banner

Қызылордалық кәсіпкер түйе сүтінен шоколад жасап шығармақ

2961

Сондай-ақ түйенің еті мен өркеш майын арнайы қаптамаға салып, тұтынушыларға ұсынуды жоспарлап отыр.  

Қызылордалық кәсіпкер түйе сүтінен шоколад жасап шығармақ Фото: Дәулет Шымкенов

Араб елдеріне саяхаттап барған қазақстандықтардың дені түйе сүтінен жасалған шоколадтың тәттілігін аузының суы құрығанша мақтайды. Дәл осындай отандық шоколодты өзімізде өндіретін күн де алыс емес секілді. Қызылордалық кәсіпкер Дәулет Шымкенов алдына осындай үлкен жоспар қойып отыр.

Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде тұратын Дәулет Шымкенов пен жұбайы Нұрсұлу Жолмахан бүгінде отбасылық бизнесті осылайша дөңгелентіп отыр. Олар былтыр "Бизнестің жол картасы – 2025" мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант ұтқан. Мемлекет тарапынан берілген 3 млн теңгеге арнайы технология арқылы түйе сүтін өңдеп, әдемі ыдыспен сатылымға шығаруда.

Қосымша 4 адамды жұмысқа алып, айына 700 литр шұбатты тапсырыс берушілерге жөнелтіп отыр. "Ақнар" брендімен нәрлі сусын шығаруды қолға алған ерлі-зайыптылар өнімді ауданнан бөлек, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкент қалаларына жөнелтеді.

"Түйе сүті сиыр мен жылқының сүтіне қарағанда екі-үш есе минералға бай. Шұбаттың өзгелерге қарағанда майлы әрі құнарлы болып келетіні сондықтан. Мемлекеттен алған қаржыға әкелінген ресейлік жартылай автоматтандырылған құрылғы арқылы сүтті өңдейміз. Ал түйе сүті жеке қожалықтардан таза әрі табиғи күйінде қабылданады. Ыңғайлы бөтелкеде, той-думан дастарханының сәнін келтіретіндей етіп дайындаудамыз. Келешекте бұл кәсіпті ұлғайтып, түйе сүтінен шоколад өнімдерін шығарғымыз келеді. Бұған қосымша түйенің еті мен өркеш майын да осындай үлгіде арнайы қаптамаға салып, өз тұтынушыларымызға ұсынсақ деген жоспарымыз да жоқ емес", – дейді Дәулет Шымкенов.

Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде мұндай кәсіп иелері жетерлік. Мәселен, осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, облыста тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 122,3 пайызға артып, 69 415 бірлікті құраған. 1 шілдедегі жағдай бойынша бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 107 387 адамға жеткен. Қаңтар-маусымда шағын және орта бизнес 232,5 млрд теңгеге өнім өндірді. Оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесі облыс бойынша 15,5 пайызды құрады.

"Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 20 млрд теңге қарастырылды. Атап айтқанда, "Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" шеңберінде 5,3 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда несие портфелі 16,5 млрд теңгені құрайтын 935 жоба субсидияланды және 991 жобаға кепілдік берілді. Өңірдегі ауыл кәсіпкерлеріне кредит беруді жүзеге асыратын "Қызылорда" өңірлік инвестициялық орталығына 1,2 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 928 млн теңге сомасына 145 жоба қаржыландырылды. Айта кету қажет, биыл Аграрлық несие корпорациясынан "Қызылорда" өңірлік инвестициялық орталығына 1 млрд теңге тартылған болса, қосымша 500 млн теңге тарту көзделуде. Жалпы, 2015 жылдан бастап бұл орталықпен микро және шағын бизнестің 2 227 жобасы 10,3 млрд теңге шамасында жылдық 2 пайызбен, 6 пайызбен несиелендіріліп, 2,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды", – деді басқарма басшысының орынбасары Р.Сұлтангереев

Бұдан бөлек, Аграрлық несие корпорациясына осы жылы шамамен 9 млрд теңге қарастырылып, бүгінде 8,3 млрд теңгеге 496 жоба қаржыландырылды. Кәсіпкерлікті қолдау нәтижесінде 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 25 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу