Қызылорданың жылыжайында лимон мен банан жайқалып тұр

Ақерке Кеңесбайқызы – 20 жылдан аса тәжірибесі бар жылыжай маманы. 

Қызылорданың жылыжайында лимон мен банан жайқалып тұр Фото: Рыскелді Сәрсенұлы

Ол "Қызылордада өспейді деген өсімдік, көкөніс не ағаштың түрі жоқ" деген пікірде.

Inbusiness.kz тілшісі бағбанның жылыжайына арнайы барып, ондағы түрлі-түрлі кереметтерге тап болды.

Кейіпкеріміз – Қызылордадағы "Болашақ" университетінде аға оқытушы болып қызмет атқарады, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі деген де атағы бар.

Ол Сыр топырағында, яғни жылыжайында банан мен лимонды жайқалтып отыр. Болашақта агродүкен ашуды да мақсат тұтады.

"Көбі менен "Жылыжай салу қанша қаражат керек?" деп сұрайды. Жылыжай салу үшін миллиондап құрту керек емес. Аз ғана қаржымен бастап, кәсібінің берекесіне қарай кеңейте берсе болады. Көшет өсіру – қазір жұмыссыз, үйде отырған азамат, азаматшалар үшін таптырмас дүние. Наурыз айынан бастап өсірсе, базарда саудасын жүргізуге мүмкіндік бар. Құлпынай өсірушілер кейде ол өнім берген соң, ары қарай тоқтап қалады деп қателесіп жатады. Негізінде, құлпынай өнім беріп болғаннан кейін мұртшаларын, жалпақ тілмен айтқанда, балаларын жібереді. Соның көмегімен көбейтіп, қаншама көшет істеп сатуға болады. Ал лимонның қаламшасынан көбейтіп алып, оны да сатқан тиімді. Мұндай көшеттердің бағасы қымбат, кем дегенде 10-15 мың теңге тұрады", - деді ол.

Осы күні Ақерке Кеңесбайқызы университеттің жылыжайын және жеке әуесқой ретінде өз кәсібін де жүргізіп келеді. Әуелде жылыжай басшылығы лимон отырғызу үшін Өзбекстаннан арнайы мамандар шақырған екен. Бірақ, олардың еккені өнім бермеген.

"Бір жыл уақыт өткен соң, мен 40 түбін әкеліп, баптап, өсірдім. Қазір 2,5 жылдай болды, түйнек беріп тұр. Лимон еккеннен кейін, 8 ай өткен соң піседі. Қызылорданың суының тұздылығы лимонның тезірек өнім беруіне ықпал етеді. Негізі 3 жылда өнім беруі керек болған лимон 2 жыл ішінде өсіп, жеміс берді. Алғашында керекті дәрілерді пайдаланған жөн, кейіннен қарапайым әдіспен-ақ өсіре беруге болады. Ал, бананның 3 түрін өсіріп жатырмын. Оның да көшетін сату тиімді секілді. Жалпы, жылыжай Қызылордада жылыжай бизнесін дамытып, жеміс-жейдек, көкөністердің бағасын қалыпты ұстап тұруға болады", - деді бағбан.

Жылыжай шебері экзотикалық жеміс-жидектерден тыс, гүлдің түр-түрі мен әртүрлі дақылдардың, көкөністердің көшетін өсіруді де кәсіп еткен. Бағбан жылыжай өндірісін енді меңгеріп жатқандардан көмегін аяған емес. "Алдағы уақытта үлкен инновациялық жобаларға қатысып, грант жеңіп алсам" деген ниетті де бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу