Лукашенко Зеленскийден кешірім сұрап, Путинге кеңес берді

Беларусь басшысы бұл туралы Дубайда Al Arabiya телеарнасына берген сұхбатында айтты.   

Лукашенко Зеленскийден кешірім сұрап, Путинге кеңес берді Фото: BILD

Александр Лукашенконың сөзінше, Украинаға Беларусь тарапынан ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сонымен қатар, ол Украина президенті Владимир Зеленскийден бұрын айтқан өткір сөзі үшін кешірім сұраған. 

– Бұл оның орынсыз мәлімдемелеріне берілген жауап еді. Егер Владимир Александрович сол сөзіме ренжіген болса, кешірім сұраймын. Әрине, соғыс жағдайын ескерсек, ондай сөзді айтпауым керек пе еді?! – деп өкінгендей кейіп танытты Лукашенко. 

Мұнан кейін Беларусь басшысы Ресей, Украина және Еуропа елдерін қақтығыстан шығудың жолын іздеуге шақырды. 

– Тек Путин мен Зеленский ғана емес, еуропалық көшбасшылар да бұдан әрі жол жоқ екенін, жағдайдың тұйыққа тірелгенін түсінуі керек. Әйтпесе, шиеленіс күшейіп, ахуал одан сайын ушыға түседі. Егер мұны бәрі мойындаса, онда ымыраға келуге мүмкіндік бар, – деді ол.

Лукашенко сондай-ақ Беларусьтің және өзінің ықтимал келіссөздерге қатысуын ұсынды. 

– Бұл қақтығысты еңсеруіміз керек. Кейін Лукашенко, Путин және Зеленский үшеуміз келіссөз үстеліне отырып, осы соғыстың салдарын қалай жоятындығымыз жөнінде мәмілеге келуіміз қажет, – деді Беларусь басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу