Солтүстік өңірлер соя алқабын арттырмақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3677

Қазақстанда көктемгі егіс науқаны аяқталды.

Солтүстік өңірлер соя алқабын арттырмақ

Еліміздің барлық өңірінде көктемгі егіс науқаны аяқталды. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, науқан кезінде жанар-жағармаймен, тұқыммен және тыңайтқышпен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе туындаған жоқ.

"Биыл егістік алқабы 19 млн гектарды құрады. Оның ішінде 14,5 млн гектарға дәнді дақылдар, 2,7 млн гектарға майлы дақылдар, 458 мың гектарға көкөніс пен бақша өнімдері, картоп, 1,2 млн гектарға жем-азық дақылдары, 144 мың гектарға қант қызылшасы, мақта секілді өнеркәсіптік дақылдар егілді", – деді Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатына қатысқан Айдарбек Сапаров.

Егістікті әртараптандыру шеңберінде арпа, сұлы, бұршақ және ноқат, жүгері секілді астық дақылдары, көкөністер мен бақша дақылдары, картоп және жем-шөп дақылдары егілетін алқаптар кеңейтілген. Егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Аталған өңір 1 млн гектарға дейінгі аумақты әртараптандырып үлгерген.

"Өндірісті әртараптандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп "Солтүстіктің соясы" бағдарламасының әзірледі. Бағдарлама солтүстік өңірлерде соя өнімдерін өндіретін шаруашылықтарға көмек көрсетуге бағытталған. Солтүстік Қазақстан облысында биылғы егіс науқаны аясында 14 мың гектар жерге соя егілді. Оған шетелдік жоғары сортты тұқымдар пайдаланылды. Бұйыртса жиналған өнімді алдағы жылға тұқым ретінде пайдаланатын боламыз. Бүгінде Қазақстан бойынша 125 мың гектар жерге соя егіледі. Биыл жиналатын өнімнің нәтижесінде келер жылы 270 мың гектарды қамтитын боламыз", – дейді бірінші вице-министр.

Жалпы алғанда, "Солтүстіктің соясы" бағдарламасын іске асыру нәтижесінде алдағы 5 жылда соя алқаптарын 1,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға, кірістілігін гектарына 25 центнерге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, жалпы өнім көлемі 3,2 млн тоннаға дейін өсетін болады.

"Бүгінде сояны қайта өңдейтін компаниялар 26 пайыздық жүктемемен ғана жұмыс істеп тұр. Сондықтан біз сояны Ресейден импорттап отырмыз. "Солтүстіктің соясы" бағдарламасынан кейін экспорт көлемі ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі де жақсарады", – деп толықтырды бірінші вице-министр.  

Биылғы егін егу науқанын жүргізу үшін шамамен 2,5 млн тонна тұқым пайдаланылған. Науқанға кезінде шаруаларға шамамен 300 мың тонна тыңайтқыш берілген. Бұл жоспарланған көлемнің 62 пайызына тең. Жалпы биыл 471 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылмақ.

Айдарбек Сапаровтың сөзінше, биылғы егіс науқанына 147 мың трактор, 4 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 79,5 мың соқа, 249 мың жер өңдеуге арналған қондырғы пайдаланылған. Бұл өткен жылғы техникалар паркінен 300 егіс кешеніне және 4 мың тракторға артық.

Сонымен қатар наурыз-маусым айларында егін егуге 380 мың тонна дизель отыны бөлінген. Оның бағасы литріне 176 теңге. Бұл нарықтық бағадан 10 пайызға төмен. Оның 88 пайызын облыстар кәдеге жаратып үлгерген.

"Көктемгі егіс науқанын қаржыландыру үшін 60 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. Бұл ретте "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы 2 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Сондай-ақ "ҚазАгро" холдингінің қаражаты есебінен 10,1 млрд теңгеге 269 шаруашылық несие алған", – деді Айдарбек Сапаров.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу