Қытайлық майнерлер Қазақстанға ағыла бастады

Тамыздан бері қытайлық екі компания елімізге 90 мыңға жуық компьютер жеткізген.

Қытайлық майнерлер Қазақстанға ағыла бастады

Осыдан бірнеше ай бұрын Қытайдың Орталық банкі кез келген виртуалды валютаның заңсыз төлем құралы болып табылатынын және криптовалюталарға қатысты кәсіпкерлік қызметтің де заңсыз екенін мәлімдеді. Осылайша Қытайда криптовалюталарға тыйым салынып, майнерлер басқа елдерге қоныс аудара бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстан қытайлық майнинг миграциясының орталығына айналмасын

Financial Times жинаған мәліметтерге сәйкес, әлемдегі ең ірі он төрт майнингтік компания ҚХР-да қызметі шектелгеннен кейін 2 млн-нан астам компьютерді шетелге шығарған. 

Бұл құрылғылардың басым бөлігі АҚШ, Канада және Ресейге экспортталды. Майнинг миграциясының "ошағына" айналған мемлекеттер қатарында Қазақстан да бар. Financial Times басылымының деректеріне сүйенсек, соңғы айларда Қазақстанға қытайлық екі компаниядан 90 мыңға жуық компьютер жеткізілген. Bitfufu компаниясы 80 мың, тағы 7мың 800 бірлік техниканы BIT Mining компаниясы әкелген. 

"Америка Құрама Штаттарында тіркелген ірі криптовалюта өндіруші компаниялардың бірі Bit Digital өзінің мүлкін Қытайдан шығару үшін халықаралық логистикалық компания жалдаған. Бұған қоса әлі де мыңға жуық жабдық Қытай порттарында тұр. Елден тағы 5 мың компьютер шығарылды", – деп жазды халықаралық басылым. 

Майнинг қазақстандықтарды жарықсыз қалдыруы ықтимал

АХҚО транзакцияларды тарту департаментінің аға менеджері Арман Батаевтың дерегінше қазірдің өзінде қытайлық 50-дан аса криптоферма жұмысын Қазақстанға көшірген. Елімізде олар есептеу операцияларын жүргізетін дата орталықтар ретінде тіркелуі керек. Алайда қазір республика аумағындағы майнерлердің 40%-ы тіркеусіз қызмет етеді. Нәтижесінде криптовалюта өндірісі елде энергетикалық дағдарыс туғызуы мүмкін. 

Бұған статистика дәлел. Мәселен, 2021 жылы электр қуатын тұтыну бойынша рекордтық өсім тіркелді. Елімізде осыған дейін электр тұтыну көрсеткіші жылына 2%-ға жуық артып келсе, биыл бұл көрсеткіш 7%-ға жеткен. Қарапайым сөзбен түсіндіріп көрейік. 

Майнингтік жүйе сағатына шамамен 1 кВт/сағ энергия тұтынады. Жабдықты тек күндіз пайдаланғанның өзінде күніне 24 кВт қуат жұмсалынады. Бұл өте жоғары көрсеткіш деп есептеледі. Өйткені мұндай энергияны бір адам ай бойы тұтынады. Бұл тек қана бір ғана ферманың мысалы. Ал елімізде мұндай қанша орталық бар? Сарапшылар олардың санын нақты айту мүмкін емес, деген байламға келген. Себебі тағы сол – көлеңкелі нарық. Ресми тіркелген майнерлер мемлекетке салық төлеп, инвестиция тартып, электр қуатына тиісті ақы ұсынса, заңсыз қызмет етіп отырғандар энергетикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін. 

"KEGOC" АҚ жүйелік операторының деректері бойынша 2021 жылдың тоғыз айында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ел аймақтарында электр қуатын тұтыну әртүрлі жолмен өскен. Оңтүстік энергетикалық аймақта 11,8%-ға, солтүстік энергетикалық аймақта 5,8%-ға және батыста 6,6%-ға.

"Сонымен бірге ең жоғары сағаттарда электр қуатын тұтыну өткен жылғы мәннен 1 000-1 500 МВт-тан астамға артты. Бұл бүкіл аймақтың, мысалы, Алматының қуат тұтынуымен пара-пар", – деп жазылған "KEGOC" АҚ ресми мәлімдемесінде. 

Тұтынумен қатар отандық электр стансаларында апаттық жағдайлар мен жоспардан тыс жөндеу жұмыстарының саны да артқан. 2021 жылдың басынан бері апаттық электр қуатын өшіру ұзақтығы 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрттен бір есе артты.

Сондықтан Энергетика министрлігі түрлі шаралар қабылдай бастады. Мәселен, қуат көп тұтынылатын уақытта жүйелік оператор энергияны жеке желілер арқылы жеткізуді шектей бастады. Мұны ведомство "бірыңғай электр энергетикалық жүйе жұмысының сенімділігін қамтамасыз ету" міндеті деп түсіндіреді. 

Қазақстан әлемдік криптодержаваға айналды ма?

Кембридж университетінің дерегінше, әлімдік майнингтегі Қазақстанның үлесі 20% шамасында. Еліміз криптовалюта өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған мемлекеттер қатарында. Өйткені біздің ел бұл салаға қолдау көрсетіп отырған әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі. Неге? Себебі майнинг цинвестиция көзі. 

"Биылдан бастап стартаптарды жобаларды дамыту үшін 10 млн теңгеге дейін гранттар бөлінеді. Бұл үшін қазірдің өзінде 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Оның мақсаты – 2025 жылға қарай жаңа жобаларға 500 млрд теңге жеке инвестиция тарту, сондай-ақ әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті жоғары сапалы ІТ мамандарды даярлау", – деген еді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Блокчейн және деректер орталығы индустриясы қауымдастығының өкілі Сергей Путра БАҚ-қа берген сұхбатында қазірдің өзінде салаға 80 млрд теңге қаржы тартылғанын хабарлады. Бұл қомақты соманы елімізге сенімді халықаралық ұйымдар бөлген. Бірақ салаға электр энергиясына байланысты шектеулер енгізілсе Қазақстан аталған қаржыдан да қағылуы мүмкін. 

"Осы уақытқа дейін цифрлық майнинг ел экномикасына 80 млрд теңге инфестиция алып келді. Бұл қомақты сома. Қаржыны ірі халықаралық инфестициялық қорлар салған. Қазіргі шектеулердің нәтижесінде, Қазақстан осы салымнан қағылып қалуы мүмкін", – деді сарапшы. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу