Майлы дақылдарға мән берілмей келеді

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
4077

Қазақстан майлы дақылдарды экспорттауда әлеуетті нарықтардан айырылып отыр.

Майлы дақылдарға мән берілмей келеді

Елімізде егістік алқаптарын әртараптандыру жұмысы көп жылдар бойы жүргізіліп келеді. Дәстүрлі бидайдан "іргені аулақ салу" барлық деңгейде насихатталуда. Былтыр ауыл шаруашылығы министрлігі майлы дақылдарға басымдық береміз деп жариялаған болатын. Бұл ретте, егістік алқабын ұлғайту ғана емес, қайта өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту ұсынылған еді. Осы орайда ауыл шаруашылығы министрлігі бір оқпен бірнеше қоянды жайратып салуды көздеді: дақылдарды әртараптандыру, өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру және жем-шөп өндірісін ұлғайту. 

Шын мәнінде, Қазақстанда майлы дақылдар алқабының көлемі артып келеді. Мәселен, 2000 жылы майлы дақылдардың алқабы 448,3 мың гектарды құраса, 2001 жылғы көрсеткіш бұдан да төмен – 349,5 мың гектар. 2003 жылы егістік көлемі 632,4 мың гектарға жетсе, 2008 жылы 905,4 мың гектар жерге майлы дақылдар егілді. 2009 жылғы көрсеткіш – 1 млн 185,4 мың гектар, 2010 жылы 1 млн 749,5 мыңды құрады. Ал 2014 жылдан бастап майлы дақылдар алқабының көлемі 2 миллиондық межеге шықты. Қазіргі уақытқа дейін сол биіктен төмендеген жоқ. Әрине, шамалы құлдырау да болды. Мәселен, 2014 жылы майлы дақылдар алқабының көлемі 2 млн 300,4 мың гектарды құраса, 2016 жылы көрсеткіш 2 млн 037,5 мың гектарға дейін азайды. Биыл 2 млн 481,8 мың гектар жерге майлы дақылдар егілді. Өнім көлемі артып келеді. Бұл бірінші кезекте алқаптың ұлғайтылуымен байланысты екені анық. Осы орайда, орташа өнімділік көлемінің өсіп келе жатқанын да атап өтуге тиіспіз. Жалпы биыл майлы дақылдардың өнімділігі гектарынан 10 центнер деп бағаланды.          

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауынша, қайта өңдеу секторы да оң динамика көрсетуде. Әне-міне аяқталғалы отырған маркетингтік жылдың (2016/17) қорытындысы бойынша, күнбағысты өңдеу көлемі рекордтық көрсеткішті – 485 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың деңгейінен 36,6%-ға артық. Ал күнбағыс майы өндірісі 203,7 мың тоннаны құрады. 2017/18 маркетингтік жылда майлы дақылдарды өңдеу көлемі 480 мың тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Май өндірісі 201,6 мың тоннаны құрауы мүмкін.  

Әрине, мұндай көлем ішкі нарықты және экспорттық көлемді қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде шенеуніктер де, фермерлер де саладағы жағдайды толық бағамдай алмай отыр. Яғни, нені өндіру керектігін және оны қайда сату қажеттігін анық білмейді. Аbctv.kz-ке пікір білдірген "Дәнді және майлы дақылдар" зерттеу бюросының басшысы Виктор Аслановтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында бірыңғай талдау мен болжам жоқ. Бұл – негізгі мәселенің бірі.

"Ауыл шаруашылығы министрлігінің әрекеттерін ретроспективті түрде қарастырайық. Мамытбеков (Асылжан, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі) қарапайым ғана жолды таңдады. Алайда ол өте тиімді болып шықты. Бір кездері мен әр гектарға субсидия бөлеуге қарсы болдым. Арнайы талдау жүргізіп, оның тиімсіз екенін дәлелдедік. Рапстың алқабы азайса да, оны субсидиялау белсенді түрде жүргізілді. Шын мәнінде нарық мүлдем басқа бағытқа бет алған еді. Яғни, рапстың емес, зығырдың көлемі артты. Тұрақты түрде артып отырды. Ал оны субсидиялау тым төмендеп кетті. Десе де, гектарына субсидия бөлеу өз тиімділігін көрсетті. Осылайша, Мамытбеков фермерлерді жоқ дегенде майлы дақылдарды егуге мәжбүр етті. Ақыры осы жол таңдалды. Кейін алғашқы субсидиялар қолға тигенде жұртшылық бәрін де түсінгендей болды. Бидайды өсіруге болады, онымен ағымдағы міндеттемелерді жабуға мүмкіндік бар. Ал майлы дақылдармен қазірдің өзінде-ақ пайда табуға болады. Фермерлер екі-үш жыл егіп, қалыпқа түскен соң, майлы дақылдар өте тиімді екенін ұғынды. Қазір бізде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасы жұмыс істеуде. Оның "ұраны" – сатылатын дүниені өндіру. Яғни біз нарықта қандай өнім сатылады, тек соны ғана өсіреміз. Енді "ұранның" екінші қыры туралы ойланатын уақыт жеткен секілді. Ол "ұран" – қалайда сатуға тиіспіз! Себебі біз кез келген салада ең алдымен маркетинг тұратын кезеңде өмір сүрудеміз. Ал біздің елде майлы дақылдар меркетингі ақсап тұрған жоқ, ол атымен жоқ", – дейді Виктор Асланов.              

Зерттеу бюросының басшысы мысал ретінде майлы дақылдарға көңіл аударды. Мәселен, қазір шенеуніктер рапсқа басымдық беруде. Сарапшының пікірінше, оның өндірісі тым баяу әрі нарықтың талаптарына жауап бере алмайды.

"Рапс әлем бойынша ең тиімді дақыл болып табылады. Біздің елдің климат жағдайында да тиімді болмақ. Алайда отандық фермерлердің ұғымында табыстылық, тиімділік деген сөздердің мағынасы басқаша. Олар қайсысына ақша аз жұмсалса, соны тиімді деп біледі. Ал әлемдегі көзқарас мүлде бөлек: қайсысы қымбатқа сатылса, сол тиімді", – дейді Виктор Асланов.

Бұл ретте, сарапшы елімізде орын алып отырған өзге бір тенденцияға назар аудартты. Оның пікірінше, Қазақстанда зығыр өндірісі рекордтық қарқынмен өсіп келеді. 2005 жылға дейін зығыр өсіру ресми статистикаға да алынбайтын. Ал 2005 жылы елімізде 1,1 мың гектар жерге зығыр егілді. 2010 жылы бұл көрсеткіш 230,3 мың гектарға жетті. 2015 жылы 629 мың гектарды құраса, биыл 869,7 мың гектардың ауылына жетіп жығылды.  

"Зығыр өндірісінің дамуының басты себебі – оның күй талғамайтындығы. Яғни оған қосымша техника қажет емес, тұқымы қолжетімді, шығыны аз. Қазірдің өзінде Қазақстан әлем бойынша зығыр алқабының көлемі жағынан бірінші орынға шықты. Енді экспортты көздеп отырмыз. Экспорт қалай болар екен. Ал өндірісті арттыру қолда тұр", – дейді Виктор Асланов.   

Таң қаларлығы, ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер бұл жетістік туралы ауыз ашпайды. Виктор Аслановтың айтуынша, зығыр өсіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын канадалық өндірушілердің өзі Қазақстанның қарқыны туралы бас қатыратын болыпты. Алайда ел ішінде бұл туралы ештеңе айтылмайды. Оның үстіне зығыр экспорттық өнім ретінде де басымдыққа ие бола алмай келе жатқаны түсініксіз. 

"Зығыр бойынша бізде Қытаймен хаттама жоқ. Әйтпесе, оны шекаралас нарыққа өткізуге болар еді. Сату былай тұрсын, қытайлықтармен зығыр хаттамасы бойынша келісімге келе алмай отырмыз ғой. Экспорт жоқ емес. Бар. Бірақ килограмдап қана экспортталуда. Ал хаттамасыз зығырды экспорттау мүмкін емес", – дейді Виктор Асланов.

Еркебұлан Қыздарбек, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу