Қытайлықтар Жаркентке зауыт салып, қытай бұршақ қабылдамақшы

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
6371

Алдағы 5 жылда  Қазақстан бойынша бидай алқабы 2 млн 300 мың гектарға азаяды.

Қытайлықтар Жаркентке зауыт салып, қытай бұршақ қабылдамақшы

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын әртараптандыруға ерекше назар аударылып отыр.  Мақсатқа жету үшін қант қызылшасы, бидай, жүгері сынды үйреншікті дақылдарды өсірумен қатар өзге де дақылдардан өнім алу ісі қарқын ала бастады.

Ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасына сай алдағы 5 жыл ішінде Қазақстан бойынша егілетін бидай алқабын 2 млн 300 мың гектарға дейін азайту жоспарланған. Оның орнына дәнді, масақты, майлы дақыл өсіру тәжірибесі қолданылады. Бүгінгі таңда

дәнді бұршақ дақылдарына басымдық беріле бастады.  Мұның басты себебі Қытай, Пәкістан, Үндістан сынды елдерге шығарылатын экспорт көлемін арттыру болып отыр.

Дәл қазір елімізде жасымық пен қытай бұршағын (соя) өсіру ісі қолға алынып жатыр.    

Қытай бұршақтың Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның ылғалды тропикалық және субтропикалық жерлерінде 10 түрі өсетін болса, Қазақстанда 1 ғана түрі – екпе соя, яғни біз айтып отырған қытай бұршақ қана өседі. Оны өндіруден бүгінде  АҚШ  бірінші орында болса, одан кейін Бразилия мен Аргентина орналасқан.

Бақсақ, бұршақтан өндірілмейтін зат жоқ екен. Берісі ас-ауқатқа қолданылса, арысы сабын жасауға және тоқыма мен медицина саласында кәдеге жаратуға болатын көрінеді. Мұны мал азығын құнарландыру үшін де таптырмайтын дақыл деседі. Бүгінде республика  бойынша қытай бұршақ алқабы 30 мың гектардың төңірегінде деген дерек бар.

Осындай пайдалы дақыл егуге жамбылдық диқандар да биыл ерекше ықылас танытып отыр.

Өткен жылы облыста 76460 гектар алқапқа майлы дақыл егілді. Оның әр гектарынан 6,8 центнер өнім алынды. Ал биыл алғаш рет  қосымша 500 гектар жерге біз сөз етіп отырған дақыл себіледі.

Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, бұл дақыл өңірде бұған дейін өсірілген. Бірақ көлемі айтарлықтай болмаған.

"Биыл 500 гектар жерге қытай бұршағын егу қолға алынып отыр. Алдағы уақытта оны өсіруге ниет білдірушілер табылып жатса, көлемі одан әрі ұлғайтыла бермек. Бұл өнім түріне әсіресе Үндістан мен Қытай елдерінен сұраныс көп. Өңіріміздегі тауар өндірушілер оның тиімділігін толық білмей жатыр. Бізбен салыстырғанда бұл дақылды Алматы облысының диқандары көп егеді. Өнімнің әр келісі 150-180 теңгеден сатылады. Шаруашылық құрылымдарында бірыңғай бидай немесе қант қызылшасын ғана егу туралы таптаурын түсінік қалыптастып қалған. Жаңашылдыққа бетбұрыс жасайтын кез келді. Біз бұрын қолға алуға батылымыз жете бермейтін бастамаларды жүзеге асырып, еліміздің агроөнеркәсіп саласын дамытуға үлес қосуымыз керек. Бізге асбұршақ, жасымық, ноқат, бөрі бұршақ сынды дақылдарды да неге екпеске?! Біле білген адамға олардан пайда шаш-етектен. Мысалы, ноқат өңірімізге жерсіндірілген, өнім көлемі де жаман емес. Қала берді ол егілген жерін құнарландырып отырады. Өзі құрғақшылыққа шыдамды. Қазіргі уақытта ноқат өсіруді Тұрар Рысқұлов ауданының шаруалары қолға алып жатыр. Ал Шу ауданында 100 гектар алқапқа жеке кәсіпкер егіп отыр. Облыс бойынша тағы қосымша 150 гектар жерге ноқат орналастырылды. Салыстырып қарайтын болсақ, бұл дақылдардың әр келісі орташа есеппен 500-600 теңгеден сатылады. Ал бидайдың келісі небәрі 40 теңге. Сонда шаруаға қайсысы тиімді? – деді басқармасы басшысының орынбасары.

Оның сөзінше, бұл дақылды егу мен күтіп-баптау оңай шаруа емес. Бірақ төгілген тер еселеп қайтады. Бір жақсысы қытай бұршақтың өнімін жинау көп күшті қажет етпейді.

"Бұршақ дақылының бұл түрін өсіруге басымдық берілуі қытайлықтардың Алматы облысының Жаркент қаласынан үлкен зауыт салып, екпе сояны өткеру, қабылдау және өңдеуде біртұтас кешенді жүйені қалыптастыруымен байланысты болып тұр", – дейді Ерлан Құлкеев.

Айта кетейік, өңдеуші кәсіпорындарға қытай бұршақтың әр тоннасы үшін 25 мың теңге субсидия берілмекші. Ал күнбағыс пен мақсарыға берілетін субсидия көлемі 10 мың теңгені құрайды. Бұл қытай бұршақтан қыруар пайда табуға болады деген сөз.

Маржан Кәрімжанқызы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу