"Мақта қыз" ертегісінің сұрамсақ кейіпкерінің күйін кешкен сала белгілі болды

1713

Үкімет басшысы Сенат депутаттарының сұрағанын шетінен "орынсыз" деп таныды. 

 "Мақта қыз" ертегісінің сұрамсақ кейіпкерінің күйін кешкен сала белгілі болды Фото: gov.kz

Ыбырай Алтынсариннің "Мақта қыз бен мысық" ертегісінде өз құйрығын қайтару үшін мысық байғұс сиырға, ағашқа, су тасыған қыздарға, дүкеншіге, тауыққа, тышқанға жүгіріп, әбден әуре-сарсаңға түсетіні мәлім.

Қазіргі кезде Қазақстанда мақта өсірушілер де тиесілі көмекті ала алмай, осылай әрлі-берлі шауып, ұзақ жыл сергелдеңге түсіп келеді. Бірақ ақыр соңында өзіне тиістісін қайтара алған "Мақта қыз" ертегісінің кейіпкерінен айырмашылығы сол, мақташылар әлі күнге іздегені мен сұрағанына қол жеткізе алмауда.

Барлық инстанцияларды, жауапты мекемелерді тегіс адақтап, әділдік таппаған сала кәсіпкерлері қайта оралып, Парламентке жүгінген болатын. Олардың жанайқайына құлақ қойған бір топ сенатор Үкімет басшысына ұсыныстармен жүгінді.

Біраз жылдан бері Ауыл шаруашылығы министрлігі "өсіретін дақылдарың суды көп тұтынады" дегенді алға тартып, мақташыларды басқа ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өсіруге көшуге үгіттеп келеді.

Дегеніне жетіп те қалды. Energyprom мониторинг агенттігі сарапшыларының мәліметінше, бүгінде "ақ алтын" өндірісі тоқтаусыз құлдырау үстінде. Барлық шешуші индикаторлары төмендеуде: егіс алқабы, шикізаттың жалпы жиын-терімі, кәсіпорындардың рентабельлігі. Ең бастысы – фермерлердің мақта өсіруге, ал, бизнестің оны өңдеуге ынтасы мен қызығушылығы қалмай барады.  

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, егер 2022 жылы мақта өсірушілер 116,7 миллиард теңгенің өнімін алса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 73 млрд, ал, 2024 жылы 61,2 миллиард теңгеге дейін құлдырады. Сенаторлар жерінің 70%-дан астамы шөлді және шөлейтті болып келетін Қазақстанда шаруалардың бір бөлігінің мақта өсіруден басқа амалы жоқтығына Премьер-министрдің назарын аудартты.  

"Елiмiздiң оңтүстiгiнде мақта шаруашылығы көптеген адамның бiрден-бiр күнкөрiс көзi және аймақ экономикасының негізгі саласының бірі. Президент мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық беріп, экономиканы әртараптандыруды кезек күттірмейтін маңызды міндет ретінде айқындады. Мақта – қоршаған ортаға, ауа райына, топырақтың құнарлылығына, әсiресе күн көзi мен ағын суға талғамы жоғары дақыл. Оның үстіне топырақтың сорлануы, ағын судың тапшылығы себебінен бұл жерлерде басқа дақыл егуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан шаруалар мақта егуге мәжбүр", – деді сенатор Мұрат Қадырбек.

Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Бұл бағытта 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жыл сайын 120 мыңға жуық гектарда мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам шитті-мақта жиналады.

Сенаторлар дерегінше, осы өнім түрін игерген шаруа қожалықтарының соңғы жылдардағы жағдайы тұрақсыз, тіпті сұрықсыз. Астығы дұрыс мөлшерде шықпай, табыс табудың орнына тек шығындарын өтеп, кей жағдайда қарызға батып, ертеңгі күніне алаңдаумен жүр.

Мақта саласының жылдан жылға нашарлауына себеп болған фактор жетерлік. Қаражаттың жетіспеуі, шаруалардың агротехникалық шараларды толық жүргізе алмауы, судың және сапалы тұқымдардың тапшылығы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермейді. Орташа өнімділік пен мақта бағасының төмендігі шаруаларды қатты қүйзелтіп отыр.

Сенаторлар сондай-ақ, Үкіметтен мақта саласын дамыту туралы арнайы заң әзірлеуді сұрады. Бұдан бөлек, жергілікті әкімдіктерді шаруа қожалықтарынан мақтаны сатып алып, тиісті тұрақтандыру қорларын құруға міндеттеуді ұсынды.

Сонымен бірге, қазақстандық мақтаның сапасын жақсарту және оны әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу және енгізу қажет. Оған жергілікті атқарушы органдар мен мақта өндірушілері тартылуы тиіс.

Үкімет не дейді?

Үкімет сенаторлардың барлық дерлік ұсынысын қабылдамай тастады. Мұны депутаттарға Премьер-министр Олжас Бектеновтің өзі хабарлады.

Біріншіден, оның мәлімдеуінше, мақтаға арналған жеке заң болмайды. Олжас Бектенов 2021 жылға дейін "Мақта саласын дамыту туралы" заң қолданыста болғанын еске салды.

Ол арқылы мақта қолхаттары жүйесін және тиісті механизмдерді шамадан тыс реттеу, соның ішінде кепілзатпен қамтуға қойылатын шектеулер қаржы институттары мен мақта өңдеу кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылдың бұзылуына әкеліп, саланың дамуына кері әсерін тигізіпті.

"Осыған байланысты әкімшілік кедергілерді азайту, инвестициялық ахуалды жақсарту және өңдеу ұйымдарының жұмыс істеу жағдайларын оңайлату мақсатында 2022 жылдан бастап аталған заңның күші жойылды деп тану туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта саланы реттеу "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" заң және басқа да нормативтік құқықтық актілер аясында жүзеге асырылуда. Осыны ескеріп, қазіргі уақытта жеке мамандандырылған заңды қабылдауды орынсыз деп санаймыз", – деді Үкімет басшысы.

Екіншіден, ол жергілікті әкімдіктерге "мақта өнімін сатып алу бойынша тұрақтандыру қорларын құруға қатысты тапсырма" бермейді. Неге? Орынсыз.

"Тұрақтандыру қорларының жұмысы мен саясаты өңірлердің тұтыну нарығында азық-түлік қауіпсіздігін және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Басты міндет – бірінші кезекте қажетті әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары – нан, тұз, ет, май сияқты ӘМАТ өнімдері бағасының өсуіне жедел ден қою және олардың тапшылығына жол бермеу. Мақта өнімі халыққа бірінші кезекте қажетті тауар қатарына жатпайды! Сондықтан оны сатып алу жөніндегі жеке тұрақтандыру қорын құруды орынсыз деп есептейміз", – деді Бектенов.  

Мақта саласын дамытудың жеке бағдарламасы да болмайды. Үкімет қолданыстағы қолдауды жеткілікті санайды.

Бектеновтың түсіндіруінше, отандық кәсіпорындардың өнімдерін сыртқы нарықтарда ілгерілету үшін қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары көзделген, оның ішінде консультация беру, сүйемелдеу, көлік шығындарын өтеу бар.

Осы шараларды іске асыру аясында бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарлануда екен. Атап айтқанда:

  • "Global Textile Turkistan" ЖШС – мақта талшығын, сұр және боялған мата, трикотаж өндірісі, іске қосу 3 мерзімі 2025–2027 жылдар, инвестиция көлемі – 20,7 млрд теңге, 2 мың жұмыс орны құрылмақ.
  • "TST Jetisay Textile" ЖШС иіру, тоқу және тігін фабрикаларын салу жобасы, іске асыру мерзімі – 2025–2027 жылдар, инвестициясы шамамен 41,5 млн доллар, 250 жұмыс орны.
  • Қытайлық "Синьцзянь Лихуа" компаниясымен бірге, "Kazakhstan LIHUA" ЖШС мақтаны өсіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклды жобаны іске асыруды көздеп отыр, 2 мыңнан аса жұмыс орны құрылуы мүмкін.

Мақта саласының тиімділігін арттыру үшін селекциялық бағдарламаларды қаржыландыруды 1,5 миллиардтан 7,5 млрд теңгеге дейін ұлғайту мәселесі пысықталуда.

"Сондай-ақ 9 ғылыми-техникалық жобаны іске асыру, оның ішінде мақта селекциясын және бастапқы тұқым шаруашылығын, жабдықты жаңарту және мамандар даярлау, Түркістан облысында мақта тұқымы зауытын жаңғырту (қуаты – жылына 1,5 мың тонна, 2025 жыл соңында пайдалануға берілуге тиіс) шаралары көзделген. Қабылданып жатқан шаралар инвестициялық қолдауды, кластерлік инфрақұрылым құруды және тұқым шаруашылығын дамытуды қоса алғанда, мақта саласын кешенді дамытуға бағытталған", – деп қайырды Премьер-министр Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу