Қызылордада қоғамдық көлік жолақысы 44,4 пайызға қымбаттайды

Бірақ, бұл процесс "Қызылорда" автобус паркі" ЖШС теңгеріміндегі қоғамдық көліктерге жолақыны қолма-қол төлейтіндерге ғана қатысты. 

Қызылордада қоғамдық көлік жолақысы 44,4 пайызға қымбаттайды Фото: «Қызылорда» автобус паркі»

Яғни, автобус паркі балансына кірмейтін маршруттарда бұрынғы жолақысы (90 теңге – автор.) сақталады. Ал, "Қызылорда" автобус паркіне" тиесілі автобустарда қолма-қол төлем 90 теңгеден 130 теңгеге көбейсе, электронды төлем 85 теңге күйінде қала береді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Төлем жүйесінің цифрландырылуы көлік жүргізушілерінің ақша жымқыру әрекетін тоқтатады, қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді" дейді мамандар.

Бүгінде Қызылордада автобус паркіне қарасты қоғамдық көліктерде кондуктор қызмет көрсетпейді. Жолақысын қолма-қол төлейтіндер автобус жүргізушісіне беруге мәжбүр. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғасына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Осы ретте "Егде жастағы кісілер электронды төлемге қабілетсіз ғой" деген пікір туындайды. Десе де, жолаушыларға электронды төлем жасаудың бірнеше түрі ұсынылған. Олар: SMS, QR код, ұялы қосымша, көлік және банктік карталарды қолданатын ұялы байланыс операторлары арқылы.

"Қызылорда" автобус паркі" ЖШС-нің директоры Мақсат Жүсіп "Автобус жүргізушісі алаңдамауы үшін электронды төлемнің маңызы көп, бүгінде халық онлайн төлем жүйесіне үйреніп келеді" дейді. Сондай-ақ, ол жыл соңына дейін қалаға тағы 150 автобус келетінін айтты.

Жаңа автобустар өткен жылы келген автобустардан үлкен. Заман талабына сай керекті жабдықтармен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жағдайлар жасалған. Салқындатқыш құрылғысы бар. Аталмыш автобустар халық сұранысына сай бағыттарға қосылатын болады. Серіктестіктің стратегиялық жоспарына қалаішілік 34 бағытты толықтай үлкен сыйымдылықтағы автобустармен қамту кіреді, - деді ол.

Тұрғындар және қала қонақтары "Қызылорда" автобус паркі" ЖШС қарасты автобустардың жүру кестесін "2GIS", "ЯндексGo" қосымшаларынан көре алады. Яғни, аталған бағдарламалардан автобустардың қай аялдамада келе жатқанын бақылауға мүмкіндік бар.

Жалпы, Қызылорда қаласында жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында 2017 жылы барлық талапқа сай "Қызылорда автобус паркі" ЖШС мекемесінің ғимараты бой көтерген болатын. 5 гектар аумақты қамтыған нысанда автобустарды жөндеу цехтары, газ құю бекеті, көлік жуу орны, автобустарға арналған автотұрақтар және бас ғимарат орналасқан.

Соңғы өткен қалалық мәслихаттың отырысында Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан "Қызылорда" автобус паркі" ЖШС қарасты қоғамдық көлік бағыттарында қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс беріліп, қолдау тапқан болатын. Электронды түрде төлем ақысы 85 теңге болып қала бермек.

Бұл өз кезегінде жолаушылардың электронды түрде төлем жасауын арттырады, көлеңкелі кәсіптің алдын алады. Жаңашылдық қоғамдық тасымалдауда ыңғайлы және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді, автопарктің кірісін арттырып, жолаушы тасымалдауда мәдениеттілікті қалыптастырып келеді, - деп хабарлайды "Қызылорда" автобус паркі" ЖШС-нің баспасөз қызметі.

Қалай десек те, соңғы жылдары Сыр еліндегі қоғамдық көлік мәселесі біршама жақсарып қалған секілді. Ал, өңірдегі қоғамдық көлік жолақысы 44,4 пайыз көбейсе де, салыстырмалы түрде өзге облыстардан аз көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу