Қызылорда облысы бұрынғы уақытына оралуы мүмкін

5485

Өңір тұрғындары өзге қазақстандықтармен бірге төсектен бір уақытта тұрып, бір мерзімде жатуды қалайды.

Қызылорда облысы бұрынғы уақытына оралуы мүмкін

2019 жылғы 1 қаңтарда Қызылорда облысының жұртшылығы Жаңа жылды жаңа уақытпен қарсы алған еді. Сыр жұртшылығы желтоқсанның 20-нан 21-не қараған түні 5-ші уақыт белдеуінен 4-шісіне (UTC+4) көшті. Осының нәтижесінде Қызылорда облысында сағат тілі бұрынғы уақытынан бір сағат кейінге шегерілді.

Бұл оқиғаны жергілікті тұрғындардың үлкен бөлігі қуана қарсы алған. Тарихта қалған бетбұрысқа орай мәлімдеме жасаған Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев өңірде уақытты есептеу тәртібін дәл осылай өзгертудің орынды екенін салалық, бейінді институттар мен мүдделі мемлекеттік органдар мұқият зерделеп, дәлелдегенін алға тартты.

Облыс әкімдігінің дерегінше, Сыр өңірінде сағат тілінің табиғи биологиялық уақыттан айтарлықтай ауытқып тұрғанын тұрғындар соңғы 10 жыл бойы жиі көтеріп, барлық жауапты инстанцияларға шағым жолдаған. Бұған сол тұста Мәжіліс депутаттары да назар аударып, депутаттық сауал жолдады. Ақыры билік халық пікіріне құлақ асыпты.

"Түрлі ғылыми-зерттеу институттары да өмір сүру ритмінің бұзылғанын, ал бұл тұрғындардың денсаулығына теріс әсер ететінін растады. Облыста уақытты өзгертуге байланысты тұрғындар арасында арнайы сауалнама жүргізіліп, оған қатысушылардың 70 пайызы уақыт белдеуін өзгерту қажет деген пікір білдірді", – деп дәйектеген еді облыс әкімдігі.

Жалпы Қызылордамен бірге Қостанай облысының халқы да Астана уақытымен жүргісі келмей, бір сағат кері шегінуді қалаған. Оның да Парламенттегі депутаттары Үкімет алдына мәселені төтесінен қойған. Бірақ қызылордалық депутаттар мен биік лауазымды тұлғалар сияқты сөзін өткізе алмады. 2018 жылғы сәуірде сол кездегі Инвестициялар және даму министрлігі Қостанай облысының жергілікті уақытын өзгерту орынсыз деп танылғанын мәлімдеді.

Қостанайлықтар әлі күнге бұл мәселені ұдайы көтеріп келеді. Бұл туралы Inbusiness.kz талай жазды. Күні кеше ғана әкім ретінде халқымен қош айтысқан аймақтың экс-басшысы Архимед Мұхамбетов биылғы маусымда сағат тілін артқа шегіндіруді өзі жақтайтынын, бірақ мемлекеттік қызметші ретінде бұл мәселеде бейтарап ұстанымды ұстанатынын мәлімдеді. Оның орнын басқан Құмар Ақсақалов бұл мәселені қаншалықты ілгерілететіні белгісіз.

Оның үстіне жоғарғы жаққа бірқатар қызылордалықтар сағат белдеуін қайта өзгертіп, елорданыкімен теңестіруді сұрай бастады.

Соның бірі, жергілікті белсенді Асқар Арыстанбаев Қызылорда облысының уақытын Қазақстанның өзге өңірлерінің көпшілігінде бекітілген уақытқа оралту туралы өтініш жолдаған екен. Оның дәйектеуінше, өзге өңірлерде, соның ішінде Астанада жұмыс уақыты аяқталып, кеңселер жабылғандықтан, Сыр өңірінде де мекемелер жұмыс уақыты түгесілмесе де, жұмысты ертеңге ысыруға мәжбүр болады.

"Қазіргі кезде уақыт айырмашылығынан көптеген қиыншылықтар туындауда. Банктік операцияларда да проблема бар. Бұған қоса компаниялардың бас офистері Астана, Алматыда орналасқан. Қызылордалық филиалдары солармен жұмыс істеу кезінде жұмыс режимдері өзара сәйкес келмей жатады. Бұдан бөлек, теміржол көлігі мен әуежайлардың уақыты да өзгешеленеді. Салдарынан, қалаға келген қонақтарға және басқа қалада вахтамен жұмыс істейтін азаматтарға қиын. Өңірде уақыт есептеу тәртібі өзгертілгенде, табиғаттың уақыты, яғни күннің батуы мен сағат тілінде қатты айырмашылық бары дәлел ретінде келтірілген. Шынында,  1 сағат емес, әрі кетсе 15-20 минутты құрайды. Бір ел болғасын, төсектен бір уақытта тұрып, бір мерзімде тіршілік еткеніміз жөн", – деді А.Арыстанбаев.

Қызылорда облысының әкімі лауазымына қайта тағайындалған Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорданың бұрынғы уақытына оралуы мүмкін екенін білдірді.

Ол 2018 жылғы 7 желтоқсанда Үкіметтің "Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы" №1749 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" №817 қаулысы бекітілгенін еске салды.

"Сол қаулыға сәйкес, Қызылорда облысында 2018 жылғы 21 желтоқсаннан бастап жергілікті уақыт бір сағат артқа ауыстырылды. Бірақ 2021 жылы Қазақстан аумағында уақыт өлшемі тәртібін түбегейлі реттеу жұмысы қолға алынды. Осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобында салалық Фесенков атындағы Астрофизика институтының мамандары Қазақстан аумағында, яғни барлық өңірлерде бірегей UTC+5 уақыт өлшемін қолдану тиімді деген ұсыныс енгізді. Ұсыныс өзге де ғылыми–зерттеу институттары, министрліктер тарапынан қолдау тапты. Сондықтан 2021 жылғы 14 желтоқсанда ел Үкіметіне хаттамалық шешіммен тиісті ұсыныс енгізілген", – деді облыс әкімі.

Бұған биылғы күрделі саяси оқиғалар кедергі болғанға ұқсайды. Ал келесі жылдары Қазақстанның барлық 20 өңірін бір сағат белдеуіне біріктіру науқаны қолға алынуы мүмкін.

Бұл бастаманы Сауда және интеграция министрлігінің Метрология және техникалық реттеу комитеті пысықтайды.

Қазақстан аумағында уақыт өлшемі тәртібін реттеуге қатысты соңғы шешімді ел Үкіметі қабылдауға тиіс.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться