Aljazeera басылымының жазуынша, Малидің мыңдаған тұрғыны бұрын-соңды болмаған зорлық-зомбылықтан әбден қажып, көрші Мавританияға қашып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бейбіт тұрғындар жаппай жазалау, азаптау мен тонау деректері толастамай тұрғанына дабыл қаққан. Құқық қорғаушылар әрі әскер, әрі қарулы топтар ұжымдық жазалау тактикасын қолданып жатқанын мәлімдеген. Осылайша қарапайым халықтың тұрмысы адам төзгісіз деңгейге жетіп отыр. Өткен айда халықаралық ұйымдар Африка одағының сотына талап-арыз жолдап, "Мали билігі мен олардың одақтастарын адам құқықтарын өрескел бұзды" деп айыптаған еді.
Өңірдегі жағдай соңғы 3 жылда тіпті күрделене түсті деуге болады. Мысалы, 2023 жылдың соңынан бері Мавританияға 100 мыңнан аса адам бас сауғалаған. Босқындардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Олар негізгі ресурстарға қол жеткізе алмай жүр.
Сондай-ақ, босқындар лагерлерінің инфрақұрылымы шамадан тыс жүктелсе, халықаралық донорлар көмегі де айтарлықтай қысқарып келеді.