Қызылорда туристерді несімен қызықтырады?

2733

Осы жылдың екінші тоқсанында Сыр өңіріне 50 633 турист келген, оның 761-і – шетел азаматы. 

Қызылорда туристерді несімен қызықтырады? Фото: adyrna.kz

Елімізде құлашын кеңге жаза алмай келе жатқан саланың бірі – туризм. Соған қарамастан, біздің елдегі әрбір өңірдің туристік мүмкіндігі жоғары болып қала береді. Оның ішінде Қызылорда облысының алар орны ерекше. Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бізге ұсынған ресми мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың екінші тоқсанында өңірге туристік мақсатта 50 633 адам келген. Оның 761-і –шетел азаматы. Өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда көрсеткіш 19,8 пайызға өскен.

"Бүгінде облыс бойынша 3 734 жатын орны бар 122 орналастыру орыны жұмыс істеп тұр. Олардың 101-і – қонақүй, қалған 21-і – хостел, мотель, жалға берілетін тұрғын үйлер мен пәтерлер. Облыстағы орналастыру орындарында жатын орынның тәуліктің орташа құны 7 922 теңгені құрады. Көрсеткіш республикадағы орташа бағадан (9 542 теңге) 17 пайызға арзан. Орналастыру орындарында келушілерге көрсетілген қызмет көлемі 582,6 млн теңгеге тең. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен (536,2 млн теңге) с алыстырғанда көрсеткіш 46,2 млн теңгеге артқан", – деп нақтылады Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Р.Сұлтангереев.

Жазғы демалыс маусымында облыста 13 шағын және 2 ірі курорт жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмейді. Осы жылы оларға 53,5 мың демалушы келген. Оның ішінде 20 мың демалушыны "Қамыстыбас" (Қамбаш) және "Ханқожа көлі" (Бәйгеқұм) демалыс аймақтары қабылдаған. Бүгінде демалыс аймақтарында бір жолғы сыйымдылығы 800 жатын орынды құрайтын 162 қонақ күту үйі жұмыс істеп тұр.

"13 шағын демалыс орнында биылғы келушілердің саны 33,5 мың адамды құрады. Оның ішінде 11 мың адамды "Сыр самалы" қалалық жағажайы қабылдаған. "Белкөл" кентіндегі "Абай" жағажайына 1,5 мың адам орнықса, қалған 21 мың адам "Арай аква", "Аква Гранд", "Аква Хауз", "Селена аква", "Сабалак аква", "Керуен", "Шах", "Дала паркі", "Пмк-26", "Пмк-29" "Сырдария толқыны" демалыс орындарында демалған", – деді басқарма басшысының орынбасары.

Қызылорда шипажайларымен де көпке танымал. Қазіргі уақытта облыста жалпы сыйымдылығы 380 орынға есептелген 4 шипажай жұмыс істеп тұр. Биыл келушілердің саны 15 767 адамды құраған. Тарқатып айтсақ, "Жаңақорған шипажайы" акционерлік қоғамы (380 орын) 10 721 адамды қабылдаған. "Жаңақорған шипажайы" ЖШС-на (76 орын) 1 496 адам келсе, "Ақ-Шуақ" ЖШС (80 орын) 1 700 адамға қызмет көрсеткен. Ал "Орда-Сығанақ" ЖШС (120 орын) 1 850 адамды қабылдапты. Сонымен қатар жыл соңына дейін "Жан-Арай" ЖШС-мен салынып жатқан жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 120 орындық заманауи үлгідегі шипажай пайдалануға берілетін болады.

"Жол бойындағы сервистік кешендерге басымдық беріп отырмыз. "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық автомобиль дәлізінің бойында 51 жол бойы сервистік объектісі жұмыс істейді. Бүгінде олардың 42-сі немесе 82,3 пайызы ұлттық стандартқа сәйкестендірілген. Автожол дәлізінің бойында осы жылы инвестициялық құны 3,2 млрд теңгені құрайтын 5 жаңа жол сервистік нысаны пайдалануға берілді. Одан бөлек, 24 санитарлық-гигиеналық тораптарды іске қосу, оның ішінде 20 торапты қайта жаңғырту және 4 торапты жаңадан салу көзделуде. Тораптардың жай-күйін күтіп-ұстауға республикалық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылған", – дейді Р.Сұлтангереев.

Тарихи-мәдени нысандарымен аты алысқа тараған Қызылорда бұл бағытты да туристік мүмкіндік ретінде қарастырып келеді. Қазіргі күні Қызылорда облысында 556 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекеттік қорғауға алынған. Оның 31-і – республикалық, 256-сы – жергілікті маңызы бар нысан. "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы аясында облыс бойынша 12 жалпыұлттық және 60 өңірлік киелі нысан тізіміне енгізілген.

"Биыл қажетті инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын тарту мақсатында 3 туристік тарихи нысанға арналған сметалық жобалар әзірленіп, "Қазақ Туризм" компаниясына ұсынылды. Оның ішінде Сараман-қоса мұнарасын абаттандыру және автомобиль жолын жөндеу, Жанкент қаласындағы автокөлік жолын жөндеу және көше жарығын орнату, Марал Ишан кесенесіне кіреберіс автомобиль жолын қайта жаңарту жобалары бар. Бүгінде қаржыландыру мәселесі "Қазақ Туризм" компаниясымен бірлесе пысықталуда. Сонымен қатар еліміздің 20 өңірінде көрікті жерлерді аралауды ынталандыру арқылы ішкі туризмді ілгерілету мақсатында жүзеге асырылып отырған NeoNomad#20 акциясы аясында "Қорқыт Ата" мемориалдық кешені жанынан фотоспот орнатылды", – деді Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу