Лукашенко "халық ультиматумын" орындамады

3846

Беларусь лидері түнге дейін отставкаға кетпегендіктен, оппозиция бүгін жалпыхалықтық ереуіл өткізіп, бүкіл елдің тіршілігін тұралатынын ескертіп отыр.

Лукашенко "халық ультиматумын" орындамады

Жексенбі күні Беларусь астанасының көшелеріне тағы ондаған мың адам шығып, президент Александр Лукашенкодан орнынан кетуді талап етіп, билікке қарсы қысымды күшейтті. Оппозиция лидері мәлімдегендей, дүйсенбіде елде жалпыхалықтық ереуіл басталады.

Тамызда өткен сайлаудан кейін отбасының қауіпсіздігі үшін Литваға қашқан Светлана Тихановская өз жақтастарын бүгін жолдарды бөгеп, жұмысты тоқтатып, мемлекеттік дүкендер мен өзге де қызметтерді пайдалануды доғарып, банк есепшоттарындағы барлық ақшаны шығаруға шақырды. Мұның нәтижесінде бүкіл елде тіршілік тұралайды деген қауіп бар.

Қазанның 25-інде Минскте өткен ауқымды демонстрацияға 200 мыңнан астам адам қатысты. "Виасна" адам құқығын қорғау ұйымының мәлімдеуінше, бұл – тамыздың соңынан бергі ең үлкен шеру. Оған қатысушылар қолдарына ақ-қызыл ту ұстап, марш кезінде "Кет!" және "Жаңа сайлау!" деген ұрандар көтерді.

Манифестациялар барысында кейбір метро станциялары жабылып, мобильдік интернет тоқтап, Минск орталығына су шашатын машиналар мен БТР-лар шықты. Елдің өзге де қалаларында өткен шерулер барысында полицейлер 200-дей адамды тұтқындады.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, тәртіп сақшылары демонстрацияны тарату үшін құлақты шуылдататын граната қолданды.

Беларусьте жаппай шерулер екі ай бұрын басталды. Оған Лукашенконың президенттік сайлауда 80 пайыз дауыспен жеңіске жетуі себеп. Мемлекет басшысының негізгі қарсыласы Тихановская небәрі 10 пайыз дауыс жинап, сайлау қорытындысы бұрмаланғанын алға тартып, оны мойындаудан бас тартып отыр.  

Лукашенко болса, жеңіске шынайы жолмен жеткенін мәлімдеп келеді. "Мемлекеттік кәсіпорындар жаппай ереуілге шығатын болса, жұмысшылардың балаларын кім асырайды", – дейді республиканың 66 жастағы лидері.

Беларусьте қарсылық акцияларын тарату кезінде 15 мыңдай адам ұсталды. Олардың басым бөлігі қамаудан босатылған.

Бұл тайталасты көрші Ресей мен Батыс мемлекеттерінің үкіметтері жіті бақылап отыр. Кейбір сарапшылардың ойынша, РФ президенті Владимир Путин 2014 жылы Украинада, осы айда Қырғызстанда билік көтерілістердің екпінімен ауысқандықтан, тағы бір посткеңестік мемлекетте мұндай сценарийдің қайталғанын қаламайды.

Айта кетсек, тамыздың соңында Путин Ресей телеарналарының біріне берген сұхбатында Беларусьтегі шерулер "бақылаудан шығып кетсе", Лукашенконы қорғауға әскери контингент әзірлеп отырғанын ескерткен еді.

Осы дағдарыс басталғалы, Мәскеу Лукашенкоға 1,5 млрд доллар несие беріп, қолдау көрсетті. Сонымен қатар екі жақ қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, бірлесе бірнеше мәрте әскери жаттығу өткізді. Ал өткен айда Минскке Ресейдің сыртқы барлау агенттігінің басшысы сапар шекті.

Лукашенкоға сенсек, сыртқы күштер наразылық акцияларын оны биліктен тайдыру үшін ұйымдастырды. Батыс мұны үнемі жоққа шығарып келеді.  

Таяуда АҚШ, Еуропа одағы, Ұлыбритания, Канада Беларусьтің бірнеше жоғары лауазымды өкіліне сайлауда заңсыздықтарға жол берді, адам құқығын бұзды деп санкция жариялады. Ал Еуропа парламенті бейсенбі күні Беларусь оппозициясын өзінің адам құқығы жөніндегі ең жоғары жүлдесі – Сахаров сыйлығымен марапаттады.

Тихановскаяға оралсақ, ол жексенбіде өткен шеруде өзінің Лукашенкоға қояр талаптарын "Халық ультиматумы" деп атап, президентті қазанның 25-інде түнгі сағат 23:59-ға дейін орнынан кетуге шақырды.

"Егер талаптарымыз орындалмаса, беларусьтіктер ұлттық ереуілді бастайды", – дейді Тихановская.

Сонымен қатар оппозиция лидері ереуілдің дүйсенбіде басталатынын ескерте отырып, қауіпсіздік күштерін демонстрацияларды таратарда шулы граната қолданды деп айыптады.

Алайда полицияның қылмыспен күрес бөлімінің басшысы Николай Карпенковтың сөзінше, құқық қорғау қызметкерлері  қажет болған жағдайда шерушілерге қарсы отты қару да қолдана алады.

"Әрине, біз оларға қарсы отты қаруды адамгершілікпен қолданамыз. Бірақ арсеналдың ең қауіптілерін көшеден әкетеміз", – дейді Карпенков.

Саяси сарапшы Александр Класковскийдің ойынша, Тихановскаяның ультиматумы сайлауда Лукашенкоға дауыс бермеген әлі талай адамды көшеге шығаруды көздейді.

"Тіпті, ереуілдермен қорқыту нәтиже бермегеннің өзінде биліктен маза кетпеуі мүмкін емес. Себебі оппозицияның бұндай әрекеттері оның елде екінші үкімет құруға талпынысын да аңғартады", – дейді Класковский.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу