Мұғалімдерге – 61,8 млрд теңге

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5954

Ел үкіметі Шығыс Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлмек.

Мұғалімдерге – 61,8 млрд теңге

Қазақстан үкіметі 2018 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму және бюджет параметрлерінің болжамын мақұлдады. Бұл туралы баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, жалпы ішкі өнімнің биылғы болжамы 57,2 трлн теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылдың тамыз айында мақұлданған болжамнан 1,3 трлн теңгеге артық екен. Ал 2017 жылы жалпы ішкі өнімнің болжамы 52,4 трлн теңгені құраған еді.

"2018 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,8% деңгейінде болады деп күтілуде. Ал бұған дейін 3,1% болады деп болжанған еді. Жалпы жағдайды зерделей келе, болжам жақсартылды. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9 200 долларға дейін ұлғаяды", – деді Тимур Сүлейменов үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, осы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы экономиканың өсімі 4%-ды құрады. 2018 жылы мұнайдың болжамды бағасы бір барреліне 45 доллардан 55 долларға дейін ұлғайды. Металдардың баға индексі 0,4%-ға артқан.

Ал энергетика министрлігінің болжамына сүйенсек, 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрамақ. Мұнайдың әлемдік бағасының ұлғаюын және экономиканың өсімін ескере отырып, экспорт 54 млрд долларға дейін, ал импорт 34 млрд долларға дейін артады деп күтілуде. Инфляция бұған дейін бекітілген 5-7% шегінде сақталуға тиіс.

"Трансферттерді есепке алмағандағы кірістер 2018 жылы 5,7 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр. Бұл бекітілген жоспардан 190 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжамы 546 млрд теңгеге ұлғайып, 2,6 трлн теңгені құрамақ", – деді Тимур Сүлейменов.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстырды.

Министрдің мәлімдеуінше, ел бюджетінің түсімдері 181,4 млрд теңгеге ұлғайтылып, 8 трлн 759,7 млрд теңгені құраған. Бұл негізінен мұнай бағасы мен өндіру көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілмек.

"2018 жылғы республикалық бюджеттің шығыстары 417 млрд теңгеге ұлғайып, 9 трлн 643 млрд теңгені құрады. Бұл қаржының 292,5 млрд теңгесі мемлекет басшысының соңғы екі жолдауын іске асыруға бағытталады", – деді қаржы министрі.

Бұдан бөлек, мұғалімдердің жалақысын 30%-дан 50%-ға көтеру үшін 61,8 млрд теңге бөлінеді. Білім беру тапсырысын 20 мың грантқа ұлғайтуға 5 млрд теңге бөлу ұсынылған. Мүгедектер күтімімен айналысатын адамдарға жаңа жәрдемақы тағайындауға 2,7 млрд теңге, ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге қосымша 30,9 млрд теңге бағытталмақ.

"Сонымен қатар, бюджет жобасында президенттің тапсырмалары мен бұрын қабылданған міндеттемелер бойынша жалпы сомасы 99,4 млрд теңгені құрайтын шығыстар ескерілді. Аталған қаражатқа Астана (25 млрд теңге) және Алматы (10,7 млрд теңге) қалаларын одан әрі дамыту, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету (18,7 млрд тенге) бойынша іс-шаралар мен жобалар қаржыландырылады", – деді Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ, үкімет отырысында білім беру мен ғылымды дамытудың 2017 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасының қорытындысы жарияланды.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, былтыр 64,4 мың орындық 849 мектепке дейінгі мекеме ашылған. Оның 717-сі – жеке меншік ұйымдар. Осының нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақша кезегі өткен жылмен салыстырғанда 25,3%-ға қысқарды. Соған қарамастан әлі 125,2 мың сәби кезекте тұр.

"Орта білім беру саласында жаңартылған білім мазмұнына көшу жалғасуда. 2017–2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңа жүйеге көшірілді. 5 күндік оқу аптасы енгізілді. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда жаратылыстану бағытының "Физика", "Химия", "Биология", "Информатика" пәндерін ағылшын тілінде оқытуға даярлық жүргізілуде", – деді Ерлан Сағадиев.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, мемлекеттік бағдарламаның 8 мақсатты индикаторының 7-і орындалған. Былтыр жоспарланған 166 шараның 161-і іске асырылыпты.

"Білім беру саласына салынған инвестициялар 23%-ға өсті. Инвестициялардың жалпы көлемі 265 млрд теңгені құрады. Мұндай өсімге мемлекеттік жеке меншік әріптестік жобаларын табысты іске асыру ықпал етті. 2017 жылы бұл бағытта 31,2 млрд теңгенің 101 жобасына келісім жасалды. Ал 2015-2016 жылдары аталған бағыт бойынша небары 4,3 млрд теңгеге 8 келісім жасалған еді", – деді Тимур Сүлейменов.

Жиын соңында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлуді тапсырды.

Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың дерегінше, жалпы республика бойынша 50 елді мекендегі 1500-ден астам үйді су басқан. 3800-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде 1100 үйдің суы сорылып, 2700-ден астам адам өз үйлеріне оралды.

Бүгінде Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны қауіпі бар. Аталған облыстарда алдын ала ескерту жарияланды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу