Мәміле бір, мақсат басқа...

1109

9 қараша күні Ресей Президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келеді.

Мәміле бір, мақсат басқа... Фото: inbusiness.kz

Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметте "сапар барысында екі ел басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылайды деп жоспарланғаны" көрсетілген. Бұл бізге берілген ресми ақпарат.

Ал Ресей басшысының елімізге сапарында көздегені не? inbusiness.kz сайтының тілшісі осыған қатысты сарапшылардың пікірін білді.

Алдымен екіжақты қарым-қатынастың саяси астарына зер салайық. 

"Әлем саяси бағытта екіге бөлінген. Ол бұрыннан бар. Бұл диалектиканың, философияның заңы шығар. Батыс пен шығыс, мұсылмандар мен христиандар, демократиялық және авторитарлық елдер деген сияқты. Бұл бөлініс соңғы уақытта өте жоғары деңгейге жетті. Путиннің Қазақстанға келу мақсаты біреу-ақ. Осының алдында ғана АҚШ, Германия болсын, Еуроодақ – бәрі "бейтарап" болып келе жатқан Орталық Азия елдеріне ықпал ете бастады. Олардың мақсаты таза бейтарап қылу немесе өздері жағына тартып алу. Макронның мәселесі де сол. Байденнің Орталық Азияның бес мемлекет басшыларымен кездесуі осыны көздеді", деді саясаттанушы Дос Көшім.

Оның айтуынша, Владимир Путин Қазақстанға өзінің бағытын ұсынады.

"Ол қандай бағытта екені белгілі. Менің ойымша, бұл да белгілі бір саяси сауданың бағыты. Бізді екі жақтан көкпар сияқты тартып жатыр. Бір жағынан Батыс, екінші жағынан Путин де кірісті. Сондықтан біз бір-ақ нәрсе күтеміз. Путин сол мақсатын қандай жолдармен жүзеге асырады және Қазақстан оған қандай жауап береді деген", деп нақтылады сарапшы.

Осы тұста Дос Көшімнен Эмманюэль Макронның елімізге жасаған сапары Кремльді қаншалықты алаңдатқанын да сұрадық. Ол Франция басшысының ресми сапары Батыстың Қазақстанды, Орталық Азияны өзіне тарту үшін жоспарлы түрде жүріп жатқан мақсаттың бағыты екенін баса айтты.

"Иә, оның экономикалық жағы да бар, уран алу, шикізат мәселесі дегендей. Бірақ негізгі бағыты бір-ақ нәрсе – Ресейден Орталық Азия елдерін аулақ ұстатуға бағытталған деп ойлаймын. Десек те, Макронның келгеніне Кремль қорқа қоймайды. Себебі Франция аз да болса екіжақты ойын ойнап отыр. Ресейге толық қарсы болып, белсенді түрде шығып жатқан жоқ. Бұлар әр уақытта екі түрлі ойын ойнайды. Егер АҚШ пен Германия өздерінің көзқарасын тікелей ашық көрсетіп әрі Украинаға көмекті өз мойнына алып жатса, Франция әлі ондай деңгейге жете қойған жоқ. Сондықтан Макронның сапары Кремльді онша алаңдатпайтын сияқты. Тек бұл Батыстың Орталық Азия елдерін өздеріне бұрып алу бағытындағы жай ғана сапарының біреуі болса керек", деп атап өтті ол.

Дос Көшім Ресейдің Орталық Азиядағы да позициясына тоқталып өтті.

"Шындығында, олар (авт. – Ресей) бізді уысына қатты ұстап отыр деп айта алмас едім. Орталық Азия елдері басшыларының өзі Ресейге жақын болғысы келеді. Себебі бәрі бір жерде өмір сүрді, бір идеологияда болды", деді ол.

Қазақстанның көпвекторлы саясаты туралы көп айтылады. Қазіргі геосаяси ахуал шиеленіскен шақта еліміз бұл ұстанымды әрі қарай жалғастыра ала ма деген заңды сұрақ туындайды.

"Меніңше, көпвекторлы саясатты Қазақстан одан сайын ұстауға тырысады. Бірақ қанша ұстаса да, белгілі бір деңгейге дейін жетеді де, не оңға, не солға шығуымызға тура келеді. Көпвекторлы саясатты жалғастыратынымыз анық", деді Дос Көшім.

Сарапшы санкция астында қалған Ресеймен өзара қарым-қатынастан қандай да бір қауіп-қатер болуы мүмкін бе деген мәселеге тоқталды.

"Бар. Бұл меніңше тікелей Украинадағы соғысқа байланысты. Бұған ешкім шүбә келтірмейді. Қауіп-қатер өте күшті. Ресей санкция астында қалғанмен де, жыланды үш кессең де, кесірткелік қауқары бар дейді. Оның қазіргі кездегі күші, деңгейі бұрынғыға қарағанда аздап түскенімен, экономикалық даму жағынан Қазақстаннан артық. Сондықтан ең басты қауіп-қатер Украинадан кейін барып Ресей өзінің ұлы державалық, империялық саяси бағытын қай жаққа бұрады? Өз басым біздің елге үлкен қауіп келеді деген ойдамын", деп топшылады саясаттанушы Дос Көшім.

Сыртқы факторларға қарамастан, Ресей мен Қазақстан арасындағы алыс-беріс қарқын алған. Мұны статистикалық деректер де растап отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы сегіз айында екі елдің өзара тауар айналымы 17 миллиард долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 1,1 пайызға көп.

Ресей басшысының елімізге сапарының экономикалық салдары туралы сарапшы Сапарбай Жобаевтан сұрадық.

"Ресей мен Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында бір одаққа кіреді. Сондықтан біздегі әріптестік, сауда-саттық, инвестициялық, басқа да мәдени жағынан бір-біріне байланған мемлекеттерміз. Екіжақты кең әріптестікті одан әрі дамыту мәселесін шешу үшін екі ел басшылары бір-біріне ресми болсын, бейресми болсын барып тұрады. Ресей басшысының Қазақстанға келуіне келсек, дипломатиялық жоспар бойынша оның уақыты келіп тұр", деді экономист.

Сарапшының сөзінше, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты біржақты талдауға болмайды.

"Жалпы Қазақстан экспортындағы өңделген өнімдердің негізгі импорттаушысы Ресей. Себебі дайын өнімді Қытай немесе Еуропа елдері бізден сатып алмайды", деді спикер.

Сапарбай Жобаев Ресейдің Орталық Азия елдерімен байланысын нығайту ниеті бар екенін жеткізді.

Айта кету керек, осыған дейін Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапармен келетінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу