Лаңкестік акт қайталана берсе, арабтар елге жоламайды

2983

Шығыс Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвестор марал шаруашылығына қатысты жобаға инвестиция салуға дайын.

Лаңкестік акт қайталана берсе, арабтар елге жоламайды

Бұл туралы abctv.kz порталының тілшісіне облыстың қысқы нысандары жөніндегі баспасөз туры барысында "Климовка" демалыс базасының директоры Владимир Климов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жобаның құны – 1,6 млрд теңге. Бұл қаражатқа демалыс базасы жанынан ауданы 3 га марал өсіретін орын құрылмақ. Сонымен қатар 400 марал мен 200 бұғы сатып алынып, жыл бойына жұмыс істейтін панта мен өсімдікпен емдеу, сондай-ақ марал өсіретін жерді көруге мүмкіндік беретін арқан жолы салынуы керек. "Аң аулау шаруашылығында ақша төлеп, аң аулауға болады", – дейді Владимир Климов.

Араб инвесторы осы жылы қыркүйек айында Шаржада өткен "Жаһандық бизнес-форум -2016" форумында қазақ жобасына қызығушылық танытты. Құрамында бизнесмен Владимир Климов бар қазақ делегациясы үш күн бойы араб әмірлігінің іскер қауымдастығын қызықты жобалармен таныстырды. "Марал шаруашылығына қатысты жоба арабтарға күшті әсер етті", – деп әңгімеледі "Климовка" демалыс базасының иесі. Оның айтуынша, инвестор марал шаруашылығы аң аулау-емдеу кешенін салуға қажетті соманы салуға дайын екендігін айтты.

Арабтарды, әсіресе, панта-өсімдікпен емдеу қызықтырған. Кәсіпкер бұл бизнестегі арабтардың үлесі қандай болатынын айтқысы келмеді.

Аң мен балық аулау – "Климовка" демалыс базасының басты ерекшелігі. Аң аулау маусымына қарамастан, бұл жерде аң мен құс аулау басталады. Сонымен бірге тек осы жерде ғана сүрлеу жолда шаңғы теуіп, қалың орман арасында өмір сүруге үйренуге болады.

Туристер бұл жерге дәл осы ерекшелік үшін келеді. "Бізге ОАР, Аустралиядан, Кореядан, Қытайдан, Америкадан, Канададан туристер келген. Кім болмайды десеңші. Бұл жерде "Особенности национальной охоты" фильміне түскен актерлер Алексей Булдаков пен Вилле Хаапасало, көптеген әнші мен елші болды", – дейді демалыс базасының директоры. Владимир Климов демалыс базасына жыл сайын қанша адам келетіні жайында, "көз тиеді" деп, айтқысы келмеді.

Бұл демалыс орны – өңірдегі ең ескі демалыс орны. Оның ауданы 5 га, 1970 жылы құрылған. Владимир Климовтың айтуынша, елу жылдық тарихы бар демалыс орны үш рет өртенген. "Соңғы рет 2006 жылы өртенген. Үш ай ішінде бәрін қалпына келтірдік", – дейді Владимир Климов.

Демалыс базасында 60 адамға есептелген 14 үй бар. Кәдімгі ағаш үй. Демалатын әр адам 20000 теңге төлейді. Оның ішіне үш мезгіл тамақтану, атта серуендеу, монша кіреді. Ал қымбат "президенттік" деп аталатын үйдің жеке моншасы, джакузиі, бассейні бар. Екі адамға тәулігіне 1000 доллар. Мұндай vip-үйді салуға жарты миллион доллар жұмсалған. "Бұл қымбатқа түсті. Несие алдық, әлі күнге дейін төлеп отырмын", – дейді Александр Климов.

- Владимир мырза, инвесторлармен келісім жасалды ма?

- Жоқ, олар келмеді, өйткені сол кезде Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға қатысты шу көбейіп кетті ғой.

- Енді келмеуі де мүмкін ғой...

- Неге? Келеді. Олар бұл жобаның келешегі мол деп есептейді...

- Сіздерге келетін туристер көп пе?

- Әрине, дегенмен бұдан да көп келсе екен дейміз. Бірақ біздегі мәселе – жақсы қызмет көрсетуде болып тұр. Егер туристер қаптап келетін болса, оларға қызмет көрсетуге шамамыз келмей қалады. Лайықты қызмет көрсететін кәсіби маман жоқ.

- Алматыда "Аспаздар қауымдастығы" бар ғой, содан неге шақырмайсыздар?

- Мен қауымдастыққа кіруден тәжірбием бар. Жиырма жыл бұрын Алматыдағы туристер қауымдастығына кіріп, сол кездегі ақшамен жеті мың төлеген болатынмын. Алайда сол жерден бірдеңе үйрендім деп айта алмаймын. Бұл мәселені жергілікті кәсіпкерлер палатасымен шешпекпіз.

- Туристік саланың тағы да қандай түрін атай аласыз?

- Бұрын туристік кластердің бағдарламасы болған еді. Бұл мәселені 2002 жылы көтерген болатынмын. Кластердің не екенін ешкім білмейді. Бұл кластерде қатысушының көп болғаны дұрыс. Мысалы бізге немістер келген кезде кездесуді Алматыға белгіледік. Осы жерге келгенге дейін еліміздің жартысын шарладық. Біріншіден, бұдан туристер жақсы әсер алды. Оларды Қазақстанда тағы не бар екені қатты қызықтырды. Сол үшін олар екінші рет келуге де дайын. Екіншіден, осы жұмыстың арқасында туроператорлар, таксистер, Алматыдағы, Капшағайдағы, Алакөлдегі дәмханалар ақша тапты. Міне осыны кластер деуге болады. Бізде туристерді апаратын жер өте көп. Сонымен бірге жиналыстарда туризм мәселесін жиі көтереді, ЭКСПО-ның ашылуына да аз қалды. Бірақ ШҚО бойынша бағдар әлі әзірленген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу