Латифундистер заңдастырылғалы жатқан жоқ па?

1832

Бір жеке және заңды тұлғаға 478 мың гектарға дейін жер иеленуге рұқсат ету ұсынылып отыр.

Латифундистер заңдастырылғалы жатқан жоқ па?

Елімізде шамадан тыс көп жерді астына басқан латифундистерге тосқауыл қою – ел болашағына алаңдаған бұқараның талабы болатын. Бір қолға берілетін жер көлемін қатаң шектеу – 2016 жылғы 13 тамызда өз жұмысын тәмамдаған Жер реформасы жөніндегі алғашқы комиссияның ұсынымы болатын (2021 жылғы 25 наурыз бен 24 сәуір аралығында Жер реформасы жөніндегі екінші комиссия жұмыс істеді).

Бұл ұсынымдар Жер кодексіне және ұлттық заңнамаға енгізілген еді.

Алайда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, сол аса маңызды нормалар үшін өмірге жол ашатын нормативтік құқықтық актілер қабылданбаған көрінеді.

Осыған байланысты АШМ ұзын-сонар аты бар: "Шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін Қазақстан азаматында, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін шетелдік қатысуы жоқ Қазақстанның мемлекеттік емес заңды тұлғасында және оның үлестес тұлғаларында уақытша жер пайдалану құқығында болуы мүмкін республиканың және бір әкімшілік ауданның, қаланың, облыстың  шегіндегі ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті, ең жоғарғы мөлшерлерін бекіту туралы" Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі.

Жоба қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.

Ол біріншіден, бұрын қабылданған, бірақ жүзеге асыру тетіктері түзілмегендіктен, іске қосылмай жатқан заңдарды – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 4 мамырдағы, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 30 маусымдағы заңдарды іске асыру үшін қажет.

Екіншіден, ол шаруа немесе фермер қожалығын жүргізетін Қазақстанның 1 азаматында және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізетін, шетелдіктердің үлесі жоқ отандық 1 жекеменшік компания-кәсіпорынның иелігінде қанша көлемде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бола алатынын межелеп, бекітеді. Яғни, жер учаскелерінің ең жоғарғы мөлшерлері, лимиті белгіленеді.

"Әйтпесе, күні бүгінге дейін жеке немесе заңды тұлғаның жалдау құқығында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең жоғарғы мөлшерлері реттелмеген, шектелмеген. Аталған құжат облыстардың өкілді және атқарушы органдарының бірлескен ұсыныстары негізінде әзірленді. Қаулы жобасына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері еш ескертусіз келісті", – деп түсініктеме берді АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев.

Шектеу құрсауламайды, қайта кең өріс ашады

Құжат бір адам не компанияның бүкіл еліміз бойынша емес, тек бір елді мекен аясында жер иеленуіне ғана шектеу енгізеді. Бұл бір аудан не қаланы жалғыз латифундист астына баспауы үшін жасалса керек.

Алдымен "шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуім үшін қажет" деп, 1 адамның қай өңірде қанша көлемде жер ала алатынына тоқталсақ.

Құжатқа сәйкес, бір қолға беру ұсынылып отырған ауыл шаруашылығы алқаптарының шекті, ең жоғарғы мөлшерлері Ақмола облысы бойынша ең азы – Көкшетау қаласында (900 гектар, соның ішінде 1 адам 500 га егістік, 150 га шабындық, 250 га жайылым еншілей алады), ал ең көбі – Қорғалжың ауданында (5 200 га, соның ішінде 1 900 га – егістік, 1 300 га шабындық, 2 000 га жайылым қанжығалай алады). Облыстың қалған 17 қаласы мен ауданында бір қолға берілуі мүмкін жер телімінің лимиті 3,7-4,5 мың гектар аралығында. 

Ақтөбе облысында ең аз лимит – өңір астанасына тиесілі: Ақтөбе қаласында жалпы көлемі 1 513 га (тиісінше, 498, 29 және 986 га) жер телімін алуға мүмкіндік жасалмақ. Ең көбі – Байғанин ауданында: 26 498 гектар (105 га шабындық және 26 393 жайылым). Қалған 11 ауданында 2,5 мыңнан 16 258 гектарға дейін құбылады.

Жұңғо елімен қоңсы қонған Алматы облысында ең аз лимит – Текелі қаласына (367: 26, 1 және 340 га) және Іле ауданына (1 090: 40, 50 және 1 000) тиесілі. Ең көп шек – Алакөл ауданы (95 760 га: 670, 103 және 94 987) және Балхаш ауданы (72 681 га: 315, 107 және 72 249 га) үлесінде. Қалған 18 қала мен ауданда бұл көрсеткіш 1,3 мыңнан 56 337 гектарға (Қапшағай қаласында) дейін бармақ,

Атырау облысында ең аз лимит – аймақ орталығы Атырауға тән болмақ: жеке азаматқа әрі кетсе небары 63,5 гектар учаске беріледі (тиісінше, 0,2, 6,4 және 57,2 гектардан). Ең көбі – Жылыой ауданында: 98 325 гектар (0,1, 268,1 және 98 057 гектардан). Қалған 6 ауданда 3,5-37,2 мың гектар аралығында белгіленеді деп жоспарланған.

Ресей және Қытаймен қатар шектесетін Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жерлері тапшы өлке – Глубокое ауданы болып шықты: 4 450 (2 500, 2 850, 1 600) гектардан. Ең жомарты – Абай ауданы: 69 400 (1 200 га шабындық және 68 200 га жайылым). Өзге 16 қала мен ауданында – 5,9 мыңнан 68 100 (Аягөз ауданы) гектар аралығында.

Ресеймен іргелес жатқан тағы бір өңіріміз – Батыс Қазақстан облысында ең азы – Жәнібек ауданында: 6 523 (122, 441 және 5 960 га). Ең үлкен үлес беретіні – Жаңақала ауданы: 18 377 (77, 3 354 және 14 946 га). Басқа 10 ауданда 7,4-7,9 мың га аралығында бөлінеді.

Жамбыл облысында ең аз лимит – Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарында: әрқайсысында 8 мың гектардан енші беруі ықтимал. Ал ең көбі – Мойынқұм мен Сарысу аудандарында: 40 мың гектардан. Қалған 5 ауданда 9-25 мың гектар аралығында.

Қарағанды облысында ең шамалысы – Абай ауданында: 3 118 (1 254, 730 және 1 134 га). Ең көбі – Нұра ауданында: 82 783 (7 845, 1 427 және 73 511 га), сондай-ақ Жаңаарқа ауданында: 60 062 (2 068, 1 002 және 56 992 га). Өзгесінде 5,3-38,8 мың га.

Ресеймен шекарадағы Қостанай облысында ең азы – Қостанай ауданында: 2 450 (1 800, 50 және 600 га). Ең көбі – Амангелді ауданында: 9 350 (1 800, 500 және 7 050 га) және Жангелдин ауданында: 8 550 (1 000, 500 және 7 050 га). Басқа 15 аудан мен Арқалық қаласында 3,9-4,7 мың гектардан біркелкі белгіленген.

Қызылорда облысында ең азы – облыс орталығы Қызылордада: 800 (100, 100 және 700 гектардан). Ең көбі –  Жаңақорған ауданында: 10 000 (375, 375 және 9 625 га). Қалған 6 ауданда – 7,8-9 мың га аралығында.

Маңғыстау облысының 5 ауданында жайылым беру мәселесі ғана шектеледі: бір қолға – 7,5-9 мың гектардан.

Ресейге шектес орналасқан тағы бір аймағымыз Павлодар облысында ең аз шек – Павлодар қаласында: 2 306 (1 729, 567 және 220 га). Ең көбі – Екібастұз қаласында: 49 826 (506, 1513 және 48 212 га). Қалған 10 ауданда 3,3-19,5 мың гектар аралығында.

Ресейге жақын Солтүстік Қазақстан облысында ең аз шек Қызылжар ауданында: 3 400 (2 100, 400 және 900 га). Ең үлкені – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда: 28 405 (23 016 егістік және 5 389 га жайылым). Басқа 11 ауданда 4,7-20,3 мың гектардан келеді.

Түркістан облысында 1 адамға шаруа қожалығын жүргізуі үшін Мақтаарал ауданы – бар-жоғы 75 га, Жетісай ауданы – 80 гектар егістік жер ұсына алады. Тек Созақ ауданы ғана бір қолға 21 635 гектардан беруге қауқарлы көрінеді (20 га егістік, 25 га шабындық және 21 600 га жайылым). Қалған 14 аудан-қаладағы лимит 130 га мен 2 000 га (Арыс қаласы) аралығында.

Жерді үлестіруде қай өңір "жомарт"?

Енді жобаға сәйкес, алда қазақстандық заңды тұлғалар – 1 кәсіпорын-компания қанша жерге иелік ете алатынына тоқталсақ. Бұл ретте "ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін шетелдік қатысуы жоқ Қазақстанның мемлекеттік емес заңды тұлғасы мен оның үлестес тұлғаларында бола алатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің 1 әкiмшiлiк ауданның, қаланың шегіндегі шекті, ең жоғарғы мөлшерлері" келесідей.

Болашақта ең көп латифундистер шоқжұлдызы Алматы облысында шоғырлануы ғажап емес: мұнда 1 заңды тұлғаға Алакөл ауданында – 478 804 га, Балхаш – 392 408 га, Қапшағай қаласында – 281 685 га, Қаратал ауданында – 207 045 га, Ұйғыр ауданында – 193 264 гектардан жер алуға рұқсат ету ұсынылған. Қарағанды облысында ең көп лимит – 388 611 гектар (Ұлытау ауданында), Атырау облысында – 203 150 гектар (Жылыой ауданында), Ақтөбе облысында – 132 492 гектар (Байғанин ауданында: 527 га шабындық және 131 965 га жайылым). Түркістан облысында – 108 115 гектар (Созақ ауданында).

Өзге өңірлерде 100 мың гектарға жетпейді. ШҚО-да – 96 700 га (Абай ауданында), Павлодар облысында – 78 222 га (Екібастұз қаласында), БҚО-да – 73 754 га (Жаңақала ауданында), Ақмола облысында – 73 мың га (Целиноград ауданында), Жамбыл облысында – 70 мың га (Сарысу ауданында), СҚО-да – 62 мың га (Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда), Қостанай облысында – 61 500 га (Амангелді ауданында), Қызылорда облысында – 60 мың га (Арал ауданында), ал Маңғыстау облысында – 60 мың (Маңғыстау ауданында) гектарды құрайды.  

Қалай болғанда, Жер комиссиясының арқасында жаңғырған заңнамаға сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлері заңды тұлғаларға сатылмайтынын, тек ұзақ жыл жалдап, пайдалануға берілетінін еске сала кеткен жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу