Магомед Адиев: "Тактикалық ойын жүйесін дайындап қойдық"

954

23 наурыз "Астана Арена" стадионында 21:00-де Қазақстан ұлттық құрамасы  Словениямен кездеседі.

Магомед Адиев: "Тактикалық ойын жүйесін дайындап қойдық"

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында Словениямен болатын ойыны жайлы пікірін білдірді.

– Біріншіден барлықтарыңызды Наурыз мерекесімен және Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Ал сауалыңызға келетін болсам, жігіттердің ауыз бекітуіне еш қарсылығым жоқ. Құрамадағы жігіттердің ораза ұстағанын қалаймын. Қанша дегенмен алғашқы күні ағза тың болғандықтан қатты қиынға түседі деп ойламаймын.

– Құпия болмаса, ертеңгі ойынға арналған нақты тактикалық дайындық бар ма? Және Шушеначевтың жарақаты шабуылдағы жоспарды қаншалықты өзгерте алды?

 – Вороговский, Әліп, Зайнутдинов және Скворцов секілді шет елде доп тебетін ойыншылардың кеше ғана құрамға қосылуына қарамастан, ертеңгі ойынға нақты тактикалық ойын жүйесін дайындап қойдық. Өздеріңіз білетіндей, бізде шабуылшыларға келгенде таңдау аса көп емес. Егер шабуыл шебінде ойнайтын футболшылар өз клубтарында қосалқы құрамда отырса, онда біз оларды неге шақырамыз. Мәселені шешу үшін жұмыс істейміз.  Басқа ойыншыларды реттеп, шабуыл әлеуетін арттырамыз. Бізде идеялар бар, көреміз. Ал ертеңге келетін болсақ, Абат Айымбетов  кездесуді алғашқы минуттан бастайды.

– Құрамада жарақат алған ойыншылар  бар ма? Соңғы матчтарда алаңға шықпағандардың жағдайы қалай?

– Дұрыс айтасыз, бізде ішкі чемпионатта ойнайтын ойыншылар жетерлік және олар біз қалағандай көп ойнай алмайды. Бірақ бұл тек біздің көзқарасымыз, дегенмен ең бастысы олар бәсекелестіктен жеңіліп қалуы мүмкін. Жағдай солай. Жарақатқа келетін болсақ, Быстровқа ота жасалды, оңалту болды, ол бәрін жеңді, бірақ ойынға уақыты жетпейді.

Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген де Словениямен болатын ойын қарсаңындағы баспасөз мәслихатына қатысты.

– Жеңіске жету үшін барымызды саламыз. Нәтиже қалай болатынын ойыннан кейін көреміз. Пойыздың алдына түсіп, жүгірмей-ақ қояйын. Мүмкіндік келсе, өзімнің ұлттық құрамадағы алғашқы голымды салғым келеді. Дегенмен, құрамадағы жігіттердің қай-қайсы болсын гол соқса қуанамыз.

– Демек бірінші болып гол салу ұлттық құраманың басты миссиясы ма?

– Әрине. Өз алаңымызда ойнап жатқасын қарсыластарға барынша шабуылдап, Ян Облактың көңіл күйін түсіріп, көптеп голдар салуға тырысамыз. Сосын шабуыл шебінде ойнайтын жігіттерге барынша гол соғуына мүмкіндік жасаймыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу