Мәдениет және спорт министрлігі қысқы Олимпиаданың қорытындысын шығарды

1805

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев спортты дамытудың жаңа бағдарламасын дайындайтынын айтты.

Мәдениет және спорт министрлігі қысқы Олимпиаданың қорытындысын шығарды

Пекинде өткен XXIV қысқы Олимпиададағы Қазақстан ұлттық құрамасының қорытындысы бойынша кеңес өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Отырысқа Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Парламент Сенатының депутаттары, Ақмола облысы әкімдігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, министрлікке бағынысты ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиынға мемлекеттік жаттықтырушылар, қысқы спорт түрлері федерациясы, спорт қауымдастығы мен Одақ басшылары келді.

"Бұл жағдай көңіл көншітпейді. Токиодағы сайыста нәтижелер аз болды. Бейжіңнен жүлдесіз оралған ұлттық құрамаға қоғам ренжулі. Көпшіліктің сыны орынды деп ойлаймын. Бұл Олимпиадаға дайындық қана емес, жалпы спорт саласында қордаланған мәселелердің бар екенін дәлелдейді", – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Министр бұл мәселенің шешу жолы – жүйелі жұмыс екенін атап өтті.

"Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған үлкен міндет – спортты дамыту бағдарламасының бастамасын әзірлеу. Оған спорт нысандарының құрылысынан бастап жарыс күнтізбелері мен оқу-жаттығу жиындарын жүйелеу, кәсіптік және бұқаралық спортты қаржыландырудағы балансты  орнату, барлық деңгейдегі спорт мектептерін кадрлармен қамтамасыз ету, судьяларды, жаттықтырушыларды, спорт дәрігерлерін даярлау және осы секілді атқарылар жұмыстар көп. Әзірленген даму жоспарын ел Президентімен келісіп, оны жүзеге асыруға кірісеміз. Қазақстандық спортшыларды дайындайтын "Париж-2024" және "Милан-2026" бағдарламалары да осы жобаға енгізіледі. Бар жауапкершілік пен жүзеге асыру жұмысын министрлік өз міндетіне алуға дайын", – деді Дәурен Абаев.

Ал могул фристайлдан бас жаттықтырушы Елена Круглыхина қысқы спорт түрлеріннен жоғары сапалы инфрақұрылымы мен 50 жылдан аса тиімді басқару институттары қалыптасқан АҚШ, Ресей, Норвегия, Жапония, Швеция басқа да елдердің спортшыларымен салыстырғанда  қазақстандық спортшылардың бәсекеге қабілетті екендігіне назар аударды.

"Бізге резервтік кешендер қажет. Оқушы сабақтан шыққан соң келіп жаттығатын орын жоқ. Сондай-ақ спортшыларымыз қатысатын сайыстарды БАҚ-да тікелей қосылу арқылы көрсету маңызды. Төрешілер әдетте, Канада немесе Франция спортшыларының ұпайын арттырып жібереді. Өйткені оларды көріп, тамашалап отырған алып күш бар, ол-телевизиялық аудитория", – деді Елена Круглыхина.

Сонымен қатар Дәурен Абаев ұлттық құраманың бірнеше бас бапкері жұмыстан кететінін мәлімдеді.

"Бес-алты жаттықтырушыны жұмыстан шығару керек. Егер адам екі-үш жыл жұмыс істеп, бірақ жетістіктер болмаса, 10 жылдық тәжірибесі бар, бірақ шәкірттері бірде-бір жеңіске қол жеткізбеген. Нәтижеге бапкер жауап береді, солай емес пе? Менің ойымша, мұндай мамандардан ештеңе күтуге болмайды. Одан да орнына жаңа бапкер келсін", – деді Абаев.

Дегенмен министрлік бұрынғы бапкерлерді жұмыстан шығарып, жаңа бапкерлерді алумен ғана шектелуді жоспарлап отырған жоқ. Дәурен Абаев отандық спортта жүйелі мәселелердің көп екенін тілге тиек етті. Оның ішінде инфрақұрылымның жоқтығы мен қысқы спорт түрлерінің танымал еместігі айта кетті. Ал ондаған жылдар бойы нәтиже болмаған кейбір спорт түрлері елімізге керек пе?

"Жалпы елімізде қысқы спорт түрлері жаппай дамып жатыр деп айтуға болмайды. Фристайл-могул, фристайл акробатика бір-екі облыста ғана дамыған. Қазіргі таңда бапкерлердің басым бөлігі зейнеткерлік жасқа жетейін деді. Ал жастар олардың орнына келгісі келмейді. Өйткені жалақысы өте аз", – деді ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу