Қызылордадағы шыны зауыты келер жылы іске қосылады

Зауытқа бас мердігер ретінде қытайлық трансұлттық компаниясы тартылды. 

Қызылордадағы шыны зауыты келер жылы іске қосылады

Шыны зауытының іске қосылуы жайлы "Orda Glass Ltd" ЖШС-нің басқарма төрағасы Ержан Сағынбаев айтып берді.

"Жылдық қуаты 197,1 мың тонна шыны өндіретін зауыт 2020 жылдың шілде айында іске қосылады. Құрылыс жұмыстарына 11 мердігер компаниядан 219 жұмысшы жұмылдырылды. Құрылыс заттарының басым бөлігі жергілікті жерден алынып жатыр. Жұмысшыларға да бар жағдай жасалған. Зауыт толық іске қосылғанда 160 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, шыны зауытының құрылысына бас мердігер ретінде "Чайна Триумф Интернешнл Инжиниринг" қытайлық трансұлттық компаниясы тартылды",– дейді Ержан Юбилерұлы.

Мұнан өзге, шыны зауытын газ және сумен жабдықтау, электр желілерін, автожол және байланыс орнату үшін жұмыстар жүргізілуде.

Алдыңғы бас мердігердің жұмыс барысында жіберген ақаулары мен жоба серіктестерінің өзара туындаған даулы жағдайларынан осы уақытқа дейін зауыт іске қосылмаған.  4 желтоқсанда серіктестік өкілдерінің "Stewart Engineers" вице-президенті Волтером Дениэлмен кездесуі өтіп, тараптар ортақ шешімге келген.

Ержан Сағынбаевтың айтуынша, инвестициялық келісімшарт негізінде Қытайдан 200 адам зауыт жабдықтарын монтаждау үшін келеді. Бүгінде олардың 71-і аймақта жұмыс істеуде. Шыны балқыту пешін жағу мамыр айының соңына жоспарланған.

Зауытқа қажет шикізаттар (кварц құмы, доломит, әктас) жергілікті жерден өндіріліп алуда. Өндіріске Еуропа мен Американың жетекші компанияларының жабдықтары пайдаланылады. Зауыттың соңғы өнімі, қалыңдығы 2 мм-ден 12 мм-ге дейінгі әлеуметтік және өнеркәсіптік мақсаттағы табақ шыны болмақ. Жоспар бойынша өнімдердің 50 пайызы шетелге экспортқа шығарылмақ.

Шыны өндірісінің базасында логистикалық, буып-түю өндірісі сияқты қосалқы ұйымдар құрылады, бұл қосымша 700-ден астам жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді.

Келесі жылдың соңына қарай планшеттер мен күн панельдері үшін ультракүлгін шыны өндіретін екінші зауытты іске қосу жоспарлануда.

"Автомобиль және брондалған әйнектерді өндіретін цех салу да жоспарланып отыр. Құны 50 млн доллар болатын жобаны іске асыруда 60 жаңа жұмыс орны ашылады", – дейді "Orda Glass ltd" ЖШС басшысы.

Бүгінде зауытқа техникалық білімі мен ағылшын тілін білетін мамандарды қабылдау жүргізілуде. Іріктелген 160 маман келесі жылдың наурызында Қытайдағы Чайна Триумф зауыттарына біліктіліктерін арттыруға жіберілмек.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу