Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ пен Иран арасында келісімге тезірек қол жеткізуге шақырды. Сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын халықаралық құқыққа сай қайта бастау қажеттігі туралы да айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Макрон әлеуметтік желіде Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы әрі Премьер-министрі Мұхаммед бен Сальман Әл Саудпен, Оман сұлтаны Хайсам бен Тарек Әл Саидпен, Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті шейх Мухаммед бен Заид Әл Нахайянмен және Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сисимен келіссөздер жүргізгенін хабарлады. Белгілі болғандай, Франция басшысы шетелдік әріптестерінің барлығына бірдей үндеу жеткізген. Ол АҚШ пен Иранның жедел келісімге келуі қажеттігін баса айтқан.
Франция президентінің сөзінше, атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету және халықаралық құқыққа сай Ормуз бұғазындағы қозғалысты жандандыру маңызды. Осыдан кейін Иранның ядролық және зымырандық бағдарламалары мен аймақтағы тұрақтылық сияқты мәселелерде жан-жақты әрі ұзақмерзімді келісімге қол жеткізу үшін келіссөздер жалғасуы тиіс.
Эммануэль Макрон Францияның Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуде, соның ішінде Ұлыбританиямен бірге жетекшілік ететін көпұлтты бастама аясында өз рөлін атқаруға дайын екенін білдірді.