Максим Плотников "Қайратқа" қарсы өткен матчта ауыр жарақат алды

780

"Қайрат" - "Каспий" арасындағы матчта жарақат алған қақпашыға ауыр ота жасалды.

Максим Плотников "Қайратқа" қарсы өткен матчта ауыр жарақат алды Фото: sports.kz

Ақтаулық "Каспийдің" қақпашысы Максим Плотников футболдан Қазақстан чемпионатының 24-туры аясында алматылық "Қайратпен" өткен ойында ауыр жарақат алды. Екінші таймда "Қайрат" командасының және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Артур Шушеначевпен соқтығысқан Максимнің аяғы екі жерден сынды.

52 минутта қақпаға Плотниковтың орнына  Нұрлыбек Аязбаев шықты. Ақтаулық клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қақпашыға ауыр ота жасалып, мұндай жарақаттан кейін, ол ұзақ реабилитациядан өтеді.

"Қайрат" командасына қарсы болған бүгінгі ойында, қақпашымыз Максим Плотников қарсылас команданың ойыншысы Артур Шушеначевпен болған қақтығыста ауыр жарақат алды (екі жерден сынық). Дәл қазіргі уақытта Максимге ота жасалуда. Каспий футбол клубының ұжымы Максимге тезірек сауығып кетуді және ота сәтті өтуін тілейді. Макс біз сенімен біргеміз", - деп хабарлады ақтаулық клубтың баспасөз қызметі.

"Каспийге" қарсы өткен ойын "Қайратқа" оңайға соқпады. Алматылық команда сырт алаңда ақтаулық "Каспиймен" кездесуде тең түсті. Матч 1:1 есебімен аяқталды. Бірінші таймның 30-минутында алаң иелері Скиприм Тайпидің соққан голының арқасында есеп ашты. Ал кездесудің 72 минутында таяуда ғана Қазақстан құрамасының кеңейтілген тізіміне енген Вячеслав Швырев есепті теңестірді.

Матч аяқталған соң "Қайраттың" бас бапкері ойынға қатысты пікір білдірді.

"Ең алдымен ойын эпизодында ауыр жарақат алып қалған Максим Плотниковке денсаулық тілеймін. Өкінішке қарай, соңғы ойындарда гол соғу қиын болып жүр. Алайда гол салатын мүмкіндіктеріміз бар. Жаттығуда соны жаттықтырамыз. Бізге шабуылдың соңғы кезеңінде салқынқанды болып, дұрыс шешім жасау жетіспейді. Эмоцияға салынып кетеміз. Енді ұлттық құрамалар ойнап, үзіліс басталады. Бірақ біз жоспар бойынша чемпионаттың қалған екі турына дайындықты жалғастырамыз. "Каспийдің" Премьер-лигаға бір жылдан кейін оралуын тілеймін", - деді Кирилл Кекер.

Осы матчтан кейін "Қайрат" 40 ұпаймен төртінші орында тұрақтаса, "Каспий" 16 ұпаймен соңғы орында қалды. Енді "Каспий" ҚПЛ 2023 қорытындысы бойынша келесі жылы бірінші лигада өнер көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу