Магомед Әдиев: "Мемлекет басшысының матчқа келуі біз үшін үлкен мәртебе"

988

Футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде төртінші жеңісіне қол жеткізіп, жаңа рекорд орнатты.

Магомед Әдиев: "Мемлекет басшысының матчқа келуі біз үшін үлкен мәртебе" Фото: kff.kz

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Әдиев матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Ирландияға қарсы ойын туралы пікір білдірді.

"Мемлекет басшысы бүгін матчта болды. Ойыннан кейін киім ауыстыратын бөлмеге кіріп, бізді құттықтады. Бұл, әрине, біз үшін үлкен мәртебе. Сәттілік тілеп, аздап ұрысты. Ол: "Бапкер, біз команданың физикалық дайындығын жақсартуымыз керек", - деді. Мен оны дұрыстауға уәде бердім.

Тактикалық өзгерістер болды. Финляндияға қарсы Зайнутдинов жоғарырақ ойнады. Бүгін шабуылдарды ұйымдастыру үшін оны төменге түсірдік. Сосын Қуат шыққан соң Бақтиер сәл жоғары көтерілді. Команданың жағдайы мінсіз емес. Бұған тағы да көз жеткіздік. Ойынның соңы сәл нашарлау шықты.

Финдермен үш ұпай алу керектігі бізге қысым болды. Ал бүгін біз одан бетер жігермен шықтық. Турнирлік жарысқа қайта оралғымыз келді. Менің ойымша, бұл біздің қолымыздан келді. Енді қиын сапарға дайындаламыз.  Дания мен Финляндияға қарсы ойындарға дайындалу үшін біз Алматыға барып, табиғи көгалға бейімделеміз", - деді ұлттық құраманың бас бапкері.

Футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде төртінші жеңісіне қол жеткізіп, жаңа рекорд орнатты. Ұлттық құраманың Н тобындағы Солтүстік Ирландиямен кездесуі Астанада өтіп, қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды. Жалғыз голдың авторы Максим Самородов болды. Қазір команданың қоржынында алты кездесуде төрт жеңіс пен 12 ұпай бар. Бұл ел құрамасының Еуропа чемпионатының іріктеу турнирлерінің тарихындағы ең жақсы нәтижесі. Алдыңғы циклде 10 ұпай жинаған команда бұл жолы межеден асып түсті. Сонымен қатар команда бірінші рет іріктеуде төрт жеңіске қол жеткізіп отыр. Енді қазақстандық футболшылар келесі кездесуін 15 қазанда Данияда өткізсе, 17-қазан күні Финляндияға қонаққа барады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу