айтты.

"АҚШ бастаған батыс елдері Қытайды жан-жақтан оқшаулап, қоршап, басып-жаншуды жалғастырып, еліміздің дамуына бұрын-соңды болмаған ауыр қиындықтар әкелді", - деген Си мырза.

Баяндаманың өзге бір тұсында Си Цзиньпиннің үшінші мерзімінде Қытай Коммунистік партиясы "Тайваньды Қытайға қосуға әрекетті күшейтіп, АҚШ-тың ықпалын төмендетіп, Вашингтон мен оның серіктестері арасына жік салып,  өзінің авторитарлық жүйесіне қолайлы нормаларды енгізу үшін жұмыс істейтіні айтылған.

Қарулы күштер мақсаты

Баяндама авторлары Қытай қарулы күштерінің әсіресе Азия-Тынық мұхит аймағындағы операцияларына да ерекше мән берген.

"Қытай партиялық билікті нығайту, жерін қауіпсіздендіру, "жаһандық үстемдікке ұмтылу" жолында өсіп келе жатқан әскери қуатын өзінің экономикалық, технологиялық және дипломатиялық ықпалымен үйлестіріп жатыр", - дейді америкалық барлаушылар.

Сонымен қатар, баяндамада Қытай әскері Си мырза қойған мақсатқа жетуге ұмтылмақ: ол – армияны 2027 жылға дейін Тайваньдағы қарулы қақтығысқа АҚШ-тың араласуына жол бермейтін үлкен күшке айналдыру.

Дегенмен Си Цзиньпин мен басқа да қытайлық шенеуніктер Тайваньға жақын арада басып кіру жайында айтпаса да, кейбір америкалық әскерилер  Бейжің алдағы бірнеше жылда Тайваньды Коммунистік партияның қол астына кіруге мәжбүрлеуі мүмкін деп есептейді.

Ядролық келісімнен аулақ

Америкалық барлаушылардың есебінде Бейжіңнің ядролық қауіп-қатерлерге және ядролық соғысқа қатысты позициясына да жаңа баға берілген.

"Бейжің өзінің ядролық мүмкіндіктері жеткіліксіз деген қорытындыға келіп, атомдық  арсеналын кеңейтуді көздеп отыр және құрлықаралық баллистикалық зымырандар үшін жүздеген жаңа шахта салып жатыр", - дейді баяндаманы әзірлеушілер.

Сондай-ақ баяндамада Қытай кем дегенде өз арсеналын модернизациялап болғанша, АҚШ-пен немесе Ресеймен ядролық қару жайлы келісімдерге қол қоюдан аулақ болатыны ескертілген.

"Бейжің өз жоспарын шектейтін пәтуаларға мүдделі емес және ол АҚШ пен Ресейдің үстемдігін нықтай түсетін келіссөздерге бармайды", - дейді америкалық барлаушылар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу