Қызылордаға әуежай құтаймай тұр

4032

Тоңып, дірдектеген жолаушылар мен қызметкерлер шағымдануда.

Қызылордаға әуежай құтаймай тұр Фото: 24.kz

Қызылорда қаласындағы "әуе қақпасының" аты ғана – халықаралық, ал заты – "деревня". Бұған дейін жолаушылар көп шағымданатын. Енді қызметкерлерден де шағым түсе бастады.

"Осында 10 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Осы он жыл ішінде әуежай қарапайым жолаушыларға қызмет көрсетуде, сервис сапасын жақсартуда бір мысқал, бір қадам ілгері жылжыған емес! Әуежай жолаушылар үшін, сондай-ақ қызметкерлер үшін тіпті қарапайым жылу беру жүйесімен жабдықталмаған. Қол жуатын жерлерде тек мұздай суық су ағады. Рас, VIP-залдан ұшатын ауқатты, билікті жолаушыларға жайлы жағдай жасалған. Ал өзге жолаушылар неге кемсітіледі?", – дейді жолаушыларға қызмет көрсету бойынша супервайзер болып жұмыс істейтін Ботагөз Жорабек.

Әсіресе, шетелдік қонақтардан ұят екен.

"Қонақжайлық әуежайдан басталады емес пе? Шетелдік туристерге де тіке қарауға бет жоқ. Олар наразылығын ашық айтады, ресурстарға бай өңірде неге осынша аянышты, сұрықсыз әуежайдың жұмыс істейтініне түсінбейді. Олар елдің өмір сапасын, мемлекеттің инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндігіміздің барын біледі, бірақ Үкіметтің оған ниеті жоқ. Шетелдік қонақтарға уәж айтып, осыған жеткізген Үкіметтің ісін тіпті ақтағымыз да келмейді", – дейді супервайзер.

Шағым иесі кеңес кезінен пайдаланылып келе жатқан әуежайда қазіргі замандағы ең қарапайым шарттар ескерілмегеніне назар аудартты.

"Біз ХХІ ғасырда өмір сүрудеміз. Қақаған қыс. Мысалы, Қызылордадан Нұр-Сұлтанға FlyArystan әуекомпаниясының ұшақтары ұшады. Оның жолаушылары жан төзгісіз үскірік аязда қолдарындағы жас сәбилерімен, балаларымен бірге рейсті күтіп, перронда дірдектеп жүруге мәжбүр. Бұған кім айыпты? Әлде халық осыған лайықты ма?! Егер заманауи талаптарға сәйкес келетін жаңа әуежай салса, оның "жеңдері" болар еді де, ұшақтың өзі соған есігін таяп, тұрақтар еді. Демек, адамдар далада жаурамай, бірден залдан ұшаққа өте алар еді", – дейді Б.Жорабек.

Оның айтуынша, жаңа әуежайды салу он жыл бұрын уәде етіліпті. Содан бері қызметкерлер де, жолаушылар да соны күткен, сенген, үмітін үзбеген. Алайда былтыр барлық күш іргедегі Түркістанда жаңа әуежайды тұрғызуға жұмылдырылғанда, Қызылордаға енді Үкіметтің қолы жетпейтінін түсінген.

Арыз авторы "Қызылорда облысының жаңа басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жағдайды өзгерте ме, жаңа халықаралық әуежай салынуына ақша бөлінуіне не инвестордың келуіне қол жеткізе ме?" деп үміт қылатынын жеткізді.

"Әрине, шағымым арқылы әуежай басшылығын өзіме қарсы қойып алуым мүмкін. Мен өз елімнің патриоты болғандықтан осыны айтып отырмын. Тек жалақы үшін ғана жұмыс істесем, бәріне ары қарай көне берер едім. Білікті маман ретінде ақшаны шетелде де таба аламын. Бірақ мен туған елімнен, туған жерімнен кеткім келмейді. Қайта оның дамуына, әуежайдағы сервистің жақсаруына үлесімді қосқым келеді", – деген Б.Жорабек облыс басшылығынан Қызылорда қаласында халықаралық әуежай салғызу мәселесін көтеруді сұрайды.

Қызылорда халықаралық әуежайы 2001 жылдан бері "Қорқыт Ата" есімімен аталады. Ұлы бабамызға заманауи әрі еңселі әуежай лайық болса керек. Әуе қақпасын ҚТЖ-ның бір құрылымы – "Airport Management Group" басқарады.

Мұндағы алғашқы әуежай қаланың оңтүстік-шығысында 1920 жылдардың соңында тұрғызылыпты. Бүгінде ол аэровокзал ғимаратында қалалық автовокзал жұмыс істейді. Ал оның ұшақтар ұшып-қонатын бұрынғы жолағы бойымен "Астана" даңғылы өтеді.

Қазіргі әуежайы 1988 жылы іске қосылды. 2001 жылы әуежайда сағатына 150 жолаушы өткізу қабілеті бар жаңа аэровокзалдық кешен салынды. 2011 жылдың сәуірінде ұшу-қону жолағы реконструкциядан өтті, радионавигациялық, жарық-сигналды және метеорологиялық құрал-жабдықтар жаңартылды. Нәтижесінде, 2014 жылғы 3 қарашадан бастап, Қызылорда әуежайы халықаралық рейстер орындайтын әуе көліктерін қабылдауға жіберілді. Атап айтқанда Ресеймен әуе қатынасы жолға қойылды: Мәскеуден ара-тұра "Аэрофлот" қатынайды. Өзге шет мемлекеттерге рейс жасалмайды.

2019 жылы әуежай терминалын жөндеу, қайта салу жобасы қабылданды. Соның арқасында өткізу қабілеті сағатына 250 жолаушыға дейін артуға тиіс болатын. Жемқорлығы үшін жеті жылға сотталып кеткен Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов тұсында құпталған жобаға 18,9 миллиард теңге жұмсау көзделді.

Дегенмен, облыстың жаңа басшылығы жаңа әуежай құрылысынан бас тартып отыр. Өйткені жоба қымбатқа түспек, әрі өзін-өзі ақтамайды. Оның орнына ескі ғимаратына реконструкция жүргізілмек.

"Бұл өте өзекті мәселе. Себебі, қалаға келген қонақтардың бәрі ең алдымен әуежайға қарап, пікір түйеді. Бұл мәселені шешу бағытында белсенді жұмыс жүргізудеміз. Бұрын үлкен жоба болған, әйткенмен ол өте қымбатқа түседі – 18 миллиард теңге қажет. Дағдарысты кезеңде біз одан бас тарттық. Оның үстіне бізден қашық емес жерде, Түркістанда жаңа үлкен әуежай бой көтерді. Сондай-ақ Байқоңырда да әуежай бар. Осының бәрін ескере келе біз қолданыстағы әйежай ғимаратын кеңейтіп, қайта қалпына келтіруге шешім қабылдадық", – деді облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

Бүгінде әуежай реконструкциясының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ол биылғы жыл басында әзір болуға тиіс. Жобаға шамамен 1,5 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарланған. Нәтижесінде, әуежайда өзге халықаралық терминалдарда үйреншікті болған жүк лентасы, күту орындары пайда болады деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу