Майнерлердің "тәбеті" 8 бірдей облысқа жететін электр энергиясын "жеп" қойды

1751

Павлодар облысындағы майнингтің салдарынан тапшылық туды.

Майнерлердің "тәбеті" 8 бірдей облысқа жететін электр энергиясын "жеп" қойды

Соңғы күндері Қаржы мониторингі агенттігі елдегі "сұр" әрі "қара" майнерлердің бірін қалдырмай тексеріп жатыр. Соның барысында заңсыз әрекеттерге басқа-басқа емес, кезінде елімізде лауазымды қызметті атқарған шенеуніктер мен олигархтардың "қолтаңбасы" бары анықталуда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

600 Мвт энергия босады

Ақпан айында Қаржы мониторингі агенттігі майнинг фермаларының ізіне май шаммен түсті. Сол кезде Екібастұз қаласындағы №1 МАЭС аумағында орналасқан майнингтік дата-орталықтардың еш рұқсатсыз жұмыс істегені белгілі болған-ды. Алдын ала жасалған қорытынды актіге сәйкес, заңсыз әрекеттен түскен табыс көлемі 805 млн теңгені құрады. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Павлодар облысында бұл сомаға бір мектеп салуға болады. Бірақ мектептерде тапшылық туындап, оқушы орындары жетпей, балалар үш ауысымда білім алып жатқан тұста бұл сома бай-бағландардың қалтасын одан әрі қампайтуға жұмсалды.

Күні кеше Қаржы мониторингі агенттігі 55 майнингтік компания жұмысын ерікті түрде тоқтатқаны туралы хабар таратты. Олардың арасында белгілі бизнесмен Александр Клебановқа тиесілі Павлодар облысындағы кәсіпорындар бар. Бұл орталықтардың заңсыз әрекетті тоқтатуы нәтижесінде елімізде 600 МВт энергия босады. Бұл көлем Павлодар сияқты 8 бірдей өңірді жарықтандыруға жетеді. Себебі мұндағы өңір тұрғындары бір айда тек 75 МВт энергия қолданады. Айта кетейік, Павлодар облысында бір жылда орта есеппен 44 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндіріледі.

Электр энергиясы тапшы

Элекр станцияларының "құлағын ұстап" отырған кей кәсіпкерлер қуатты заңсыз пайдаланып отырған кезде облыс орталығындағы кәсіпорындар энергиядан тапшылық көріп отыр. Тіпті, соның салдарынан өңірге қосымша инвестиция тарту мүмкін болмай тұр. Алыс бармай-ақ "Павлодар" арнайы экономикалық аймағын алайық. Жоғарыда есімі аталған бизнесмен Александр Клебанов кезінде бұл инвестициялық орталыққа 300 Мвт энергия бөлу туралы келісім жасасқан. Алайда осыдан үш жыл бұрын елімізде майнинг "трендке" айналған кезде мемлекеттік аймақты ысырып қойып, барлық электр энергиясын майнинг бизнесіне бағыттады. Ал "Павлодар" АЭА жарыққа жарымай қалды.

 Жергілікті кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, тапшылықты жойып, қосымша инвестиция тарту үшін қосалқы станция салу қажет.

"Техникалық шарттар негізінде "Павлодар" арнайы экономикалық аймағына 30 МВт электр энергиясы берілді. Қазіргі таңда оның тек 5,5 МВт бос. Бұл көлем жақында іске қосылатын жобаларға бөлініп қойды. Сондықтан алдағы уақытта қолға алынатын өзге жобаларға электр қуаты жетпеуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін бірнеше амал қарастырылып отыр. Мәселен, арнайы аймақ маңында қуаттылығы 40 МВт болатын қосалқы станция салуға болады. Сол кезде жалпы құны шамамен 64 млрд теңге болатын жобаларды электр энергиясымен қамтылады", – дейді Ернұр Жәутікбаев.

Алайда қазынада әдеттегідей қосалқы станция салатын қаржы жоқ. Сондықтан арнайы экономикалық аймаққа қаржы құятын инвестор да жоқ. Қысқасы, майнерлердің кесірінен таусылған электр энергиясы бюджетке табыс түсіруге айтарлықтай қолбайлау болып тұр.

Түбегейлі балта шабуға болмайды

Майнингтік компаниялардың жұмысы туралы сөз қозғала қалған тұста кәсіпорын басшылары жауап беруден ат-тонын ала қашады. Тек "BTC KZ" ЖШС құрылтайшысы Дінмұхамед Маткенов бұл мәселеге қатысты ойымен бөлісті.

"Бастапқыда бұл салада жүйелі бақылау болмаған соң электр энергиясы көп Екібастұз қаласының аумағына майнинг компаниялары жағалай орналаса бастады. Жалпы олардың қайсысы заңды, қайсысы заңсыз жұмыс істеп жатқанын тексеру қиын емес. Қазіргі таңда майнинг қондырғыларын елге кіргізу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің рұқсатқағазы керек. Кедендік декларациядан өту міндеті тағы бар. Бірақ соңғы уақытта сол талаптың бәрін айналып өтіп, рұқсатқағаздарсыз-ақ жұмыс істеген компаниялардың бары анықталып жатыр. Тексеріс жұмыстары жүйелі жасалса, талай былықтың беті ашылары сөзсіз. Түптеп келгенде, талаптың, бақылаудың күшейгені дұрыс. Десе де, майнинг бизнесінің тамырына түбегейлі балта шабуға болмайды", – дейді Дінмұхамед Маткенов.

Компания құрылтайшысы алдағы уақытта қондырғыларды жинап, Ресей, Норвегия сынды елдерге аяқ басуда жоспарлап отырғанын да жасырмады. Себебі бұл мемлекеттерде майнингтің дамуына айтарлықтай зор қолдау көрсетіледі. Сондықтан салығын төлеп, рұқсат аясында қызмет етіп жүрген кәсіпорындардың қатары сиреуі әбден мүмкін.

Ажар Дәулетова

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться