Малға қатысты маңызды жаңалық жарияланды

3060

Қазақстан Орталық және Шығыс Азиядағы аусыл ауруынан таза жалғыз ел атанды.  

Малға қатысты маңызды жаңалық жарияланды Фото: elordainfo.kz

Осыны куәландыратын ресми сертификат таяуда Парижде өткен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДҰ) 93-ші Бас сессиясы барысында қазақстандық делегацияға табыс етілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осы ұйымға мүше 183 елдің делегациялары вакцинациялау жүргізетіні және бұл мал індетін құрықтай алғаны үшін Қазақстанға "Аусыл ауруынан ада аймақ" мәртебесін беру туралы шешімді бірауыздан қабылдады. Осылайша, Қазақстан өз етін әлемнің кез келген нарығында еркін саудалай алуға қол жеткізіп отыр.

Бұл жетістіктің арқасында бүгінде Қазақстанның бүкіл аумағы халықаралық деңгейде танылған, вакцинациялау жүргізілетін аусылдан аман аймақтармен қамтылып отыр. Қазақстан Орталық және Шығыс Азияда мұндай мәртебеге ие болған жалғыз мемлекет атанды. Тиісінше, бұл аймақтардың басқа мемлекеттері жаһандық нарыққа еркін шыға алмайды.

"Бұл ветеринариялық қауіпсіздік, елдің биологиялық қорғанысын арттыру және агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін дамыту саласындағы маңызды нәтиже болып отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық қауіпсіздікті одан әрі нығайту, экспорт географиясын кеңейту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмысты жалғастырады", – деп атап өтті АШМ.

Министрлік 2025 жылдан бері Қазақстанның жануарлардың бірқатар ауруларынан, соның ішінде аусыл, жоғары патогенді құс тұмауынан, шошқаның африкалық обасынан, шошқаның классикалық обасынан және жылқының африкалық обасынан ада ел мәртебесін қалпына келтіру және халықаралық деңгейде таныту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілгенін мәлімдеді.

АШМ нақтылағандай, қол жеткізілген нәтижелер отандық өнімнің экспорттық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуге және жаңа шетелдік нарықтарды ашуға мүмкіндік берді.

"Мәселен, Қытай сойылған ірі қара малды, ІҚМ терісі мен құс етін жеткізу үшін өз нарығын бізге ашты. Әзербайжан түйелерді, ІҚМ және ұсақ мүйізді мал етін, құс етін, сүт өнімдерін, бал мен балықты импорттауға рұқсат берді. Моңғолия тірі қой мен ешкі үшін нарығын ашты. Ирак союға арналған ІҚМ пен ұсақ мал жеткізілімін мақұлдады", – деп тізбеледі министрліктегілер.

Бұған қоса, Қазақстанға Грузия сойылған ІҚМ, сондай-ақ союға және өсіруге (пайдалануға) арналған тірі қой мен ешкінің импортына рұқсат етті. Иран тұяқты жануарлардың терісі мен жүні үшін нарығын ашса, Еуропалық Одақ елдері қазақстандық балға құшағын жайып отыр.

Өңірлер арасында мал тасымалдауға шектеу қойылды

Бірақ бұл тоқмейілсіп, тоқтап қалуға негіз емес екен. Қайта жыл басынан бері мемлекет мал індетіне қарсы күресті күшейтті. Өйткені таяуда ғана Қазақстанға жануарлар аурулары ошақтарының пайда болу қаупі төнген болатын.

Айналадағы біраз елде мал ауруларына қатысты ахуал ушықты. Содан қазақстандық кәсіби қоғамдастық тарапынан ауыл шаруашылығы жануарларының және ақбөкендердің аусыл жұқтырғаны туралы болжамдар айтыла бастады. Сарапшылар далада өлі табылған жануарлардың сыйқына қарап, осындай байламға келген екен.

Алайда зерттеулер жүргізген Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл тұжырымдарды растамады. Сонымен бірге, жыл басынан бері елде алдын алу шаралары күшейтіліп, соның ішінде өңірлер арасында жануарлардың қозғалысына шектеулер енгізілгені белгілі болды. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі растады.

Ауыл шаруашылығы жануарларын облыстар немесе аудандар арасында тасымалдау үшін ресми ережелерді сақтау қажет:

- Электронды ветеринариялық анықтамалар талап етіледі: тасымалдау қатаң бақыланады. Әрбір жануар базада тіркелуі, сырғасы, чипі және ілеспе құжаттары болуы шарт.
- Маршруттық парақтар тексеріледі: малдың қай фермадан не ауылдан алынғанын көрсетіп, жүру маршрутын аумақтық инспекциялармен міндетті түрде келісу талап етіледі.
- Жануарлардың ақпараттық жүйесі арқылы қадағалау: барлық қозғалыстар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің (сәйкестендірудің) ақпараттық жүйесінде тіркеледі.

Тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін (құжатсыз тасымалдау) ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша айыппұл салынып, тіпті мал тәркіленіп, жойылуы мүмкін.

Қазақстанның бұлайша қатаң шараларға баруының жөні бар. Жыл басынан бері іргедегі Ресейдің бірнеше өңірінде құтыру және пастереллез аурулары таралды. Шығыс көршіміз Қытайда аусыл ауруының өршуі тіркелді.

Қазақстанда жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін шекараларда ветеринариялық бақылау күшейтілді. Соның ішінде Ресейден мал шаруашылығы өнімдерін, тірі малды, етін, тіпті мал азығын әкелуге толық тыйым салынды.

"РФ аумағындағы эпизоотиялық жағдайға байланысты, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 13 қаңтар мен 24 ақпан аралығында РФ өңірлері бойынша тірі жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдерді әкелуге және транзитіне толық тыйым салуға дейін кезең-кезеңімен шектеулер енгізді. Осындай шаралар бұған дейін бірқатар елдерге, соның ішінде Қытайға, Әзербайжанға және Қырғызстанға қатысты қабылданған болатын", – деп еске салды Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары.

Қазақстанда жақында ғана ауыл шаруашылығы жануарларын аусылға қарсы жаппай вакцинациялау аяқталды, бұл ретте "QazBioPharm" холдингі және ресейлік "Жануарлар денсаулығын қорғау федералдық орталығы" мемлекеттік мекемесі бірлесіп өндірген өзекті штаммдары бар вакциналар қолданылыпты.

Бұдан бөлек, сарапшыларды шошынтқан ауру ақбөкендерден алынған сынама материалдарды зерттеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы киіктер популяциясының саны 1 миллион бастан асады. 17–19 сәуір аралығында өңірде Казталов, Жәнібек және Бөкейорда аудандарының аумағында мекендейтін ақбөкендер популяциясына ішінара клиникалық тексеру жүргізілді.

"Тексеру барысында кейбір киіктерден ауырғандық, сылбырлық белгілері анықталды. Клиникалық тексеру кезінде эктопаразиттік инвазияның жоғары дәрежесі тіркелді: жануарлар бойынан көптеген иксод кенелері табылды. Бұл ретте аусылға тән патологиялық өзгерістер анықталған жоқ. Іріктеп алынған биологиялық сынамалар әрі қарай зерттеу үшін зертханаға жіберілді", – деп түсіндірді АШМ.

Қырылған жануарларды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің қызметкерлері Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп жойды.

"Осылайша, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аусыл ауруының нышандары табылған жоқ. Ағымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында аусыл ауруы оқиғалары тіркелмеген деп саналады. Эпизоотиялық жағдай ветеринариялық қызметтің бақылауында", – деп қорытты Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу