banner

Мал ұстайтын отбасылар ауылдан аулақ шығарылуы мүмкін

5725

Үкімет жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) туралы заңнамалық түзетулер топтамасын әзірледі, деп жазады Inbusiness.kz.

Мал ұстайтын отбасылар ауылдан аулақ шығарылуы мүмкін

Еліміздегі көптеген қала орталығында мал ұстауға шектеу қойылғаны мәлім. Егер шаһардағы парктер мен скверлерде, аулалар мен көшелерде төрт түлік жайылып жүрсе, оны полиция "қараусыз мал" деп ұстап алып, арнайы қораға қамайды. Заң бойынша мұндай малдар коммуналдық меншiкке өтуі және жергілікті әкімдік белгiлейтiн тәртiп бойынша пайдаланылуы, мысалы, сойылуы, не сатылуы мүмкін. Бұл жайында бұған дейін жеке жазған болатынбыз.

Болашақта осы тәртіп ауылдарға да тарауы ғажап емес. Себебі ауылдың мал сасып кеткеніне https://inbusiness.kz/kz/news/auyl-mal-sasyp-ketti-auyldyktar-tort-tulikten-nege-teris-ajnaluda қатысты мал ұстамайтын ауылдықтар жиі шағымданатын болған.

Бір сиырға қанша шаршы метрлік баспана керек?

Осы орайда ЖҚШ туралы заң жобасында ауыл ішінде, өз қорасында мал ұстайтын отбасылардың қолындағы үй жануарларының санын қатаң шектеу ұсынылып отыр.

Мамандардың айтуынша, ондай шектеу бұрыннан бар, тек қатаң сақталмайды, әкімдіктер талап қоймайды.

Әйтпесе, Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов болған тұста, 2008 жылы қол қойылған, кейін 2010 жылы өзгеріс енгізілген "Жеке қосалқы шаруашылықтарда елді мекендердің шекаралары шегінде мал ұстау және ауыл шаруашылығы пайдаланымындағы елді мекенді жерлерде малдарды бағу жүктемесінің ветеринарлық нормативтерін бекіту" атты №28 бұйрығы қолданыста.

Құжат ЖҚШ-ларға, ауылдықтарға "елді мекендердің шекаралары шегінде мал ұстаудың ветеринарлық нормативтерін", яғни "әрбір үй жануарларының түрлері бойынша 1 басқа керекті тұрақ көлемін" бекітті. Оған сәйкес, елді мекен шегінде 1 сиыр ұстау үшін 35,8, оның бір бұзауына – 7,6 шаршы метр қажет. 1 биеге одан да үлкен қора (38,4 шаршы метр, құлынына – 14,4 ш.м.) керек болады. 11,6 ш.м.-да тек бір аналық қой не ешкі ұстауға рұқсат. Ол қоздаса не лақтаса әрбір төліне қосымша 3,05 шаршы метрден орынжай талап етіледі. Шошқаға 24,2, әр торайына – 1,9 ш.м. болуға тиіс. Тауыққа – 1,7, әрбір қазға – 2,8, үйрекке – 2,7 шаршы метрден орын сайлауы шарт. Құжатта тек түйеге ғана шектеу енгізілмеген.

Әрине, бұл нормативтердің қабылданғанына он үш жыл толса да, оны орындауға әкімдер асықпайды. Ірі қара да, ұсақ мал да иін тіресе тұрады, сығылысып ұйықтайды, сонда қытымыр қыста қора жылы болады. Олай болмаса, жылыту жүйесі жоқ қорада 35 метр алаңда жалғыз қалған сиыр үскірік аяздан қатып қалар еді. Демек әлгі талап тек климаты жылы жерлерге ғана жарайтын болса керек.

Мал ұстаушыны ауылдан аластаған дұрыс па?

Қалай болғанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі ЖҚШ туралы жаңа заң жобасында әрбір қорадағы мал санын шектеуді қарастыруда. Бірақ сарапшылар одан аяқ тартуға кеңес береді. Олар бұл қадамның "ықтимал теріс салдарлары" барына назар аудартты. Мұны ішкі-сыртқы зәлім күштер халықты билікке қарсы көтеру үшін пайдаланып кетуі, ауылдықтарды арандатуы мүмкін екен.

"Заң жобасында ветеринариялық заңнама талаптарына сәйкес әрбір ауладағы мал санын реттеу нормасын енгізу көзделеді. Бұл халықтың белгілі бір бөлігінің наразылығын тудыруы және мұны оппозициялық көзқарас пен көңіл-күйдегі тұлғалар қолдап, ары қарай қыздыруы мүмкін. Проблеманы шешудің баламалы нұсқасы бар: ЖҚШ-ларды ынталандырып, оларды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер санатына айналдыру және елді мекеннен тыс жерлерге шығару", – делінген заң жобасына консультациялық құжатта.

Дегенмен мұндай тәсілді АШМ құптамайды.

"Біріншіден, ЖҚШ-ның басым көпшілігінің шаруа қожалығы немесе заңды тұлға ретінде шаруашылығын өз бетінше жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Салдарынан, бұл нұсқа табысты арттыруға, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге лайықты ықпал етпейді. Екіншіден, мұндай шара бюджет үшін аса шығынды болады. Себебі мал ұстау үшін ауылдан тыс жерлерге жаппай шығатын әрбір отбасы үшін өндірістік инфрақұрылым құру қажет", – деп дәйектеді АШМ.

Бірнеше миллион адамды жайылымға көшіру үшін оларға жер телімін беру, ауыз сумен қамту, жүздеген мың жаңа баспана тұрғызу және басқа жаңа түйткілдерді шешу қажет болады.

Заң жобасының Парламент қарайтын соңғы нұсқасына осы екі тәсілдің (не ауыл ішіндегі мал санын қатаң шектеу, не мал ұстайтын ауылдықтарды ауыл ішінен далаға көшіру) қайсысының кіретіні кейінірек белгілі болар.

Билік ауылдықтарға жарна төлеттіруге ынтық.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал ұстайтын ауылдықтардың (ЖШҚ) қызметін реттейтін жеке заң керек деген берік ұстанымда. Өйткені қазірдің өзінде бұлар – үлкен күшке айналған.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 1 млн 636,2 мың ЖҚШ бар. 2020 жылдың қорытындысында олар жалпы сомасы 2,6 триллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірді. Осылайша, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты.

Жасыратыны жоқ, Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығының үлкен бөлігін бақыламайды. Ұлттық статистика бойынша, қазіргі уақытта саланың жалпы өнімінің 41,5%-ы ЖҚШ үлесіне тиесілі! Ал егер ЖҚШ туралы заң қабылданса, уәкілетті меморган бұл саланы да реттейтін болады.

Бұған қоса 3,5 миллионнан астам ауыл тұрғыны жеке қосалқы шаруашылықтарда жұмыс істейді екен, сол арқылы олар өз бетінше нәпақасын тауып отыр. Демек бұл миллиондар министрліктен тәуелсіз. Шенеуніктер керісінше, оларға кедергі келтіреді, мал жаятын жайлаудан, жемазық дайындайтын шабындықтан айырады. Шөпті өз бетінше даярлауға мүмкіндік қалдырмай, оны алыпсатарлардан бірнеше есе қымбатқа сатып алуға мәжбүрлейді.

Биыл спекулянттар 1 тонна шөпті 25 мың теңгеден саудалауда. Бұл ауылдықтардың біразын қолындағы малынан бас тартып, жаппай союына соқтырғаны құпия емес.

Мал ұстайтын ағайынның ахуалы ауыр екенін АШМ де жасырмайды.

"Қазақстанда ЖҚШ-ларға өндірістің заманауи әдістері қолжетімді емес. Олардың орасан зор биологиялық активі технологиялық процестерге тартылмаған және олардың әлеуеті толық жүзеге асырылмайды. Олар мемлекеттік қолдау көрмейді. Салдарынан, азық-түлік тауарларының ішкі нарығында ұйымдасқан шаруашылықтармен тең емес бәсекеге түсуге мәжбүр. Ауылдар айналасында жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі және олардың деградациялануы бүгінде тіпті қазақстандықтардың саяси ең пассивті және консервативті бөлігі арасында да протесттік электорат санының күрт артуына себепкер болды. Мұны оппозициялық ұстанымдағы деструктивті элементтер жиі пайдалануда", – деген түсініктеме берілген АШМ-нің талдауында.

Жығылғанға жұдырық дегендей, Қазақстанда қолайсыз экологиялық жағдай қалыптасты, қуаңшылық жайлады. Елді мекендерде және айналасында күрделі эпизоотиялық және санитариялық жағдай туындаған. Бұған теңгенің тоқтаусыз құнсыздануы, тұтынушылар тұрмысының төмендеуі, экономикалық дағдарыс қосылуда.

Осы салада мемлекеттік реттеу енгізілсе, мал ұстайтын азаматтар кәсіпкер ретінде рәсімделуі ықтимал. Сонда бұл отбасылардың мүшелері БЖЗҚ, МӘСҚ және МӘМС-ке жарна аудара бастайды. Билік осы арқылы "олардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттырмақ".

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу