LADA XRAY Cross Қазақстанда құрастырылады

20103

Жобаны "АЗИЯ АВТО" жүзеге асырады.

LADA XRAY Cross Қазақстанда құрастырылады

Ресейдің ірі автоөндірушісі "АвтоВАЗ" АҚ ТМД елдерінің журналистеріне LADA XRAY Cross автокөлігін таныстырды. Шара шеңберінде тест-драйв ұйымдастырылды.

Inbusiness.kz порталының тілшісі, осы жолдардың авторы LADA XRAY Cross кроссоверін сынақтан өткізген алғашқы қазақстандық болды. Бұған дейін еліміздің бірде-бір азаматы LADA XRAY Cross кроссоверін жүргізіп көрмеген. Себебі бұл көлік біздің елге экспортталмаған, яғни әзірше сатылымда жоқ.

Калининградтағы кездесу
Нұр-Сұлтаннан Мәскеуге, Мәскеуден Калининградқа жетіп, шетелдік  әріптестермен Храброво әуежайында кездестік. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь елдерінен келген тілшілер тобын "АвтоВАЗ" АҚ өкілдері қарсы алып, жұмыс жоспарымен таныстырды. Осыдан соң олар бізді қаз қатар тізіліп тұрған су жаңа LADA XRAY Cross көліктеріне бастап барды.

"Құжатқа қол қойыңыз!"
Бізді автокөлікке отырғызып, қолымызға кілт бергеннен кейін "АвтоВАЗ" АҚ өкілі осылай деді. Тиісті құжаттарды рәсімдегеннен соң, бірден іске кірістік. 

Ендігі сәтте біз LADA XRAY Cross автокөлігін тізгіндеп бара жаттық.

Макс Миссананың мәлімдемесі

Crystal House қонақ үйінің мәжіліс залында өткен баспасөз мәслихатында"АвтоВАЗ" кәсіпорнының экспорт бойынша директоры Макс Миссана журналистердің сұрақтарына жауап берді.

"LADA-ның қазіргі экспорттық сатылымы ерекше қарқынға ие. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 74%-ды құрап отыр. Болашақта LADA XRAY Cross Қазақстанда құрастырылады. Жобаны "АвтоВАЗ"  бен "АЗИЯ АВТО" бірлесіп жүзеге асырады", – деді ол.
Биылғы жылдың алғашқы алты айында LADA-ның ТМД-ғы сату көрсеткіші қандай болғаны төмендегі кестеде көрсетілген. Байқағаныңыздай, LADA ТМД нарығын ерекше қарқынмен жаулап жатыр.

LADA-ның Қазақстандағы, Беларусьтегі сату көрсеткіші ауыз толтырып айтарлықтай. Өзбекстан мен Әзербайжандағы нәтиже де жаман емес. Ал Қырғызстан LADA-ға биылдан бастап бет бұрды.

LADA XRAY Cross кроссоверіне келетін болсақ, "АвтоВАЗ" аталмыш автокөлікті былтыр Мәскеуде таныстырды. Ол бір жылда халықтың сүйікті "темір тұлпарына" айналып үлгерді. Осы айдан бастап LADA XRAY Cross Беларусияға, Арменияға, Әзербайжанға, Тәжікстанға, Өзбекстанға және Қырғызстанға экспортталады. Ал биылғы жылдың IV тоқсанынан бастап, Қазақстанда құрастырылып, сатылады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу