Мақсары машақаты: өзіміз өндіргенді өзіміз өңдемейміз

7320

Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары шығыны аз, пайдасы мол өнімді қытай кәсіпкерлеріне шикізат күйінде сатуға мүдделі болып отыр. 

Мақсары машақаты: өзіміз өндіргенді өзіміз өңдемейміз

Еліміздің ауыл шаруашылық өніміне қытайлықтардың қызығушылығы күн сайын артып келеді. Себебі соңғы 10 жылда Қытайдың жері құнарынан айырылып, халқы  азық-түлік дағдарысын кеше бастады.

Қазір Қытай 1,5 млдр-қа жуық халқын асырау үшін жанталасып жатыр. Сол жанталастың бір көрінісі - Қытай үкіметі Оңтүстік Қазақстан облысынан өсімдік майы мен мақсары дақылын тонналап сатып алуға кірісті.

Өйткені аталмыш майлы дақылдың сапасы өте жоғары және одан майдан бөлек, сабын мен дәрі-дәрмек жасауға болатын көрінеді. Осыны жақсы білетін қытайлықтар Бәйдібек, Түлкібас, Төлеби  аудандарының диқандарына алдын ала тапсырыс беріп қоюға көшіпті. Мақсарының саудасын Алматы қаласынан келетін делдалдар да қыздырып жүр екен.

Қазіргі таңда облыстың 74 мың га жеріне мақсары егіледі. Соңғы 2 жылда  Бәйдібек ауданының диқандары мақсары көлемін 22 мың га жеткізіпті.  Төлеби, Түлкібас аудандары да өнім көлемін жыл сайын көбейтіп келеді.

Шынын айту керек, қазір оңтүстіктің диқандары шығыны аз, пайдасы мол мақсары дақылын егуге және оны қытайлықтарға өңделмеген шикізат күйінде сатуға мүдделі болып отыр. Себебі қытайлық кәсіпкерлер мақсарына отандық май зауытынан әлдеқайда қымбат бағаға сатып алады екен.

"2015 жылы  ауданымызға қытайлық кәсіпкерлер келіп,  мақсарыны алдын-ала сатып алды. Ұсынған бағалары да көңілге қонымды болды. Біз олардың бірқатарымен бірлесе жұмыс істедік. Жиын-терімде тапсырысты толық орындап, алдын ала келісілген ақшамызды алдық", - дейді "Жұмағұл" шаруа қожалығының төрағасы Сәбит Әбілыбрайымов.

Өкінішке қарай, оңтүстікте мақсарыны өңдейтін кәсіпорын аз. Десек те мақсары өсірген диқандарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Бүгінге дейін оларға гектарына 2000 теңгеден субсидия беріліп келді. Енді кез келген шаруа қожалығы мақсары алқабының әр гектарынан 10 центнерден өнім алып, оны отандық өңдеуші кәсіпорынға өткізетін болса, үкімет әр тоннаға 6400 теңгеден демеу қаржы төлейді.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі мақсарыны қайта өңдеуге ерекше назар аударып отыр. Бұған дейін  мақсары еккен шаруаларға ғана субсидия ұсынылса, енді май шығаратын зауытқа өткізілетін шикізатқа да демеу қаржы берілетін болды. Осы арқылы біз  қытайлық кәсіпкерлердің қарқынын бесеңдеттік", - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Тұрбеков.

Мақсары – қалдықсыз өнім. Оның әр талшығын  кәдеге жаратуға болады.
Мәселен ирандықтар мақсарының қалдығынан халуа өндірсе, түріктер сабын өндіреді. Ал қытайлықтар мақсары дақылынан ағзаға пайдалы дәрумен әзірлейді.

"Соңғы 10 жылда Қытайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы күрт төмендеп кетті. Себебі олар сападан гөрі санға назар аударады. Бұдан бөлек қытайлық агрономдар мақсарының бір дәнінен үш сабақ дақыл өндіруге көшті. Өйткені егіс алқабы аз, ал тұтынушы көп", - дейді Қытай еліне Қазақстаннан бидай мен мақсары тасып жүрген кәсіпкер Мұхит Есаман.

Бір сөзбен айтқанда Оңтүстік  Қазақстанның мақсарысы брэндке айналып үлгерді. Ендігі мәселе – майлы дақыл егістігінің көлемін арттырып, қайда өңдеу саласын дамыту. Егер мақсары Қазақ елінде өңделіп, өндіріске өз елінде ұсынылса, Қытайға шикізат емес, дайын май өнімін сатып отырған болар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу