Қызылордада шала туғандардың жайы екі есе жақсарды

3678

Қызылорда қаласындағы облыстық "Ана мен бала" орталығына Burabike Fest VII қайырымдылық спорттық- музыкалық фестивалінің қатысушылары 12 млн теңгенің гипотермияны емдеуге арналған аппаратын сатып әперуге шешім қабылдады.

Қызылордада шала туғандардың жайы екі есе жақсарды

Себебі мұнда шала туған нәрестелердің бойын жылыту құралдары жетіспейді. Аталмыш орталық облыстағы ана мен балаға көмек көрсететін барлық емдеу, сауықтыру, аурудың алдын алу жұмыстарын үйлестіріп отырады. Осыдан бес жыл бұрын ашылған 350 төсектік орындық "Ана мен бала" орталығында әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге арналған  неонанатология, анестизиология, реаниматология, акушерлік және гинекология мамандары заманауи жабдықтармен қызмет көрсетеді. 600-ден астам маман дәрігерлер бар. Осыған байланысты соңғы екі жылда перинаталдық орталықта 14119 нәресте дүниеге келсе, оның ішінде егіздер саны 176-ға жетті. Екі жылда төрт үшем дүние есігін ашты.

"Ана мен бала" орталығының бас дәрігері Гүлнара Жұмашеваның айтуынша,  орталықта тәулігіне 40 әйелге дейін босанады. Жылына шамамен 11 мыңдай ана нәресте сүйсе, оның 500-інің толғағы қиынға түседі екен. Әсіресе, шала туған 500 грамнан 1 килограмға дейінгі нәрестелерді сақтап қалу қиын. Қазір шала туған нәрестенің өміршеңдігі 28,5 пайыздан 53,3 пайызға дейін жақсарған.  

"Бізді бәрінен бұрын нәрестелері мен аналарының аман қалғандығы айрықша қуантады. Биыл сәуірде осы орталықта Шайжанова Камила үшем босанды. Аттарын Мадина, Фатима, Адиля қойдық. Шиеліден келген Жазира Абдумажитқызы мамырда үшем босанып, аттарын Айбибі, Айша, Ақнұр қойдық. Қазір дәрігерлеріміздің тұрақты бақылауында. Бір қуанарлығы – бұл нәрестелердің ешқайсысының салмағы екі келіден төмен болған жоқ. Яғни, қазіргі жас аналар аяғы ауыр кезінде дәрігерлердің кеңесін мүлтіксіз орындайды деген сөз", – дейді Гүлнара Жұмашева.

 Ескендір Ертай

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу