Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға төмендетті

461

Кезекті жоспарлы шешімі 4 қыркүйекте жарияланады.  

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға төмендетті Фото: Inbusiness.kz коллажы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/-1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жылдық инфляция тоғыз ай бойы төмендеп, мамырдағы 10,4%-дан маусым айында 10,3% болды. Азық-түлік инфляциясы 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 11,7% деңгейінде сақталды. Реттелетін коммуналдық қызметтер бағасының жылдық төмендеуі кезінде реттелмейтін қызметтердің қымбаттауы аясында қызметтер инфляциясы 9,0% (мамырда – 8,7%) көрсетті.

Айлық инфляция маусым айында 0,8%, ал базалық инфляцияның маусымдық факторлар ескерілмеген бағалау медианасы 0,9% болды. Қазіргі динамика дезинфляциялық импульстің әлсірегенін көрсетуі мүмкін, алайда инфляцияның динамикасында байқалатын үрдістер кейінгі деректермен расталуды қажет етеді.

"Халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі маусым айында 13,4% (12,7%) болды. Бұл ретте нарықтың кәсіби қатысушыларының 2026 жылға болжамы 10,0% деңгейінде тұрақты түрде сақталды. Ал 2027 жылға күтулер төмендеу бағытында қайта қаралып, 7,8%-ды құрады. Сыртқы секторда белгісіздік әлі сақталып тұр. Таяу Шығыстағы қақтығыстың қайтадан ушығуы энергия ресурстарының бағасын өсірді. Әлемдік азық-түлік бағасы әртүрлі бағытта қалыптасып отыр. Жоғары сұраныс пен шектеулі ұсыныстың аясында өсімдік майы мен ет қымбаттайды, ал дәнді дақылдар бағасы егін бітік шығады деген болжамның жақсаруына байланысты төмендейді деп күтіледі", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Экономикалық белсенділік артып келеді.

"2026 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ЖІӨ 4,1%-ға өсті. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, өсім шамамен – 5,3%. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен көлік саласында жоғары қарқын сақталуда. Инвестициялар 9,6%-ға дейін жеделдеді. Бюджет қаражатын есепке алмағанда, шикізатқа жатпайтын секторға инвестициялардың өсуі 28,9% болды. Тұтынушылық сұраныста оң динамика сақталып отыр. Бұл ретте халықтың нақты кірісінің қалыпты өсуі және тұтынушылық кредиттеудің баяулауы тұтынушылық белсенділіктің қалыпты деңгейде сақталуына ықпал етті деп айтуға болады. Тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық бағытта қалыптасып отыр. Сонымен қатар ағымдағы ақша-кредит шарттарының қатаңдығы, бұрын қабылданған шешімдердің кейінгі әсерлері және айырбас бағамының динамикасы тежеуші ықпал етіп отыр. Ең төменгі резервтік талаптардың артуы, айналым операциялары және тұтынушылық кредиттеуді реттеу бойынша қабылданған шаралар да дезинфляцияға әсер етіп тұр", – делінген хабарламада.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 4 қыркүйекте Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Айта кету керек, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17% дейiн төмендеткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу