Лисаковск қаласының тұрғындары шетінен бай деп жатыр

2564

Мұнда орташа жалақы тіпті облыс орталығынан жоғары көрінеді.

Лисаковск қаласының тұрғындары шетінен бай деп жатыр Фото: Ашық дерек көздерінен

Әдетте моноқала дегенде, "үрерге иті, сығарға биті қалмаған", тұрмысы әбден арттап қалған, тұрғындары боқшасын алып босып кеткен, тұрғын үйлерінің тозығы жеткен, жұртта қалған адамдарының жартысы ашыққаннан, жартысы арақ ішкеннен төрт бүктеліп жатқан қараң қалған қалалар елестейді. Өкінішке қарай, Қазақстанның біраз елді мекенінде осындай көңіл құлазытар көрініс орнағаны құпия емес.

Бірақ мұның Қостанай облысындағы Лисаковск қаласына көп қатысы жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Лисаковскіде орташа айлық жалақы 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда 275,2 мың теңгеге жетті. Салыстырсақ, облыс орталығы Қостанай қаласының өзінде 2022 жылы орташа жалақы 198 мың теңгені құрады.

Егер жергілікті хабарландыруларға үңілсеңіз, Лисаковскіде инженер-эколог іздеп жатыр, жалақысы – 400 000 теңге. Жүк көлігіне жүргізуші қажет, жалақысы 290 000 теңге. Жоғары білікті мамандардың табысы 500 мың теңгеден де жоғары көрінеді.

Әрине, бұл шаһарды шағын қалалар ішіндегі ең үлгілісі деуге де болмайды. Жергілікті басылымдардың қылмыстық хроникасы төбе шашты тік тұрғызатын оқиғаларға толы. Қалада арақ, шарап өнімдерінің түр-түрін шығаратын кәсіпорын бар. Жасырын "самопал" өндірісі де бұрыннан белең алған. Қалада мемлекеттік тілдің тынысы тарылып тұр. Мемлекеттік тілді дамыту мәселесін лисаковтық белсенділер былтыр облыс әкімімен кездесуде ашық көтеріп, талап та қойған. Бірақ содан соң аймақ басшысы ауысып кетті. Іргедегі Ресей қала тұрғындарын соғысқа жалдамалы болып баруға шақырып, жоғары төлеммен қызықтырып көріпті. Жұртшылықтың үлкен бөлігі көршінің пропагандасының ықпалында жүргенімен, оған қызығушылық шамалы болыпты деседі.

Сонымен бірге қаланың өз деңгейінде мақтана алатын жетістіктері де жетерлік. Сол себепті бұл қалаға биылғы жылдың басында, 21 қаңтарда Президент Қ.Тоқаевтың өзі келіп қайтты.

Мемлекет басшысы Лисаковск жылу орталығына бас сұқты. Сол кезде елдің әр өңіріндегі ЖЭО-ларда апат болып, бұл мәселе күн тәртібіне шыққан еді. Президент "Лисаковскгоркоммунэнерго" коммуналдық кәсіпорнына қарасты жылу электр орталығын өзі аралап шықты.

Лисаковск қаласының әкімі Абай Ибраевтың айтуынша,  жылу орталығы 1968-1978 жылдары пайдалануға берілген. Орталықтағы су жылыту қазандықтары соңғы рет 2020 жылы күрделі жөндеуден өтті. Олардың орташа тозу деңгейі 51%. Сондықтан таяу жылдары су жылыту қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қала әкімі алдағы уақытта жылу желісін, қаланың басқа коммуналдық инерақұрылымын жаңғыртып шығуға уәде етті.

Моноқала Президент алдында несімен мақтанды?

Тоқаев "Алақай" отбасылық ойын-сауық орталығында болды. Онда мысалы, Астанадағы Kango-ға ұқсас батут орталығы бар. "Алақайды" салуға жарты миллиард теңгедей инвестиция құйылыпты. Сондай-ақ тұз шахтасы, басқа да көңіл көтеріп, демалысты қызықты өткізуге арналған орындар бар. Орталық директоры Любовь Захарова жергілікті "олигарх" саналады, ол "Балақай" атты балабақшаға ие. "Алақай" жанынан аквапарк салуда. Бұдан бөлек, биыл скалодром, жазғы лагерь, басқа да жобаларын жүзеге асырмақ. Яғни, бизнес жүргізуге жағдай жасалған.

Жергілікті белсенді Еркін Әбіловтың айтуынша, Лисаковск белсенді дамып келеді. Қала жанында кремний карбидін өндіретін зауыт салу жұмыстары жүргізілуде. Құны 20 миллиард теңге тұратын кәсіпорын жылына 34 мың тонна өнім шығарып, 240 маманды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Бүгінде қала аумағында "Qazaqstan Electro Mineral Kompani" ЖШС жаңа кәсіпорны тіркелді. Жоба кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік картасына енгізілді. Жер учаскесі де бөлінген. Зауытты 2025 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

100 млн теңге тұратын стамотологиялық орталық іске қосылған. Елордалық "Kazagrodevelopment" компаниясы Лисаковскіде кинотеатры, футкорты, балалардың ойын аймағы, тұрмыстық техника залдары және басқасы бар "Күн қаласы" атты сауда ойын-сауық орталығын және оның айналасында тұрғын үй кешендерінен тұратын PYATI City тұтас шағынауданды тұрғызу жоспарын жариялады. Онда тіпті елорданың өзінде жоқ авторлық асүй мейрамханасы болады деп жоспарланған.

Жалпы, басқа моноқалалармен салыстырғанда, Лисаковск анағұрлым таза, абаттандырылған, жинақы көрінеді. Қала биылғы тамызда 52 жылдығын атап өтпек.

Лисаковск қаласы 1971 жылы осы аттас тау-кен байыту комбинатының айналасында құрылған. Іргесінен, 70 шақырым жерде Ресей төніп тұр. Ал облыс орталығы Қостанай 120 шақырым қашықтықта жатыр.

Қаланың әкімшілік-аумақтық ауданы 0,1 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Тұтастай алғанда, қаланың әкімшілік аумағына Лисаковск сыртында Октябрь кенті жатады.

Қаладан төрт шақырым жерде "Қостанай-Қарабұтақ" автомобиль жолы өтеді, сол арқылы Орталық және Оңтүстік Қазақстанмен, Ресей Федерациясымен көлік байланысы жолға қойылған. Шаһар экспорттық ағынға белсенді тартылған. Оның өндірген өнімдері Ресейге, Орталық Азия елдеріне және Қытайға Оңтүстік-Сібір магистралі, Майлин және Тобыл станциялары арқылы жолданады.

Қала табиғи ресурстарға бай: оның жерінің астында темір рудалары, боксит, сирек металдар, құрылыс материалдары, жерасты суларының салмақты қорлары бар.

Қала экономикасында жетекші рөл өнеркәсіп секторына тиесілі. Ол тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінен, жылу, электр энергиясын және суды өндіруден құралған. Соның ішінде қала экономикасының 79,1% үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібінің еншісінде. Жергілікті экономиканың негізгі дамуын қамтамасыз ететін "Қазақстан алюминийі" АҚ филиалы, Краснооктябрь боксит кен басқармасы және "Өркен" ЖШС Лисаковск филиалы. Оларға тіпті ресейліктер қатынап, табыс табатын көрінеді.

Бұған қоса, сүт өнімдерімен еліміздің өзге өңірлерін де, Ресейді де асырап отырған "Деп" (Деповский) бренді бар кәсіпорын да осында орын тепкен. Сыра жасайтын "Алтын Өмір" ЖШС, полиэтилен пленкасын шығаратын "Спутник-1" ЖШС, металл құрылымдарын жасаумен айналысатын "ЭксклюзивСтрой" ЖШС да соңғы жылдары жергілікті өңдеу өнеркәсібін ілгері сүйреп келеді.

Машина жасау секторында орақтар, арбашалар өндірісін  жолға қойған "Дон Мар" компаниясы қызмет етуде. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған, гофрлауға арналған қағаз өндіретін "ЛисБум.kz" ЖШС, жұмыртқа науа-лотоктарын жасайтын "Картонно-Бумажный комбинат-2015" ЖШС өнімдері де сұранысқа ие.

Нәтижесінде, қаланың өнеркәсіптік әлеуетінің жалпы көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 17,8%-ды құрады.

Қалада қандай проблемалар қордаланған?

2023 жылдың басындағы дерек бойынша Лисаковскіде жалпы саны 34,8 мың адам тұрады. Соның ішінде жұмысқа жарамды, экономикалық белсенді халық саны 22,4 мың адам.

Ұлттық экономика министрлігі Лисаковскінің таяу арада шешілуі қажет проблемаларын атады.

Біріншіден, соңғы үш жылда қалада көпқабатты 2 үй ғана салынды. 105 пәтерлі тағы бір тоғыз қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бірақ тұрғын үй кезегін қысқарту мәселесі өзекті болып қалуда. 2022 жылғы жағдай бойынша баспана кезегінде 636 адам тұр. Қалаға бағдарлама аясында еліміздің оңтүстігінен де отбасылар көшіп келіп жатыр, оларды бірінші кезекте пәтермен қамту қажет. Сонымен қатар жергілікті бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің 165 отбасы, 136 жетім бала, 304 халықтың әлеуметтік осал топтары, соның ішінде 31 көпбалалы отбасы баспанаға мұқтаж екен.

Екіншіден, "Өркен" ЖШС қарамағындағы Лисаков кен орнының темір кені концентратын дефосфоризациялау бойынша жобаны іске асырудың соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Әкімдік жобаға жан бітірудің түрлі шешімдерді қарастыруда, мысалы, темір кенін дефосфоризациялаудың жаңа оңтайлы технологияларын іздеу жұмыстары жалғасты. Осы жоба сәтті іске асырылса, онда темір кені концентратын өндіру көлемі 2 еседен астамға өсетін, ал экономикаға серпін берілетін еді.

Үшіншіден, қанша дамығанымен, оны провинция санап, жастар көрші Ресейге немесе еліміздің ірі қалаларына кетуде. Оларды қызықтырып, ұстап қалудың амал, тәсілдері қажет.

Төртіншіден, балалардың шығармашылық дамуы, дарынын ұштау үшін көбірек жағдай жасалғаны жөн. Сондықтан спорт секциялары мен өнер, ғылым, техника үйірмелері бір жерде шоғырланатын жеке Оқушылар сарайын салу күн тәртібінде тұрған көрінеді.

Оның үстіне қалада көркем сурет мектебінің, музыкалық мектептің жеке ғимараты жоқ. Мысалы, музыкалық мектеп №1 орта мектептің 3-қабатында, ал сурет мектебі мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының 4-қабатының бір бөлігінде ұйлығысып тұрады.  

40 үйірмесінде 2000-ға жуық баланы 3 бағыт: экологиялық-биологиялық, адамгершілік-эстетикалық, спорттық-техникалық бағыттар бойынша оқытатын жергілікті "Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы" коммуналдық кәсіпорнының да жеке ғимараты жоқ. Мәдениет үйі ғимаратында орналасқан. Мұның шешімі бар көрінеді.

"Қала орталығында сақалды құрылыс нысаны, яғни "Арай-Холдинг" ЖШС-ге тиесілі құрылысы аяқталмаған ғимарат бар. Оның жер учаскесін құрылысы бітпеген ғимаратымен бірге коммуналдық меншікке алып қою керек. Сонда бұл қаланың сәулеттік келбетін жақсартады, оқу процесінің талаптарына сәйкес келетін жаңа заманауи Оқушылар сарайын ашуға мүмкіндік береді, балаларға қосымша білім беру қызметі ұсынылады", – деп түсіндірді өңірлердің дамуына жауап беретін экономика министрлігі.

Бесіншіден, Лисаковск қаласы реновациядан өтуге сұранып тұр. Қазақстанда ұлттық жоба аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жүргізіледі. Ол үшін пәтер иелері мен коммерциялық жылжымайтын мүлік иелерінің үштен екісі соны қолдап, дауыс беруі керек. Қалада біраз үй тұрғындарының келісімі алыныпты. Енді бюджеттен қайтарымды қаражат бөлінуі шарт. Жөндеу аяқталған соң пәтер және орынжай иелері ол қаржыны ай сайын бір-екі мың теңгеден қайтарып отырады.

Лисаковск қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жалпы сомасы 46,1 миллиард теңге бағытталмақ. Нәтижесінде, 66 іс-шара жүзеге асырылады. Оның ішінде 5 іс-шара жеке инвесторларға жүктелген: 27,9 млрд теңге немесе қаржыландырудың жалпы сомасының 60,6%-ын солар бөледі.

Қалған 61 іс-шара Ұлттық қордан, республикалық, жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылады: 18,2 млрд теңге шығындалады.

Бұдан бұрын Ресеймен іргелес қонған бірқатар қалаларымызда даму жоспарлары аясында қорғанысын нығайтуға мән берілетінін, мысалы, бомбапаналар салынып, жабдықталатынын, тіпті соғыс кезінде шаһар басшылығы жұмысын жалғастыруы үшін "Қала әкімінің қала сыртындағы қосалқы басқару пункті" тұрғызылатынын жазған болатын.

Лисаковск қаласында бұл көзделмеген. Бетін аулақ қылсын, бірақ "сақтансаң, сақтаймын" деген. Іргеде "көзі дауасыз дерттің долы безіндей оқталып, тілі айыр сүңгідей жаланып", қанқұмар көрші тұрғанда, бәріне де әзір болып отырған, ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын шараларды қабылдаған артық болмас.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу