"Лимонға көп күтім керек емес, алма сияқты..."

1764

Жамбыл облысы Меркі ауданы Ақтоған ауылының тұрғыны Данияр Әбдіразақ біздің елге "бейтаныс" өсімдік түрін жетілдіріп отыр.  

"Лимонға көп күтім керек емес, алма сияқты..."

Inbusiness.kz тілшісімен әңгімелескен ол "Лимон мен апельсин Кореяда тау-тастың арасында өсіп тұрады" дегенді айтады.

"50-60 келі өнім береді"

"Лимон ағаш болып өседі. Біреуі жүз жылға дейін өмір сүреді. Аса көп бапты қажет етпейді, алма сияқты... суарып тұру керек. Жылына бір қырқып, дәрілеп қоясың. Біздің елде жылыжайда өседі. Температура нөл градустан төмендеп кетпеуге тиіс", – деді Данияр. 

Ол әзірге 25 көшет отырғызған. Ташкенттен мейер деп аталатын сорт алып келген. Көшет бағасын төрт жарым мың теңгеден алған.

Жалпы Жамбыл облысының ауа райы, Даниярдың сөзіне қарағанда, Оңтүстік Кореяға ұқсайды. Жер ылғалы аз болғанымен, құнары жақсы. Оның үстіне Данияр өзі мал өсіретіндіктен, тыңайтқышы дайын. Көң мен қарашірік өсімдікті жақсы қоректендіреді.

"Лимон негізгі жемісін көшет отырғызған соң, бес жылдан кейін бере бастайды. Қазір әр тал 15 келідей жеміс берсе, толық жеміс бере бастағанда 50-60 келіге дейін өнім алуға болады. Қазір де ақырын-ақырын жеміс беріп жатыр. Қарашаның аяғы, желтоқсан айларында піседі. Қазір өзіміз пайдаланып отырмыз", – деді ол.

Бұл аймақта лимон көшетін бірінші рет Данияр отырғызған. Қазір Ақтоған ауылының тұрғындары да меңгеріп келеді. Қазір ауылда үш жылыжайда лимон бар.

Идея мен қолдау

"Досым екеуміз Оңтүстік Кореяға барып Hyundai автокөлігін шығаратын зауытта жеті ай істедік. Тұратын жеріңді ары-бері аралап көресің ғой енді. Сонда осы лимон мен апельсинді жиі байқайтынмын. Сол жақта интернетті шолып, мән-жайына қаныққан болдым. Алайда оны күтіп-баптау туралы ешкімнен ештеңе сұраған жоқпын. Елге оралған соң, Өзбекстанға барып үйреніп келдім", – деп түсіндірді ол.

"Өзбекстанға баруыма "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ықпал етті. Делегациясымен барып, сондағы бағбандардан тәжірибе алдық", – деді Данияр.

Данияр "Бастау бизнес" жобасы аясында "Кәсіпкерлік негіздері" курсын өткен, содан кейін лимон өсіру туралы жоспар қорғап, екі жарым миллионға жуық қайтарымсыз грант ұтып алған.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу