Ленин кенті суға жарымай отыр

2832

Тұрғындар таза ауызсуды сағаттап күтуге мәжбүр.

Ленин кенті суға жарымай отыр

Павлодар қаласының іргесінде орналасқан Ленин кентінде таза ауызсу мәселесі талай жылғы түйткіл еді. Тұрғындар әкімдіктің табалдырығын сан мәрте тоздырып, әйтеуір 2016 жылы орталықтандырылған су құбырының құрылысы басталды. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан 2 млрд 100 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмысы бір жылдан астам уақытқа созылып, өткен жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Сөйтіп, кенттегі 2368 үйдің тең жартысы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бұл жұмысты атқарған "ЭкоСервис" ЖШС 1 метр құбыр тартуды 2500 теңгеге бағалады. Тұрғындар көшедегі құдық пен үйдің арақашықтығына байланысты 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін төледі. Ал бүгінде олар таза ауызсуды тек белгіленген кесте бойынша ала алады. Себебі судың қысымы тым төмен.

"Тазарту жұмыстары жүргізілген кезде тазарған судың көлемі тұтынушыларға жетпей қалады. Сондықтан "Коммун-Сервис" кәсіпорны су беру кестесін бекітті. Су мембранадан өтіп үлгермеуі салдарынан да қысым төмендейді. Соның салдарынан қиындықтар туындайды. Қазіргі кезде су құбырын өзге кәсіпорынға беру жұмыстары жүргізілуде. Нысан балансқа қойылған соң мәселе шешіледі деп ойлаймын", – дейді Ленин кентінің әкімі Болат Файзуллин.

Ал тұрғындардың тіршілік нәрін сағаттап күтетін тағаты таусылды.

"Облыс орталығынан небәрі 10 шақырым қашықта орналасқан, 10 мыңға жуық тұрғыны бар кенттің суға жарымауы – қиын жағдай. Ондаған жыл бойы орталықтандырылған жүйені күттік. Арманымыз енді орындалды ма дегенде тағы да түйткілге тап болдық. Әрқайсымыз қалтамыздан қомақты сома шығарып, құбырды үйге дейін тартып алдық. Ал нәтижесі жоқ. Оған қоса, біздегі су құбырына жақын маңдағы Потанин ауылын қосты. Жақында Алғабас ауылы да ортақтасады. Сонда күніміз не болмақ?",– дейді Ленин кентінің тұрғыны Ирина Пономарева.

Жергілікті әкімдік тығырықтан шығудың жалғыз жолы ретінде кешенді блок-модульді қолдануды ұсынып отыр. "Оны күзге дейін алмаймыз" деп те сендіріпті. Алайда бұл модульден ауызсу алу үшін таңғы сағат 7-8 ден келіп кезекке тұру керек. Әйтпегенде, жетпей қалуы әбден мүмкін. Күзде бұл модульді басқа елдімекеннің пайдалануына берсе, кенттегі жағдайдың қиындай түсетін түрі бар.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу