Мал дәрігерлері айлар бойы жалақысын ала алмай жүр

2651

Қызметтік көлікке жанармай да берілмейді. 

Мал дәрігерлері айлар бойы жалақысын ала алмай жүр Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

Соңғы бірнеше жыл бойы Павлодар облысындағы мал дәрігерлерінің күрмеулі мәселелері шешілмей келеді. Ветеринария саласының қызметкерлері тиісті айлықты уақытылы алмағаны былай тұрсын, қызметтік көлікті өз қаржысы есебінен жөндеп, жанармайды қалтасындағы тиын-тебенге сатып алуға мәжбүр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өткен жылдың басында облыстағы ветеринарлық станция қызметкерлерінің айлығы екі есеге дейін өсті. Мысалы, Павлодар қаласындағы ветеринарлық станция директорының айлығы 130 мың теңгеден 260 мың теңгеге, ветеринарлық пункт меңгерушілерінің жалақысы 107 мыңнан 215 мың теңгеге дейін көбейді. Бұған дейін елдегі ең төмен жалақылардың бірін алып келген аталмыш сала мамандары мұндай жаңалыққа қуанғаны рас. Бірақ араға жарты жыл жетпей қаржылық қиындықтар туындай бастады. Кейін белгілі болғандай, облыстық ветеринария басқармасы жалақы көтеру мәселесін жергілікті экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен, облыстық мәслихатпен келіспеген болып шықты. Соның салдарынан шілде айынан бастап мал дәрігерлері айлықты ала алмай қиналды. Сол тұста Павлодар қалалық ветеринарлық станция директоры Серікбай Құрымбаев қызметкерлер қиындыққа амалсыздан көніп отырғанын айтқан еді.

"Мамандар қызметтік көлікке жанар-жағармайды өз ақшасына сатып алады. Оларды жөндеуге қажет соманы да қалтасынан шығарады. Қаңғыбас иттерді аулау, эпизоотиялық бағыттағы шаруаларды атқарудың орнына мемлекеттік мекемелерге түсініктеме жазып, өтініш берумен жүр. Қазіргі уақытта басқа қызмет орнын табу оңай емес, сондықтан мамандар бұл ауыртпалыққа шыдауға мәжбүр", – деген еді Серікбай Құрымбаев.

Арада айлар өтсе де бұл мәселелер әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Анонимді түрде шағым білдірген бір топ ветеринарлық қызметкерлер жанайқайын әлеуметтік желі арқылы білдірді. Одан басқа амалдары қалмады.

"Біз малдарды вакциналау мен сәйкестендіру бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға тиіспіз. Бірақ ол үшін қызметтік "Нива" көлігін өзіміз жөндеп, өзіміз жанармайын құюымыз керек. Былтырдан бері айлықтың кешіктіріліп немесе мүлде берілмейтіні тағы бар. Еңбек демалысының ақысы, онымен қоса берілуі тиіс емдеу ақысы да төленген жоқ. Сыйақы дегенді мүлде көрмейміз. Енді үндемей қала алмаймыз. Онсыз да ветеринария саласының жағдайы мәз емес. Жастар жұмыс істеуге келмейді. Келген күннің өзінде жалақы төмен әрі уақытылы төленбегендіктен, ұзақ уақыт тұрақтамайды. Көбінесе зейнеткерлер жұмыс істейді. Бұл мәселенің барлығына ветеринария басқармасы не деп жауап берер екен?", – делінген шағымда.

Қызметкерлердің көкейіндегі сауалдарға жауап білмек болып облыстық ветеринария басқармасына хабарластық. Аталмыш ведомство қызметтік көлікті жанар-жағармаймен басқарма емес, ветеринарлық станциялардың өздері қамтуы тиіс екенін алға тартып, жауапкершілік арқалаудан бас тартты.

"2021 жылға дейін ветеринарлық станциялар аудан-қала әкімдіктеріне қарасты болды. Өткен жылы ветеринария басқармасы жеке ведомство болып құрылып, оның өзіндік құрылымы ретінде шаруашылық жүргізу құқығындағы "Қалалар мен аудандардың ветеринарлық станциялары" мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны пайда болды. Қызметтік көліктерді күтіп-ұстау, жөндеу мәселесі осы кәсіпорынның құзыретіндегі мәселе болғандықтан, басқарма бұған жауап бере алмайды", – дейді басқарма басшылығы.

Бірақ жауапты орган өткен жылдың басында жалақының кешіктірілуіне қатысты мәселелердің болғанын жоққа шығарған жоқ. Түйткілдер кейбір ветеринарлық станцияларды қайта тіркеу, қосымша қаржыландыруға байланысты туындаған көрінеді.

"Қазіргі уақытта еңбекақы бойынша қарыз жоқ. Еңбек демалысы мен емдеу ақылары да төленді. Жалпы былтыр қызметкерлердің айлығын көбейту үшін қосымша 390 млн теңгеден астам қаржы бөлінді", – деп есептейді басқармадағылар.

Десе де, әлі күнге дейін кадрлар жетіспеушілігі байқалады. Мәселен, қазіргі таңда ветеринарлық станцияларда 3, ауылдардағы ветеринарлық пункттерде 11 жұмыс орны бос тұр.

Алдағы уақытта мұндай мәселелер туындамас үшін жеке облыстық ветеринарлық станция құрылмақ. Оның құрамында аудан-қалалардағы барлық станциялар кіреді. Яғни қазіргідей жеке станция ретінде жұмыс істемей, бір орталыққа бағынатын болады. Кадрлық қызмет пен бухгалтерия да орталықтандырылған болады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу