Ливанға да соғыс қаупі төніп тұр

1330

Оны қорғаймын деген "Хезболла" жайында не білеміз?

Ливанға да соғыс қаупі төніп тұр Фото: АР агенттігі

Ливандық "Хезболла" 2006 жылғы қанды соғыстан бері еврей мемлекетімен  кейінгі кездері күнде атысып, Израиль мен палестиналық "Хамас" тобы арасындағы қарулы қақтығыстың географиясын кеңейту қаупін туындатып отыр,  деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Иранға сүйенген бұл ұйым уақыты келгенде Таяу шығыстағы жаңа соғысқа  килігіп, өзі тәрізді Тегеранмен одақтас "Хамасқа" көмектесетінін ашық мәлімдей бастады.

Ал Израиль қорғаныс министрі 15 қазанда ескерткендей, Израиль өзінің солтүстігінде тағы бір майдан ашуға мүдделі емес және "Хезболла" өзін ұстаса, Израиль де шекарадағы жағдайды сол күйінде сақтауға дайын.

"Хезболла" қайдан пайда болды?

Иранның Революциялық Сақшылар Корпусы Ливандағы 1975-90 жылдардағы азаматтық соғыс өрті қаулап тұрған шақта, яғни, 1982 жылы "Хезболланы" құрды. Бұл - Иранның 1979 жылғы Ислам революциясын Таяу Шығысқа экспорттау және 1982 жылы Ливанға басып кірген Израиль күштерімен күресу әрекеттерінің бір бөлігі еді.

Тегеранның исламдық шииттік идеологиясын қабылдаған "Хезболла" көп кешікпей ливандық шиит мұсылмандарды өз қатарына тарта бастады.

Осылайша, бұл топ көлеңкедегі фракциядан Ливан мемлекетіне үлкен билік жүргізетін салмақты қарулы күшке айналды. Америка Құрама Штаттары мен кейбір Батыс үкіметтері және бірқатар мемлекеттер "Хезболланы" террористік ұйым деп санайды.

"Хезболла" әскері қаншалықты қуатты?

Ливандағы азаматтық соғыстан кейін басқа топтар қаруын тастағанымен, "Хезболла" негізінен шииттер мекендейтін оңтүстікті Израильден азат ету үшін қару-жарағын сақтап қалды. Сонымен қатар, бұл қозғалыс жылдар бойы  партизандық соғыс жүргізіп, 2000 жылы Израильді елден ақыры кетірді.

"Хезболла" өзінің әскери жетістіктерін 2006 жылы Израильмен бес апталық соғыс кезінде де көрсетті. Сол шайқас  "хезболлалықтар" Израиль жеріне өтіп, екі сарбазды ұрлап, басқаларын өлтіргеннен кейін басталғаны белгілі.

1200 ливандықтың (көбі - бейбіт тұрғындар) және 158 израильдіктің (көпшілігі - сарбаздар) өмірін қиған бұл әскери жанжал кезінде "Хезболла" Израильге мыңдаған зымыран жіберді.

"Хезболланың" әскери қуаты Иранның осы аймақтағы тағы бір одақтасы Сирияға барғаннан кейін тіпті өсті. Бұл Араб Республикасында "Хезболла" президент Башар Асадқа негізінен сүнниттік мұсылман көтерілісшілерімен күресуге көмектесті.

"Хезболла" қару-жарағымен де мақтана алады. Айтуынша, ол қолындағы аса дәл көздейтін зымырандарымен, дрондарымен  Израильдің барлық жерлеріне соққы беруге дәрменді. Ал 2021 жылы "Хезболла" жетекшісі Сайед Хасан Насралла топ құрамында 100 000 жауынгердің барын мәлімдеді.

Иран "Хезболлаға" қару-жарақ пен ақша береді. АҚШ әкімшілігінің дерегінше,  Тегеран бұл қозғалысты қолдауға жыл сайын жүздеген миллион доллар жұмсап отыр.

Израиль-Хамас соғысында "Хезболланың" рөлі қандай?

"Хезболла" Газаны бақылайтын "Хамаспен" де, Иранға арқа сүйеген тағы бір топ - "Ислам жиһадымен" де терең байланыста.

"Хезболла" 7 қазанда "Хамас" содырлары Газадан Израильге бұрын-соңды болмаған шабуыл жасап, 1400 адамның өмірін қиған күні "Палестинаның қарсыласушы басшылығымен тікелей байланыста" екенін мәлімдеді. Ал Израиль әуе күштері содан бері Газаға әлі қарқынды соққы беріп жатыр. Бұл операциялардан бүгінге дейін 5 мыңдай палестиналық мерт болды. Сол құрбандардың ішінде екі мыңдай бала бар.

7 қазаннан бері "Хезболла" шекарада Израильмен бірнеше рет атысты. Және де Ливанда орналасқан "Хамас" пен "Ислам жиһадының" жасақтары алғаш рет Ливан аумағынан Израильге шабуыл жасаған.

Осы атыстар кезінде "Хезболла" 27 содырынан, Ливан қауіпсіздік күштері 11 қызметкерінен, Израиль 7 жауынгерінен айрылған. Бұған қоса, соғыс қаупі төнгендіктен, Ливанның оңтүстігінде 20 мыңдай бейбіт тұрғын үйлерін тастап кетті. Израиль болса, өзінің солтүстігінде ондаған ауыл мен қауымдастық халқын эвакуациялағанын мәлімдеп отыр.

"Хезболланың" аймаққа ықпалы қандай?

"Хезболла" Таяу Шығыстағы Иран қолдайтын басқа да топтар үшін шабыт пен қолдау көзі. Ол Ирактағы қарулы топтарды дайындықтан өткізіп, сол жердегі ұрыстарға қатысты.

Сауд Арабиясы "Хезболланың" Йемендегі Иранмен одақтас шиит-хуситтерге көмектесу үшін де соғысқанын айтады. "Хезболла" болса, мұны жоққа шығарып келеді.

"Хезболланың" Ливандағы рөлі қандай?

"Хезболланың" Ливандағы ықпалы жергілікті шииттердің қолдауымен күшейді. Сол шииттер Ливанды Израильден "Хезболла" ғана қорғайды деп сенеді.

"Хезболлаға" қарсы партиялар бұл топты мемлекеттің негізіне нұқсан келтіріп, біржақты түрде Ливанды қарулы қақтығыстарға киліктіріп жатыр деп айыптап отыр.

Тағы бір айта кететін жайт, "Хезболланың" үкіметте министрлері мен парламентте заң шығарушылары бар.

"Хезболланың" Ливан саясатындағы рөлі 2005 жылы Саудиямен одақтас бұрынғы премьер-министр Рафик әл-Харири өлтірілгеннен кейін және Сирия Ливаннан әскерін әкеткеннен кейін күшейе түсті.

2008 жылы Батыс пен Сауд Арабиясының қолдауына сүйенген саяси күштер мен  "Хезболла" арасындағы билік үшін күрес қысқаша қақтығысқа ұласты. Және де сол кезде "Хезболла" жауынгерлері Бейруттің бір бөлігін басып алды. Ал 2016 жылы "Хезболламен" одақтас христиан саясаткер Мишель Аун президент атанды.

Арада екі жыл өткенде "Хезболла" мен одақтастары парламенттік көпшілікке қол жеткізді. Дегенмен, олар бұл басымдықтан 2022 жылы айрылып қалса да, Ливанға үлкен саяси ықпалын жалғастырып жатыр.

"Хезболла" батыс нысандарына шабуыл үшін айыпталды ма?

Ливан қауіпсіздік күштері мен Батыс барлаушылары "Хезболламен" байланыстағы топтардың 1980 жылдары Батыс елшіліктері мен нысандарына жанкешті шабуылдар жасап, талай адамды ұрлап әкеткенін айтады.

Америка Құрама Штаттары 1983 жылы өзінің Бейруттегі теңіз күштерінің штаб-пәтерін қиратып, 241 әскери қызметкерді өлтірген алапат жарылыс пен сол жылы АҚШ елшілігіне жасалған жанкешті шабуылы үшін "Хезболланы" айыптады. Сонымен қатар, 1983 жылы Бейруттағы казармада бомба іске қосылғанда, 58 француз десантшысы қаза тапты.

"Хезболла" жетекшісі Насралла 2022 жылы берген сұхбатында осы шабуылдар мен адамдарды кепілдікке алу оқиғаларын әңгімелей отырып, бұлардың бәрін "Хезболламен" байланысы жоқ шағын топтар жасағанын атап өтті.

Батыс үкіметтері мен өзгелер бұл топ туралы не дейді?

Батыс елдері, соның ішінде Америка Құрама Штаттары "Хезболланы" террористік ұйым деп есептейді. Осындай позицияны АҚШ-пен одақтас Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері де ұстанып отыр. Солардың ішінде Сауд Арабиясы да.

Еуропа одағы болса, "Хезболланың" саяси қанатын емес - әскери қанатын ғана лаңкестік топтар қатарына жатқызады.

Аргентина "Хезболла" мен Иранды 1994 жылы Буэнос-Айрестегі еврей қауымдастығы орталығында 85 адамды қырғынға ұшыратқан жарылыс пен 1992 жылы Израильдің Буэнос-Айрестегі елшілігінде 29 адамның өмірін қиған шабуыл үшін айыптады. Алайда, Иран да, "Хезболла" да бұл қастандықтар үшін мойындарына жауапкершілік алған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу