Латын әліпбиі "Ресейдің көңілін аулау" құралы болып кете бере ме?

3443

Латын әліпбиіне көшу жұмыстары кейінгі кездері саябырсыды. Алғашқы жоспар бойынша, биыл бірінші сынып оқушылары латын әрпімен сауат ашуға тиіс болса да, мақсатқа жетудің ауылы әлі алыс. 

Латын әліпбиі "Ресейдің көңілін аулау" құралы болып кете бере ме?

Ғалымдар арасында әліпби және оның емле ережелері, ортологиялық құралдар бойынша "жетілдіру жұмыстары" жалғасып жатыр. Дегенмен Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қабаның "Сана" бағдарламасында айтқанындай, ғалымдар бір пікірге тоқтады деуге болады. Нақты іс, саяси сарапшы Арман Әмірдің айтуынша, Ресей ықпалымен кешеуілдеп жатқан болуы мүмкін.

Іnbusiness.kz тілшісі шаруаның қазіргі келіп жеткен деңгейі туралы шолып шығып, мәселенің мән-жайына үңіліп көрді.

Жаңа нұсқада қанша таңба, қанша дыбыс болады? Кириллицадан қай таңбалар қалады?

Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің құрамында 31 әріп бар. Сондай-ақ тіліміздің дыбыстық жүйесін толық бере алатын 28 дыбысымыз да толық сақталған. Тек кириллицадан в және ф әріптері қосылды. Оларды қосудағы басты себеп орыс тілі арқылы енген ғылым мен техника, білім салаларына қатысты қолданылатын жиілігі жоғары термин сөздердің қорын құрап тұр. Сонымен бірге һ дыбысы мен х дыбысына бір таңба берілу қарастырылған.

Ғалымдардың түсіндіруінше, соңынан емле қабылданғанда, ереже қай жерде қалай оқытылуы туралы нақты түсінік береді. Жаңа әліпби құрамы "бір әріп – бір дыбыс" принципіне толық негізделген.

Айта кету керек, С, Х, W сынды әріптер жаңа әліпбиде болмаса да, цитаталарда кезіксе, сол күйі жазыла береді.

Қазақтың төл әріптері қалай таңбаланады?

Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің құрамындағы төл дыбыстар диакритикалық белгілермен таңбаланатын болады. Мәселен, ә, ө, ү сынды дыбыстар умлаут диакритикасы арқылы таңбаланады: ä, ö, ü;  ғ дыбысы (ğ) бревиспен, ң дыбысы (ñ) тильдамен, ұ дыбысы (ū) макрон диакритикасымен таңбаланатын болады. Қазақ тіліндегі өнімді дауысты і дыбысы ноқатсыз ı таңбасымен белгіленетін болады (ını, bılım).

Кейбір сөздерге қатысты, емле ережесі өзгеруі мүмкін бе?

Себебі "жүрек", "бүгін", "құлын" деген секілді қазақ сөздерін "жүрөк", "бүгүн", "құлұн" деп, айтылуы бойынша жазған дұрыс, ал шетелден енген сөздердің (мысалы, компьютер) түбірін сақтап қалған жөн деп есептейтін ғалымдар бар.

Кез келген мәселе төңірегінде пікір алуандығы болады, бұл – заңды құбылыс. Әліпби мен емле төңірегінде де ғалымдар арасында көзқарас қайшылықтары бар. Бір мәмілеге келу үшін Орфографиялық жұмыс тобының бір емес, бірнеше мәрте кеңейтілген отырыстары өткізілді. Әліпби мен емлені сараптап талқылауға арналған бірнеше ғылыми семинарлар ұйымдастырылды. Осы жиындарда ғалымдар ұсыныстары мен пікірлері жан-жақты сарапталды. Ғалымдар тарапынан басымдыққа ие болған пікірлер басшылыққа алынды. Мәселен, әліпби құрамына 28 таңбаны ғана алған дұрыс па, әлде в, ф, һ әріптерін де әліпби құрамына ендіріп 31 таңбаны алу керек пе деген мәселеде Орфографиялық жұмыс тобының 95 пайызы 31 таңбаның қажеттігін қолдады. Төл сөздердің жазылуы бұрынғыдай сақталады. Емле ережелерінде тек шет тілінен енген сөздердің жазылуында ғана өзгешеліктер болады. Мәселен, шет тілінен енген "Компьютер" сөзі жаңа әліпби бойынша kompüter болып жазылады.

Я, ю сынды екі дыбыс беретін әріптер өзгере ме?

Я, ю сынды әріптер емле ережелердің негізінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бейімделіп жазылатын болады. Мәселен, я әрпі ia әріп тіркесімен жазылады: qoian, sia (қоян, сия). Ал ю әрпі iu әріп тіркесімен жазылады: qiu, jiu (қию, жию).

Ескерту. Жалпы бұл материал бекітілмеген әліпбидің жұрт назарына ұсынылған нұсқасы туралы жазылып отыр.

Кириллица орыс тілінде оқытатын мектептерде сақтала ма?

Қай жерде кириллица сақталып, қай жерде толық латынға көшу болатыны нақты белгісіз. Кириллица біразға дейін орыс тілді мектептерде, сондай-ақ аралас, өзге этностық мектептерде сақталуы мүмкін. Бірақ бір айтар кетерлігі, егер ол мектептерде қазақ тілі негізгі пән ретінде оқытылатын болса, онда олар да жаңа әліпби негізінде оқитын болады.

Ғалымдар нені талқылап жатыр?

Қазір ғалымдар арасында екі бағытта талқылау жүріп жатыр. Біріншісі, ғылыми бағытта. Қай дыбысты қалай таңбалаймыз деген бағытта. Екіншісі, әдістемелік бағытта. Яғни жазу емлесі туралы.

Жаңа әліпбиді ересектерге қалай үйретеді?

Әлі нақты белгісіз. Бұған дейін 2018 жылы латын графикасына дағдыландыру ретінде жалпыхалықтық диктант өткізілген және бұл халықты дағдыландыру деп түсіндірілген.

Латын әрпі Қазақстанға неге керек?

Мемлекеттің ұстанымы бойынша, заманауи технологиядан қалыспау үшін латын әліпбиі аса қажет.

Сарапшылардың пікірінше, кеңес кезеңінде өзгеріске ұшыраған қазақ дыбыстары қалпына келеді әрі Ресейдің ықпалы азаяды.

Латынға қашан толық көшеміз?

Латынға көшуден бұрын, алдымен, дайындық жұмыстары жүргізіледі. Жаңа әліпби және оның емле ережелері ресми түрде бекітіліп, қолданысқа енгізілуі тиіс. Одан кейін барып, соған сәйкес негізгі оқулықтар, ғылыми еңбектер жаңа әліпбидің негізінде басылып шығады. Осындай дайындық кезеңдері толық жүзеге асқаннан кейін, латынға толық көшуге болады. Қазір латынға 2025 жылы көшеміз деген жоспар өзгерген. Үкімет жаңа әліпбиге көшу 2023-2031 жылдар аралығында жүргізілетінін мәлімдеген.

Жалпы бизнес нысандары латынға көшуге дайын екені байқалады. Алғашқы сәттен-ақ бастаманы қолдап, сауда үйлерінен бастап шағын кәсіпкерліктер де маңдайшаларын ауыстырып үлгергені белгілі.

Мәселенің ұзаққа созылуының саяси жағы бар ма?

Біз бұл сұраққа жауап алу үшін саясаттанушы Арман Әмірге хабарластық.

"Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа 2017 жылы Назарбаев қол қойған болатын. Латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия мен түрлі жұмыс топтары құрылып, тіпті латын графикасына кезең-кезеңмен көшуінің іс-шаралар жоспары 2025 жылға дейін дайындалған болатын. Алайда арада бес жыл өткеніне қарамастан бұл бағытта ілгері жылжу байқалмайды. Қазақ әліпбиінің латын графикасына өткізуге бағытталған істен гөрі ақпараттық сүйемелдеудің көп екенің байқауға болады. Бес жылда нақты іс-әрекеттен бұрын, әлі  нақты бекітілген бір жаңа әліпбидің жоқ екенін білеміз. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің бірнеше жобалары ұсынылып, аяғында ешбірі қабылданбай, керісінше халықты шатастыруға алып келді. Оның салдары қазір көшеде кездесетін жарнама мен атаулардың бір стандартқа сай жазылмай, қателердің көп болуы. Бұл уәжді алдыға тартқан Президент Тоқаев қазақ тілін латын графикасына көшіруге асықпау керек деп айтқан болатын. "Deutsche Welle" арнасына берген сұхбатта Тоқаев бұл мәселені жан-жақты қарастырып, толық дайындықпен шешу үшін 2025 жылы қайта оралу керектігі туралы тапсырма да бергенін айтқан болатын. Тоқаевтың президенттік құзыреті 2024 жылы аяқталатынын, ал екінші мәрте сайланып-сайланбауы үлкен сұрақ екенін ескерсек ол саяси проблемаға айналып кеткен қазақ тілі мәселесін шешуге аса құлықты емес деген ой туындайды. Оның үстіне Тоқаев осы қадаммен Ресей басшыларының көңілін аулауы да мүмкін. Тоқаевтың латын қарпіне көшуіміз Ресейден алыстауды білдірмейді деп сан мәрте айтуы да осы ойға дәлел ретінде қарастырсақ болады. Оған қоса Тоқаевтың өзі қазақ тілін жетік меңгермеуі де латын қарпіне көшуге асықпауының бір себебі ретінде қабылдауға болар", – деген пікір айтты саясаттанушы.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу