Қызылорданың жолына 18 млрд-тан астам қаржы бөлінген

Өңірдің жол желісін дамытуға қаражат төрт мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінеді.  

Қызылорданың жолына 18 млрд-тан астам қаржы бөлінген

"Егер біз жаңа жолдар салсақ, онда ол жолдар сапалы әрі төзімді болуы керек" деген Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетовке осындай талап қойды.

"Қызылорда облысының автомобиль жолдарын жөндеуге бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Бұл қаражат жолдардың сапасын жақсартуға, тұрғындардың өмірін жеңілдетуі тиіс. Сондықтан мердігерлердің жұмысын тұрақты бақылауда ұстаңыз", – деді Г.Әбдіқалықова.

Өз есебінде М.Тілеумбетов "Өңірдің жол желісін дамытуға қаражат төрт мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінуде" деді.

"Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша биыл 6 млрд 223 млн теңге бөлініп, облыстық және аудандық маңызы бар 147 шақырым автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал "Өңірлерді дамыту" бағдарламасымен Қызылорда қаласының Бейбарыс көшесінен Қызылжарма каналына дейін жол салу жоспарлануда, бұл 1 млрд 189 млн теңгені құрайды. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша 1 млрд 958 млн теңге бөлінді, оның 48%-ы игерілді. Сондай-ақ "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы арқылы 8 млрд 626 млн теңге бөлініп, осы қаржыға жоспарланған жұмыстардың 81%-ы орындалды", – деді басқарма басшысы.

Жергілікті бюджеттен елді мекендердегі көшелер мен көпір өткелдерін жөндеуге 2 млрд 293 млн теңгеге 20,7 шақырымды құрайтын жолдар жөнделіпті.

"Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бөлінген қаражаттың 17 млрд 931 млн теңгесі немесе 95%-ы игерілді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесі қазір 69% құрайды. Сонымен қатар 21 жол нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Оның 15-і іске қосылды, қалған алтауы бойынша жұмыстар қараша-желтоқсан айларында аяқталатын болады", – деп нақтылады М.Тілеуімбетов.

Айтпақшы, Қызылорда облысының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы үш мың шақырымнан асады.

Г.Әбдіқалықова Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Нәжмадин Шамұратовтың да жұмысын саралады.

Н.Шамұратов автомобиль, теміржол және су көлігі саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау жөніндегі жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, автомобиль көлігі саласында биыл өңірде бір жарым мыңға жуық құқық бұзушылық анықталып, оларға 50 млн теңге айыппұл салынғанын, 35 млн-ы республикалық бюджетке өндірілгенін айтты.

"Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жүктерді тасымалдау қағидалары талаптарының сақталмауы, ауыр салмақты және ірі габаритті жүктерді тасымалдау кезінде арнайы рұқсаттың болмауына қатысты. Сонымен қатар пандемия кезінде жолаушылар тасымалына тыйым салынғанына қарамастан, жұмысын жалғастырған тасымалдаушылар жауапқа тартылды", – деді инспекция басшысы.

Су айдындарында биыл 4 көлік оқиғасы салдарынан 5 адам суға кеткен. Қайғылы жағдай балықшылардың су көлігін қауіпсіздікті сақтамай басқаруынан болған.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу