Қызылордалықтар қазақтың ортақ қайғысына қол ұшын беруді жалғастыруда

3121

Ел басына күн туған сын сағатта Сыр жұртшылығы арыстық ағайынға қол ұшын соза білді. 

Қызылордалықтар қазақтың ортақ қайғысына қол ұшын беруді жалғастыруда

Жапа шеккендерге автокеруенмен азық-түлік, керек-жарақтар әлі де жол тартуда. Барлық өңірлердегі "Арыс, біз біргеміз!" қайырымдылық акциясына қомақты үлес қосуда. "Жаңарған Жаңақорған Жастары" еріктілер тобының белсенділігі жоғары болып отыр.

Алғашқы күні  қызылордалықтар қайырымдылық керуенін жасақтап,15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық пен 1,5 тонна сүт және гигиеналық-тұрмыстық қажетті заттар арыстықтарға жеткізіліп үлестірілді.  

Қызылорда қалалық мәслихатындағы "Nur Otan" партиясы депутаттық фракциясының мүшелері 174 мың теңге ,"Нұр Отан" партиясының қызметкерлері 300 мың теңге көлемінде бір күндік жалақыларын аударды. Имамзада Шағыртаев 1 млн теңге, Темірхан Әлімқұлов 300 мың теңге  қаржылай қолдау көрсетті.  

Облыстың үздік жастары соның ішінде "Жас Отан" ЖҚ 50 еріктісі көршілес ағайынға көмек көрсетуге жол тартты. "Ақжан су" ЖШС-нен 1002 дана ауыз су жеткізді. Тұрғындар тарапынан гигиеналық заттар, балалар киімдері секілді заттар жинақталуда.

 "Қабылдау бекеттері тәулік бойы жұмыс жасап жатыр.  Жаңақорған аудандық және Тұран партия филиалдары белсенділері 490 мың теңге қаражат жинады. Сонымен қатар, Арыс қаласының тұрғыны, қазір Қызылордада туыстарының үйін паналап отырған Рима Тулеуоваға  50 мың теңге қаржылай және азық-түлікпен көмек көрсетілді.  Бұл жұмыстар жалғасатын болады",– дейді "Nur Otan" партиясы Қызылорда облыстық филиалының баспасөз хатшысы Нұрлыбек Қасымов.

Облыс әкімі жанынан құрылған штаб пен аудандардағы "Nur Otan" партиясының филиалдары мен мешіттерге азық-түлік пен киім-кешек және қаржылай  көмектерін беруге жұртшылық өкілдері әлі де ағылуда.  Жергілікті атқарушы органдар мен мекемелердің қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударуды жалғастыруда. 

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу