Магистральды газ құбырлары шіріп жатыр

3164

50 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан магистральдық желілер ауыстырылмаса, техногендік апат орын алуы мүмкін. Себебі олардың 75% тозған. 

Магистральды газ құбырлары шіріп жатыр

Газ құбырларын жаңартуға қыруар қаржы қажет, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қазақстан-Қытай", "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистраль-дарының жағдайы жақсы. Ал біздің ел арқылы Өзбекстан, Ресей мемлекеттерін басып өтетін магистральдық желілердің қазіргі сапасы сын көтермейді.  50-60 жыл бұрын қолданысқа берілген "Орталық Азия – Орталық", "Союз", "Бұхара-Орал", "Орынбор-Новопсков" магистральдық газ құбырларының компрессорлық станцияларын ауыстыру қажет. Осыны орындауға ұлттық газ операторы  – "ҚазТрансГаз" АҚ қаржы таппай отыр.

"Республикалық газ саласы ардагерлері кеңесі" қоғамдық ұйымының төрағасы Павел Климовтың пікірінше, газ құбырларын жаңғыртуға қатысты мәселеде уақыт оздыруға болмайды.

"Магистральды құбырлар жөнделмесе, зардабы ауыр болады", – деді Павел Климов.

Естеріңізге салайық, бұған дейін ұзақтығы 2750 шақырымды құрайтын,  300 шақырымы біздің ел арқылы өтетін "Союз" халықаралық газ тасымалдау құбырында төтенше жағдай орын алды. Салдарынан Батыс Қазақстан өңіріне табиғи газ жеткізу тоқтады. Газ саласының маманы Сұлтанғали Имажановтың айтуынша, алдағы уақытта дәл осы жағдай қайталануы мүмкін.

"Бұл сұрақ Мемлекет басшылары немесе Үкімет деңгейінде шешілуге тиіс. Газ құбырларының жарылуына, халықтың көгілдір отынсыз қалуына жол беруге болмайды", – деді маман.

Газ құбырларының негізгі желілері тот басып, шіріп жатқан көрінеді. Бұл туралы "ҚазТрансГаз" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рустам Сүлейманов: "Инфрақұрылымды жаңғырту қажет. Мәселе басқаша шешілмейді. Негізгі желілердің тозығы жетіп тұр. Шіріген құбыр ерте ме, кешке істен шығады", – деді.

Энергетика минстрлігінің мәліметінше, 2027 жылы елімізде газ тапшылығы туады. Ішкі нарыққа 26 млрд текше метр табиғи газ қажет болады. Мәселені қазірден бастап шешу қажет. Ал "ҚазТрансГаз" АҚ бұл сұрақтың жауабын таба алмай жүр. Бүгінгі таңда компанияға болашақтағы газ тапшылығы мәселесі емес, тариф құнын ұстап тұру маңызды болып тұрған тәрізді. Себебі соңғы 5 жылда компания газ бағасын ұстап тұруға 350 млрд теңге жұмсаған.

Экономист Расул Рысмамбетовтің сөзінше, тариф мәселесін "ҚазТрансГаз" АҚ емес, үкімет шешуге тиіс. Ал "ҚазТрансГаз" АҚ магистральды құбырларды жаңғыртуға күш жұмсауы керек. Бұл үшін қарызға болса да, қаражат табу қажет.

"ҚазТрансГаз" газ экспортынан түсетін қаржыны желілерді ауыстыруға емес, ішкі нарықтағы арзан бағаны ұстап тұруға жұмсап отыр. Бұл саясаттан бас тарту керек", – деді Расул Рысмамбетов.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться