Майнинг-фермалар энергияға мұқтаж болса, Ресейден импорттасын – KEGOC

4367

"KEGOC" акционерлік қоғамы Қазақстандағы "энергия дағдарысы" туралы ресми мәлімдеме жасады. 

Майнинг-фермалар энергияға мұқтаж болса, Ресейден импорттасын – KEGOC

Қараша басынан бері бірнеше өңірде электр тапшылығы сезіліп, оны АЭС тақырыбын насихаттап жүрген ақпарат көздері жерден жеті қоян тапқандай, асыра сілтеп сипаттаған болатын. Бүгін "KEGOC" компаниясы тараған ақпараттардың ішінде шындыққа жанаспайтын мәліметтер бар екенін ресми мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

"Кейінгі күндері бұқаралық ақпарат көздерінде Қазақстанның энергия жүйесіндегі ахуал туралы түрлі материалдар тарап жатыр. Ішінде шындыққа жанаспайтындары да бар", – деп жазылған мәлімдемеде.

Компанияның мәліметі бойынша, елдегі электр қуатын тұтыну көлемі 14 838 МВт-қа жетіп отыр. Ал  өндіру көлемі 14 265 МВт болған. Сонда тапшылық 573 МВт деген сөз. 

Жалпы біздің елде өндірілетін электр қуатының 69%-ы көмірден алынады. Жыл басынан бері көмір электр станцияларында 66,9 млрд кВт/cағат электр өндірілген екен. Газ электр станцияларында 18,9 млрд кВт/cағат (19,5%), су электр станцияларында 7,4 млрд кВт/cағат (8%), жел электр кешендерінде 3,6 млрд кВт/cағат (3,5%) электр өндірілген.

KEGOC таратқан ресми мәліметке сенсек, қараша айының соңына дейін "Екібастұз ГРЭС-2", "Екібастұз ГРЭС-1", "ЕЭК" АҚ сияқты электр станциясында жөндеу жұмыстары аяқталуы керек. Егер солай болса, қазіргі қуаттың үстіне 1 000 МВт өндіріс қосылуы керек.

"Біздің бағалауымыз бойынша, аталған нысандардың желіге қосылуы елдегі электр энергиясын өндіру мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. 8 қарашада Мойнақ су электр станциясына судың қажетті деңгейі жинақталып, қосымша 300 МВт  қуат іске қосылды. Бұдан бөлек жалпы жиынтық қуаты 1 150 МВт болатын дергілікті көздер авариялық жөндеуде тұр", – деп жазады компанияның ресми сайты.

KEGOC мамандары қараша айының басында Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жарықтың өшуіне сырттан киліккен тұтынушылар кінәлі екенін ашық айтып отыр. Әйтпесе, электр қуаты келісімшартта көрсетілген көлемнен түспеген. Яғни Қазақстанда "энергетикалық дағдарыс" басталғанын айтып, Ресейдің АЭС салу жобасы бекерден-бекер көтеріліп жүрмегенін меңзеушілердің насихаты шындықтан алшақ.

"Қараша айынан бастап "Шығысэнерготрейд" ЖШС, "Севказэнерго" АҚ, "Астанаэнергосбыт" ЖШС, "Энергопоток" ЖШС сияқты жергілікті компаниялардың қызметінде ақаулар болды. Бұл ақаулар электр желілерін келісімшартта жоқ көздердің пайдалануынан туындағанын мәлімдейміз. Келісімшарттан тыс килігуді болдырмау үшін ҚР Үкіметімен бірлесіп, жүйелі шаралар қабылдап бастадық. Мысалы, бүгіннен бастап Жамбыл ГРЭС-інде қуаты 200 МВт болатын қосымша блок іске қосылды", – деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Жоғарыда айтқан 573 МВт тапшылық қазір Ресей Федерациясынан келетін импорт есебінен толтырылуда. KEGOC мамандарының "келісімшарттан тыс килігушілері" деп отырғаны – майнинг-фермалар. Энергетика жүйесінің операторы осы майнинг-фермалар мемлекет ақшасына тұрғындардың игілігі үшін тартылған электр желілеріне мінгеспей, өндірісіне қажет қуатты Ресейден тасып алуы керек деп отыр. 

"Заңнама талаптары бойынша, майнинг-фермалар өз қызметін елдің энергетикалық қауіпсіздігіне зиян келтірместен жүзеге асыруы керек. Тіпті сол үшін импортталған электр энергиясын да сатып алуы қажет. "Көлеңкедегі" майнинг-фермаларды анықтау үшін сала субъектілеріне қойылатын талаптарды нормативтік-құқықтық базамен бекіту керек. Біздің бағалауымыз бойынша, тіркелген майнинг-фермалар шамамен 600 МВт электр энергиясын тұтынып отыр. Ал "көлеңкедегі" майнинг-фермалардың қажеттілігі 300-400 МВт болады. Күз-қыс маусымында ең жоғары жүктеме 17 000 МВт болуы мүмкін. Ал елдегі энергия генерациялау жүйесінің мүмкіндігі 16 540 МВт болады деп күтілуде. 540 МВт тапшылық Ресейден келетін импорт есебінен өтеледі", – деп жазылған компанияның сайтында.

Еске салсақ, кеше ғана Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Жамбыл облысында осы мәселе бойынша көшпелі отырыс өткізіп, "мемлекет аймақ тұрғындары мен әлеуметтік нысандар электр жарығынсыз қалуына қарсы екенін" мәлімдеген болатын.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу